Кәсіп

Жауынқұрттан да жақсы пайда табуға болады

Жауынқұрттан да жақсы пайда табуға болады

Бүгінде істің көзін тауып, кәсіпке бет бұрған азаматтардың қатары артып келеді. Әсіресе қазір кәдімгі жауыннан кейін қаптайтын шылаушын өсірушілер көбеюде. Әрине, олар балықшыдан басқа кімдерге керек деп таңырқауыңыз әбден мүмкін. Бірақ құрт атаулы басқа да қажеттіліктерге жарайды екен. Оларды медицинада, фармакологияда, косметологиялық өнеркәсіпте де пайдалануға болады. Бірақ ең алдымен құрттар – ауылшаруашылығы үшін өте пайдалы. Яғни жауынқұрт – топырақты құнарландыруға таптырмайтын тәсіл. Жамбыл ауданының тумасы Берік Қалиев қызылқұрт өсіріп, тірліктің тың түрін түлетіп отыр. 

Ерекше кәсіпті табыс көзіне айналдырып отырған Берік Мақұлбекұлы калифорниялық гибридті қызыл құртты өсіруді осыдан 2 жыл бұрын қолға алған. Ол шылаушындардың топырақты тыңайтуға оң әсері мол дейді. Себебі қызыл құрттар органикалық қалдықтарды жеп, биогумус, яғни биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Шылаушын өсірудің шығыны аз, кірісі мол, қоршаған ортаға зияны жоқ, пайдасы бар, топыраққа да, өсімдікке де залалы келмейді. Нақтырақ айтсақ, бұл шаруаның жұмысы қызық, білгенге табысты, білмегенге таңсық кәсіп дейді кәсіпкер. – Мен бұл кәсіпті 2021 жылы көктем айында қолға алдым. Ол кезде 2 шаршы метрден бастағанмын. Бір бөлмедей жерге 20 жәшік қойдым. Қазір оның аясы кеңейіп, 1000 шаршы метрдей көлемді алып отыр. Мұны Калифорния гибридтік қызыл шылаушыны дейді. Өте жылдам көбейеді. 3-4 айда 10 есеге артады. Тиімділігін көрген соң ақырындап диқандар сатып алып жатыр. Бұл – дамыған елдерде кең танылған кәсіп. Ал еліміз бойынша Шымкентте жақсы жолға қойылған. Дегенмен оны пайда табу мақсатында өсіретін азаматтар саусақпен санарлық. Осы биогумусты пайдаланып, мол өнім алып жатыр. Мәселен, жақында еліміздің барлық аймағында аяз болып, егіндер үсіп кетті. Сол үсіп кеткен егінді биогумустың сұйық түрін жапырағы мен тамырына себу арқылы қайта қалпына келтіруге болады. Био – өмір, тіршілік, ал гумус – топырақ деген мағынаны білдіреді. Бұл аналогы жоқ, жер бетіндегі ең құнарлы тыңайтқыш болып есептеледі. Құрамында 20-дан аса химиялық элементі бар қара топырақ. Мен мұны жақсылап зерттеп, ауылшаруашылық мамандарымен бірге облыстың әр аймағын аралап қайттым. Алдағы уақытта биогумус өсірушілерге де субсидия беріледі деген әңгіме бар, – дейді кәсіпкер. Үй іргесінен жеке кәсібін ашқан ол құрт¬тарға малдың тезегі мен жеміс-жидек, көкөністің қалдығын да береді. Мұндай органикалық тыңайт-қыштарды ауыл ішінен табу қиын емес. Бұл қалдықтар сатылмайды, тегін. Сонымен қоректеніп, топырақты биологиялық тыңайтқышқа айналдырып шығарады екен. Оны егістікке пайдалансаңыз екі есе өнім береді дейді. Кәсіпкердің айтуынша, 1 шаршы метр шылаушын бағасы 150 мың теңге тұрады. Ал жауынқұрт өндірген биогумустың 1 литрінің құны – 70 теңге. Бұл көң тез құрғап кететіндіктен оны келімен емес, литрмен есептейді.

Айжан ӨЗБЕКОВА