Жастар

ЖАСТАР ҚОЛДАУСЫЗ ДА, ҚОРҒАУСЫЗ ДА ҚАЛМАЙДЫ

ЖАСТАР ҚОЛДАУСЫЗ ДА, ҚОРҒАУСЫЗ ДА ҚАЛМАЙДЫ

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында «Жастардың құқықтық сауаттылығын және жастардың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыру бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. 

Отырыста жастардың құқықтық мәдениетін көтеру, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулу, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, құқықбұзушылықтардың алдын алу сынды мәселелер қаралды. Жалпы жыл басынан бері жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында Тараз, Шу қаласы мен аудан орталықтарында жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен «Құқықтық» бағыт аясында 332 іс-шара өткізілген. Сондай ақ ресурстық орталық және полиция қызметкерлері бірлесе арнайы рейдтік іс-шаралар және түсіндірме жұмыстарын жүргізген. – Басқарманың «Қоғам сақшысы» жобасы аясында ғимараттардың қабырғаларындағы синтетикалық есірткі заттарын жарнамалайтын граффити жазуларды жою бойынша жұмыстар да назардан тыс қалған емес. Атап айтқанда, ықшамаудандардағы үйлердің қабырғаларынан және мектеп, балабақша қоршауларындағы есірткі заттарды жарнамалайтын кодтық сөздер мен байланыс нөмірлері бар граффити жазулар анықталып, өшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар аталған граффити жазуларды жазған азаматтарды анықтау мақсатында жақын маңдағы бейнебақылау камералары арқылы және кодтық сөздер көрсетілген «Telegram» каналы арқылы құқық бұзушыларды анықтау үшін басқарма тарапынан облыстық полиция департаментіне хат жолданды. Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, өңірімізде анықталған NEET санатындағы 36 987 уақытша бос жүрген жастың әлеуметтік мәртебесін анықтау мақсатында адрестік талдау жұмыстары жүргізіліп, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде өзектендірілді. Жүргізілген адрестік талдау жұмыстарының нәтижесінде облысымызда уақытша бос жүрген NEET санатындағы 5 818 жас анықталды. Бүгінгі күні уақытша бос жүрген жастардың санын азайту мақсатында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына және әртүрлі деңгейде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік іс-шараларға тартылуда, – деді облыс әкімідігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар. Бұдан бөлек басқарманың 2023 жылға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» бойынша салааралық жоспары әзірленіп, бекітіліпті. Аталған жоспар бойынша түрлі тақырыптарда «дөңгелек үстел» отырыстары, кездесу, семинар-тренинг, акция және тағы да басқа форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылған. Сонымен қатар жыл басынан бері Тараз, Шу қаласы мен аудандық жастар ресурстық орталықтары тарапынан «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» бағыты аясында 178 іс-шара өткізілген.

Шапағат ӘБДІР