«ТАРАЗ» ТУРНИР КЕСТЕСІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ
«ТАРАЗ» ТУРНИР КЕСТЕСІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ
Жалпы, «Таразды» турнир кестесінің көш басынан көрмегенімізге де көп жылдың жүзі болған. Өткен жылы маусымды тәп-тәуір бастап, тіпті үздік үштіктің қатарына енгенімен, кейін көз тиді ме, сөз тиді ме, әйтеуір сәтсіздікке ұрына берді. Нәтижесінде маусымды оныншы орында аяқтады. Ал биыл ертеректе «Тараз» намысын қорғаған Жандос Ахметов тізгінін ұстаған клуб әзірге жарау аттай жарап тұр. Өз алаңымызда да, сырт алаңда да ұпайдан шашау шығармау үшін жан алысып, жан берісуде. Әрине, клубтың басшылық және ойыншылар құрамымен жақсы таныс еместер «шетелден мықты бапкер, легионерлер алдырып, еліміздің мықты футболшыларын жинап алған» деп ойлауы әбден мүмкін. Бірақ мүлдем олай емес. Клуб директоры Жандос Ахметов, бас бапкер Нүркен Мәзбаев Жамбыл футбол мектебінің түлектері. Ал бас бапкерге «Тараз» клубының бұрынғы ойыншылары Ерлан Елеусінов, Нұрмат Мырзабаев көмек көрсетуде. Сондай-ақ спорттық директор қызметін Азамат Ниязымбетов атқаруда. Міне, клубтың басшылық құрамы «Тараз» командасымен 1996 жылы ел біріншілігін жеңіп алып, мәртебемізді биіктеткен мамандармен жасақталған. Негізгі құрамда алаңға шығып жүрген ойыншылардың да 80-85 пайызы Жамбыл футбол мектебінің түлектері. Кілең «сен тұр, мен атайын» дарынды жастар әр ойында жасындай жарқылдап, тас түлектей түлей түсуде. Тіл-көзіміз тасқа. Егер осы қарқынын жоғалтпаса «Тараздың» әлі талай жарқын жеңісімен қуантарына сенеміз. Ләйім, команданың жеңісті жорығы жалғаса бергей.
Талғат НҰРХАНОВ