Үкімет

ОТАНДЫҚ МАШИНА ЖАСАУ САЛАСЫНА МӘН БЕРІЛМЕК

ОТАНДЫҚ МАШИНА ЖАСАУ САЛАСЫНА МӘН БЕРІЛМЕК

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы өтті. Онда машина жасау саласының алдында тұрған сын-қатерлер мен саланы одан әрі жан-жақты дамыту жайы кеңінен талқыланды.

Форумда Әлихан Асханұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Президенттің құттықтау сөзінде: «Бұл форум осы саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Ел экономикасын әртараптандыру үшін инновацияға және озық технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту өте маңызды. Осы стратегиялық мақсатқа жету жолында машина жасау өндірісі айрықша рөл атқарады. Былтыр бұл салада жалпы құны үш триллион теңгеден асатын өнім өндірілді. Тауар түрлері, экспорт көлемі көбейді. Мыңдаған жұмыс орны ашылды. Бұған кәсіпорын ұжымдарының қажырлы еңбегі, мемлекеттің орнықты саясаты және ауқымды қолдау шаралары зор септігін тигізді. Біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз керек. Сол үшін менің тапсырмаммен кешенді жоспар жобасы әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін. Өз өндірісімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарықтарға шығу – біздің басты міндетіміз. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындай алатындарыңызға сенімдімін», делінген. Өз кезегінде Премьер-Министр бүгінде Қазақстан елді индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету саясатын жалғастырып жатқанын атап өтті. – Өңдеу өнеркәсібінің локомотиві саналатын отандық машина жасау саласының дамуы Үкіметтің ұдайы назарында. Өткен жылы машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 9,4 пайызға артса, ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 36 пайызға өсіп отыр, – деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар машина жасау өнімдерінің Қазақстандағы ішкі сұранысы 23 миллиард АҚШ долларын құрайтынын, бүгінде оның 3,1 миллиард доллары ғана отандық өндіріспен қамтылып отырғанын айтты. Сондықтан импортты алмастырудың есебінен машина жасау өндірісін ары қарай дамытуға күш салу қажеттігін атап көрсетті. – Біздің алдымызда қолжетімді қаржы құралдарын ұсыну, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды ұлғайту және экспортты дамыту арқылы машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр, – деп атап өтті Үкімет басшысы. Жиын барысында отандық өндірісті технологиялық қайта жарақтандыру, кооперация байланыстарын нығайту, инновациялық шешімдерді енгізу, қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау, жоғары білікті мамандарды даярлау, жергілікті қамтуды ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу және экспортты ілгерілету сияқты саланы дамытудың басқа да кең ауқымды мәселелері талқыланды.

primeminister.kz