Жаңалықтар

Жамбылда 105 - кавалериялық дивизия қалай жасақталды?

Жамбылда 105 - кавалериялық дивизия қалай жасақталды?

Соғыс жылдары Қазақстанда барлығы 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиялары және 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полк, соның ішінде 2 артиллериялық дивизионы, 4 минометтік дивизионы, 3 авиациялық полкі, 14 жеке батальон құрылды. Республиканың қаражаты есебінен екі атқыштар бригадасы (100-ші – Алматыда, 101-ші – Ақтөбеде) және 3 кавалериялық дивизия (96-шы – Өскеменде, 105-ші – Жамбылда, 106-шы – Ақмолада) жасақталды.

Бұрқ ете қалған соғыс елдің астан-кестенін шығарды. 1939 жылдың аяғында құрылған Жамбыл облысының шаруасы шаш етектен еді. 1941 жылдың тамыз айында мұнда 81-атты әскер дивизиясы жасақталды. Қараша айында Бас қолбасшының бұйрығымен мұнда 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясы құрылды. 1941 жылдың 13 қараша күні қабылданған ССРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қаулысы негізінде дербес ұлттық әскери құрамалар жасақтау жөніндегі қаулысын орындау аса маңызды еді. Жаңадан құрылған Жамбыл облысына бір емес, екі атты әскери дивизияны жасақтау оңайға түспеді. Ұлттық атты әскер дивизиясы, аты айтып тұрғандай, қазақ ұлтынан жасақталу керек болды. 21 қараша күні еңбекшілер депутаттары облыстық советінің атқару комитеті мен облыстық партия комитетінің бюросының қаулысы негізінде 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтау жөнінде облыстық комиссия құрылды. Комиссия төрағалығына облыстық атқару комитетінің төрағасы Ә.Жансақалов тағайындалды. Республикалық комиссияның төрағасы – ҚазССР Халық комиссарлары Советі Председателінің орынбасары Н.Е.Бабкин. Осы күннен бастап облыста аса қауырт тірлік басталды. Облыс басшылығы ақылдаса, кеңесе келе, дивизияның мекенжайын белгілейді. Ол облыс орталығына таяу болуы тиіс. Жамбыл қаласына таяу орналасқан Свердлов ауданын дұрыс деп тапты. Дивизияның 1-полкі осындағы Буденовка селосында орын тепті. Негізінен «Труд пахарь» колхозының ғимараттарына ие болды. Колхоздың сиыр қоралары, кеңсесі, селолық советтің кеңселері әскерилердің мекенжайына айналды. 2-полк осы ауданның «Қызылша» совхозының аумағында орналасты. Оларға совхоздың клубы, кеңсесі, балалар бақшасы, наубайханасы, дала қосы, оқу залы, өзге де ғимараттар тиесілі болды. 3-ші полкке «Қазақсыра» зауытының аумағындағы кеңсе үйлері, қамба, қойма, балалар үйінің ғимараты мен мал базасы босатылып берілді. Дивизияның штабы статистика басқармасының ғимараты мен асханасында орналасты. Жедел түрде барлық ғимараттар жөндеуден өткізілді, қажетті жиһаздармен жабдықталды. Дивизияны қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін былғары өндіру өндірісі жедел қолға алынды. Атты дивизияның көлігі де, қаруы да жылқы малы болса керек. Жылқы үстінде әскери оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу оңай шаруа емес. Жылқы малын әскери іс-қимылға үйрету үшін оның тілін білетін мамандар ауадай қажет. Жылқының ер-тұрманын, жүген-шылбырын, өзге де қажетті бұйымдарды даярлау үшін ел ішінен ісмерлер жинақталды. Дивизия қатарына жауынгерлер Алматы, Шымкент және Қызылорда облыстарынан тартылған. Күшті үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуінің арқасында 1 айдың ішінде 357 адам дивизия сапына қабылданды. Осы жылдың 26 желтоқсан күнгі мәліметі бойынша, атты әскер дивизиясының құрамына 750 сарбаз өткен екен. Алматы мен Жамбылдың арасында жолданған қызметтік хат барысынан дивизияны жасақтаудың Қазақстан үкіметі тарапынан қатаң бақылауда болғанын аңғарамыз. Бірде облаткомның төрағасы Жансақаловтың, бірде облыстық партия комитетінің хатшысы Бектелеевпен, облыстық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Берденников пен облыстық военком Трофимов әр апта сайын әзірлік барысын шұғыл әрі жедел баяндап тұрған. Жауынгерлерді қажетті киім-кешекпен қамтамасыз ету қолға алынды. Әр ауданға қажетті заттардың тізімдемесі жасалынып, жоспар берілді. Жылдың әр маусымында киетін шолақ тон, етік, мақтадан тігілген шалбар, күртеше, баскиім әзірленді. Оның орындалу уақыты қатаң қадағаланды. Ат әбзелдерін дайындауда іркіліс болғанын байқаймыз. 