Білім

«ZIYATKER» ОРТАЛЫҒЫ ЗИЯТКЕР ОҚУШЫЛАР ДАЙЫНДАЙДЫ

«ZIYATKER» ОРТАЛЫҒЫ ЗИЯТКЕР ОҚУШЫЛАР ДАЙЫНДАЙДЫ

Қазіргі таңда ата-аналар балаларын Назарбаев зияткерлік мектебі, «Дарын» мектеп-интернаты секілді маңдайалды білім ұяларына түсіру үшін қосымша білім беру орталықтарының көмегіне жүгінеді. Өйткені қосымша даярлықсыз элиталық санаттағы білім ошағына түсу мүмкіндіктері жылдан-жылға азайып барады. Ал бүгінде сапалы білім беретін әрі бағасы қолжетімді репетиторлық орталық табу қиынның қиыны. Осы орайда қаладағы «Ziyatker» оқыту орталығы сол маңызды мiндеттерді абыроймен атқаруға күш сaлып кeледі.

Осыдан 3 жыл бұрын ашылған орталықта бүгінге дейін мыңға жуық бала білім алып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, алғаш ашылған жылы 13 бала Назарбаев зияткерлік мектебіне еш қиындықсыз түсіпті. Ал биыл аталған мектепке 45 оқушы қабылданып, рекорд жаңартып отыр. Орталыққа 5-6-сынып оқушылары үшін республикалық физика-математика мектебіне, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-инновация» лицейі, «Дарын» мектеп-интернаты, ІТ лицей-интернаты, үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепке оқуға түсу үшін, ал 10-11 сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындалу мақсатында оқиды. «Ziyatker» оқыту орталығының негізін қалаушы әрі орталықтың математика, логика, сандық сипаттама пәнінің мұғалімі Бауыржан Кеңесовтің айтуынша, мұнда ата-аналар балаларын жоғарыда аталған білім ошақтарына түсіру үшін ғана емес, білім деңгейін көтеру үшін де әкеледі екен. Мақаланы жазу барысында оқу орталығын зерттеп, біраз ата-анадан «Ziyatker» орталығы жайлы аз-кем сұрап көрген болатынбыз. Сонда орталықтың беретін білімі жоғары әрі сапалы екенін, орталық басшысы Бауыржан Бақытжанұлының білім беру қағидасы ерекше екенін білдік. Сарысу ауданының тумасы Бауыржан Кеңесов Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. Университетте білім алып жүрген кезінде талай олимпиадаларға қатысып, белсенділік танытып жүрген азамат дипломын қолға алғаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан шет қалған емес. Облыстағы үздік мектептің бірінде оқытушы бола жүріп, түрлі оқыту орталығында математика, логика пәндерінен сабақ береді. «Ziyatker» білім беру орталығын ашуына да осы орталықтардан жинақтаған тәжірибесі негіз болады. – Орталықты ашуыма бір жағынан өзім сабақ берген оқушылардың ата-аналарының ұсынысы себеп болды. Орталықта қазір 150-ге жуық оқушы білім алады. Олардың барлығы деңгейіне қарай топпен оқиды. Біздің мұғалімдеріміз өте білікті, білімді мамандар. Ұстаздарды мықты мектептерден іріктеп аламыз. Категориялары бар, тәжірибелі ұстаздарды қабылдаймыз. Қазіргі таңда орталықтың директоры, орынбасарынан бөлек 20-ға жуық ұстазымыз бар. Мұнда математика, сандық сипаттама, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, логика, Қазақстан тарихы, жаратылыстану сабақтары басты пәндер болып есептеледі. Біз авторлық онлайн сабақтарымызға қарапайым әдіс-тәсілдерді енгізіп отырамыз. Сондай-ақ олар үнемі қорытынды тест