Жамбыл жаңалықтары

ЖАМБЫЛДА ЖЕҢІС КҮНІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

ЖАМБЫЛДА ЖЕҢІС КҮНІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Жеңіс күніне орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Майдан даласынан қайта оралмағандарды, марқұм майдангерлерді еске алу үшін ардагерлер, тыл еңбеккерлерімен қатар, бірқатар жамбылдықтар жиналды. Сонымен бірге іс-шараға облыстық мәслихат хатшысы, Тараз қаласының әкімі, құқық қорғау органдары және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Жиналғандар жеңіс үшін жанын қиған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң аймақ басшысы бастаған топ саябақтағы «Данқ» залын аралап, концерттік бағдарламаны тамашалады. Мұнда театрландырылған қойылым сахналанып, патриоттық әндер шырқалды. «Даңқ» залы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Ғимаратта 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежіре топтастырылған. Залдың 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғаларындағы суреттерде сол кезеңдегі соғыс көріністері бейнеленген. Сондай-ақ «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін суреттер де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған. Шара барысында «Жамбылдық әскери құрамалар» атты жинақтың тұсауы кесілді. Айта кетейік, 2021 жылы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыста ерлікпен қаза болған Бауыржан Дәуітбаев Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған болатын. Облыс әкімі аталған орденді марқұмның әкесі Талғат Дәуітбаевқа тапсырды.

Ардагерлер құрметке бөленді

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлерінің үйіне барып құттықтады. Алдымен соғыс және еңбек ардагері Мүтәліп Ережепбайұлының шаңырағына арнайы барған аймақ басшысы қарияны Жеңіс күнімен құттықтап, ерлігі, Отанға деген адалдығы, риясыз еңбегі үшін алғысын білдірді. Соғыстың ардагерлері ерлік пен қайсарлық үлгісі болып қала беретінін баса айтты. Сондай-ақ майдангердің құрметіне орай шағын әскери шеру ұйымдастырылып, арнау айтылды. Мүтәліп Ережепбайұлы 1936 жылы Талас ауданының Қарой ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Жеңістен соң әйгілі Брест қамалын қалпына келтіруге қатысқан. Елге 1950 жылы оралған соң партиялық және журналистік жолда түрлі қызметтерде болып, елеулі еңбек еткен. Ардагер II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және ондаған мерекелік медальмен, грамоталармен марапатталған. Талас ауданының Құрметті азаматы атанған. Майдангер-қаламгердің «Атақоныс», «Өлеңім – өмірім» секілді бірқатар кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ облыс әкімі Владимир Колесниченконың шаңырағында да болып, ардагерді мерекемен құттықтады. Майдангер 1926 жылы өмірге келген. Он жеті жасында әскерге алынып, Тюмень қаласындағы оқу полкінде болады. 1944 жылы майданда пулеметші, бронеатқыш болып Эстонияда, Латвияда шайқасқан. Қызылтулы 415-Мозер атқыштар дивизиясының құрамында 1945 жылы Висла, Одер өзендерін кешіп өтеді. Жараланады. Емделген соң әскер қатарынан босап, жеңісті Куйбышев қаласында қарсы алған. Соғыстан кейін Опарино стансасында аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің инспекторы, ауылдық кеңес төрағасы болды, құрылыста істеді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Жамбыл облысында астық өнімдері комбинатында механик болып еңбек еткен. Владимир Колесниченко II дәрежелі «Отан соғысы», III дәрежелі «Даңқ», ордендерімен және «Германияны жеңгені үшін» мерекелік медальдарымен марапатталған. – Ерліктеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін бас иеміз. Өздеріңіздей ардагерлердің арқасында біз бүгін ашық аспан астында азат елде өмір сүреміз. Ерліктеріңіз есте мәңгі сақталады. Сіздерге және туған-туыстарыңызға зор денсаулық тілеймін, – деп Нұржан Нұржігітов жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде ардагерлер майдандағы өмірі жөнінде естеліктерімен бөлісіп, өздерінің жеңіске жету жолдары туралы сыр шертіп, ондай қиын кезеңдердің қайталанбауын, еліміздің бірлігі мен амандығын тіледі. Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымызды 15 соғыс ардагері бар. Жеңіс күніне орай ардагерлерге 1 500 000 теңге ақшалай бірреттік көмек көрсетілуде.

Ерлік eшқашан ұмытылмайды

Жеңіс күніне орай жамбылдық басшылар соғыс ардагерлерін арнайы құттықтады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров тараздық Виктор Долгановтың шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, ізге тілегін жеткізді. Майдангер 1926 жылы туған. 1945 жылы соғысқа шақырылған. Ол соғысқа дейін Кемерово облысының Ленинск-Кузнецск қаласындағы соғыс зауытында жұмыс істеген. Соғыс аяқталғаннан кейін ішкі істер органдарында, Жамбыл қаласындағы №37239 әскери бөлімінде және суперфосфат зауытында қызмет еткен. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» және «Германияны жеңгені үшін» мерекелік медальдарымен марапатталған. Ал облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов ардагер Шалданбай Шанбаевты құттықтап барды. Қарияға ыстық ықыласын білдіріп, мерекемен құттықтады. Ш.Шанбаев 1924 жылы Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге шақырылған майдангер соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227 полкі құрамында болып, соғыс біткен соң да әскер қатарында қалған. Ол 1949 жылы елге оралып, трактор бригадасының бригадирі, санақшы ретінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Маршал Жуков» мерекелік медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек тараздық ардагер Григорий Нещеретновті, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев ардагер Базарбай Бурбаевты, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ардагер Иван Макеевті мерекесімен құттықтады. Өз кезегінде майдангерлер де қиын кездегі естеліктерімен бөлісіп, елдің амандығын тілеп, жас ұрпақты бүгінгі бейбіт күннің бағасын білуге шақырды. Айта кетейік, осы секілді ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, Жеңіс мерекесімен құттықтау аудандарда да жалғасын тапты.