20 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша, 236 ер-тоқым, 255 жүген дайындалған. Бұл жоспардағыдан аз еді. Мұндай бұйымдарды әзірлеу үшін былғары өндірісін жолға қою қажеттігі аңғарылды. Мәселен, осы уақытта 470 өгіз терісі, 800 жылқы, 55 өгізше, 375 қой терісін дайындау қажет болғанымен қолда болғаны аз ғана еді. Бұл әзірліктің өз дәрежесінде жүргізілуіне кедергі келтірді. Дивизияны жасақтау барысында облыс басшылығы күн-түн демей еңбек етсе де қиындықтар алдан шығып отырған. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ткаченконың Қазақстан Компартия Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке 1942 жылдың 7 ақпанында жолдаған хатында аттарды қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету барысы өте қиындықпен жүріп жатқанын, осыған байланысты көмектесулерін өтініп хат жазған. Ақпан айында өзге өңірлерден облысқа 600-700 тонна шөп жеткізілуін сұранған. Осыған қоса дивизия жауынгерлері үшін қажетті азық-түлік өнімдерінің де азайғанын айтады. Күн сайын дивизия 2-7 тонна картоп, 765 килограмм капустаны қажет еткен. Осы қиындықтан құтқару үшін 15 наурызға дейін 100 тонна картоп, 28,3 тонна капуста жіберуді өтінген. Әрине, партия облыс басшысының бұл өтініш-тілегін аяқсыз қалдырмады. Облыстық архивтің 282-қорының 1-тізіміндегі 340-ісінің 22-бумасында Жамбылда жасақталған дивизия жайлы мәлімет баршылық. Шу аудандық комиссариатынан Жамбылда жасақталып жатқан 105-атты әскер дивизиясына 1921-1922 жылдары туған мына сарбаздардың келіп қосылғаны жөнінде мәлімет бар. Олар: Сармамбет Қоқымбаев, Мұқатай Піспекбаев, Өмеш Нұрманов, Әубәкір Рахымбаев, Жұмағұл Қасенов, Әуес Әлімжанов, Ұзақбай Босжанов, Биғазы Тоқбергенов, Жұман Дауылбаев, Жұмаш Жапаралиев, Ақылбек Тоқбергенов, Мұсахан Нәметқұлов, Қанай Нұрланов, Бәкір Абуов, Сабыр Исмаилов, Әбіш Әбдірайымов, Әмірбай Шорышбаев, Жапсарбай Терекбаев, Қосымбай Ахметбеков, Дүйсен Асанбаев, Сағи Дүйсебаев Жолдасбай Тайшабаров, Нұртай Сембиев еді. Соғыс 1941 жылдың маусым айынан басталып, сол мезеттен бастап майдан қатарына алынған жастардың дені 1903-1912 жылдар аралығында дүниеге келген ғой. Жамбылда бірнеше дүркін жасақталған әскери қосындарға 1920 жылға дейінгі жастардың алынғанын аңғарамыз. Жамбыл жұртшылығы күні кешеге дейін арамызда жүрген соғыс ардагері, жазушы-журналист Срайыл Керімбаевты ұмытпаса керек. Еділден Балтық жағалауына дейінгі ұрыстарда ұрпаққа мұра боларлық ерліктердің куәсі болды. Ол күндер ешқашан ұмытылмақ емес. Қаламгердің «Еділ Балтық арасында» кітабы сол күндердегі майдан шежіресіне толы. «...Жамбыл қаласында 105-атты әскер дивизиясы жасақталды. Дивизиядағы жауынгерлер мен офицерлер Алматы, Шымкент және Қызылорда облыстарынан Қызыл Армия қатарына шақырылған еді. Осы дивизиядағы біздің 306-атты әскер полкі Талас өзенінің жағасына Свердлов ауданындағы «Трудовой пахарь» колхозының товарлы-сүт фермасына орналасты. Он күннің ішінде сиыр қоралар жаңарып, әскери жатақхана бола қалды. 