тапсырып отырады. Бір қуантарлығы, баласының біліміне инвестиция құятын ата-аналардың қатары көбейіп келе жатыр. Біз оқушыларға мотивация беру мақсатында түрлі оқу жеңілдіктерін тағайындаймыз. Оның өзі бірнешеге бөлінеді. Біріншісі, оқу барысында ең жоғары ұпай алғандарға 50 пайыздық, 30 пайыздық жеңілдіктерді береміз. Егер білімгердің деңгейі ай сайын өсіп отырса, тіпті 100 пайызға дейін жеңілдіктер жасаймыз, – дейді Бауыржан Бақытжанұлы. Орталық басшысының айтуынша, «Ziyatker»-де білім алу үшін айтарлықтай талаптар жоқ. Тек уақытында келіп, айтылған тапсырмаларды мұқият орындап тұрса болды. – Оқушылардың деңгейі мен сабақты қабылдауы әртүрлі болып келеді. Бір бала тілге жақын болса, бірі математикадан үздік болуы мүмкін. Немесе бір оқушы 1 айда нәтиже көрсетсе, келесісі 4-5 айда өзін-өзі дәлелдеуі мүмкін. Егер бала жақсы оқып келе жатып, деңгейі түссе алдымен ескертулер жасалады, оған құлақ аспаған жағдайда төмен деңгейге ауыстырылады. Және ол ата-анасына міндетті түрде ескертіледі. Мәселен, сіз балаңызды әкелгенде алдымен жоғары деңгейде болса, сіз балаңызды мықты оқиды деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ анығында оның деңгейі төмендеу болса, жыл аяғында түсініспеушілікке әкеліп соғады. Сондықтан ашық болғанымыз дұрыс. Ата-ана баласының білімі жоғарылап, төмендегенін бақылап отыра алады. Себебі бір жыл бойы төлеген ақысы желге ұшпауы керек. Оқушы орталықтың табалдырығын аттаған соң бірден үй жұмысы сұралады. Егер орындалмаған болса, ата-анасына ескертіледі. Әрбір топтың кураторы болады. Бірді-екілі ескертуге көз жұма қарап, егер ескертулері көп болса, бірден шығарып жібереміз. Себебі ол топтағы басқа балаларға да әсер етуі мүмкін. Әрине, басында үйренуге мүмкіндік беріледі. Тек сабақты ғана емес, тәрбиені қоса алып жүреміз. Оқу оңай емес. Мәселен, сандық сипаттама деген сабақта 30 секундта 1 есеп шығару керек. 30 минутта 60 есеп шығару керек болады. Оны шығару үшін әжептәуір дайындық керек. Ол деңгейге жету үшін біраз еңбек керек. Кейбір оқушылар жарты жолда шаршайды. Егер кім соңына дейін оқиды, сол нәтижеге жетеді, – дейді ұстаз. Орталыққа келіп білім алып, деңгейін жетілдіремін деген балалар көп. Алайда оқу ғимаратының тарлығына байланысты биылдың өзінде 250-ге жуық бала қабылданбай, қайтарылған. – Мұның алдында бір жағында терезесі жоқ жерде оқытқан болатынбыз. Бірақ ата-аналарға рақмет. Барынша түсіністік танытып, балаларын тапсырды. Жалпы білім аламын деген бала үшін оқитын жерің маңызды емес деп ойлаймын. Дегенмен қазіргі таңда үлкенірек нысан қарастырудамыз. Себебі сабақ ақылы болғандықтан жағдай жасауымыз керек. Алдағы уақытта мектеп ашамыз деген де жоспар бар. Дегенмен алдымен бұл салада біраз тәжірибе жинау керекпіз, – дейді Бауыржан Кеңесов. Жасөскіннің білім деңгейін көтеріп, өзін үздіксіз шыңдай түсуі үшін осындай оқыту орталықтары көптеп ашылуы керек. Сонымен бірге Бауыржан Бақытжанұлы секілді болашаққа сеніммен қарайтын, өзімен қатар, көпшілікке де пайдасын тигізіп жүрер азаматтар көп болса дейміз.

Айжан ӨЗБЕКОВА