1942 жылдың қаңтар айында полктың үшінші эскадронында орта бойлы, қыр мұрынды, қараторы, өткір көзі тіке қарайтын, қайратты шашына бірен-саран ақ кіре бастаған, түсі сұсты кісі келді. Таныстық. Ол жазушы Қалмақан Әбдіқадыров екен. «Мың бір түнді» қазақша тәржімалап жүргенін де естідік. Маусым айында Қаратау сілемдерінің бірі – Үлкен Бурыл тауының бауырындағы Аса өзенінің жағасында қаз-қатар тігілген ақ шатырларда түнде демалып, күндіз әскери шеберлікті жетілдіріп жаттықтық. Луговой ауданынан әскерге бірге аттанған Төлеген Жұмабеков, Шаймерден Нуфтиев, Әбу Қарашаев және жазушы Қалқаманмен бірге болдық. Күндіз пулеметті арқалап, алаңқайға шығамыз, қаруды бөлшектеп, содан кейін қайта құраймыз. Кейде тауға шығып, пулеметпен нысана көздеп атамыз». 1942 жылдың 25 шілде күні дивизия майданға аттанатыны туралы хабар жетті. Бұл жайлы архивтегі 282-қор, 1-тізімдемесі, 339-ісінің 22-коробкасында кеңінен қамтылған. 14 эшалонға тиелген атты әскер дивизиясының соңғы эшалоны 1 тамыз күні таңғы сағат 8:05-те майданды бетке алды. Мұның алдында 30 шілде күні таңертең сағат 7:30-да Жамбыл қаласындағы «Спартак» стадионында 105-ұлттық атты әскер дивизиясына ҚазақССР Жоғарғы Советінің туы тапсырылды. Туды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ткаченко салтанатты жағдайда дивизия өкілдеріне табыс етті. Туды дивизия командирі, генерал-майор Керзимов қабылдап алды. Салтанатты сәт үстінде дивизия жауынгерлері Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның жауынгерлері сияқты Отан қорғау жолында жауымен аянбай шайқасып, ерліктің ерен үлгісін көрсететіндіктеріне сендірді. Олардың қатарында 3- полктың минометшісі Әбжапар Бидашов қасиетті Отанның жерін қорғауда ешнәрседен аянып қалмайтындығын, ал Қордай ауданының перзенті, бұрынғы тракторшы Досым Қалиев жаумен қасық қаны қалғанша аянбай шайқасатынына қаруластарын шақырды. ...Эшелон 1942 жылдың тамызында майданға жол тартты. Жамбыл теміржол стансасында жүздеген адам қол бұлғап, гүл шоқтарын ұсынып артта қалды. Ұшы-қиырына көз жетпейтін астықты даламен келеді. Сылдыраған бұлақ, тау баурайындағы жер қайысқан мал. Екі аттылы адам эшелонмен қатарласа шауып «Жеңіспен оралыңдар!» деп дауыстап, жас жауынгерлерге игі тілек білдіріп қала берді. Жамбыл қаласында жасақталған 105-атты әскер дивизиясы 1942 жылдың тамыз айында Горький облысындағы Ильино деген жерге жеткізілді. Осында Жоғарғы бас командованиенің резервіндегі бірнеше артиллерия полктары болып қайта құрылды. Осы полктардың бірі – 482-танкіге қарсы қимыл жасайтын артиллерия полкінде әскери қызметті атқарған. Архивте сақтаулы құжаттарға көз жіберсек, дивизияның құрамына ең таңдаулы азаматтарды іріктеп жібергенін аңғарар едік. Облыстық атқару комитетінің төрағасы Абдрахман Жансақалов дивизия комиссары ретінде майданға аттанды. Жалпы майданда әр жауынгердің орны бөлек болған. Жамбыл облыстық архивінің 282-қорының 1-тізіміндегі 453-ісінің 29-бумасында Жамбылда 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтауға байланысты атқарылған жұмыстары жөнінде мәлімет сақтаулы. 20 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша, 750 сарбаз дивизия құрамына өткен. Сол жастардың бірі – шулық Сұлтанбай Ысқақов еді. Осында әскери оқу-жаттығу барысында жақсы нәтижелер көрсеткен. С.Ысқақов қаруластарымен майдан даласына аттанады. Жаз айында дивизия Москва әскери округінің құрамына келіп қосылды. 105-кавалериялық атты әскер дивизиясының командирі болып полковник Владимир Калашников тағайындалды. Жау бұл кезде Мәскеуден 200 километр қашықтықта жолындағысын жайпап, ентелеп келіп қалған еді. Дивизия құрамындағы 4165 адам қайтадан шұғыл әскери дайындықтан өткізілді, өйткені Мәскеу маңында өте ауыр соғыстар болатындығы анық еді. Мәскеуге қарай шегінген әскери бөлімдердің шығындары ұлғайып, оларды қайта толықтыру, жасақтау қажеттілігі артты. Тылдан жаңа келіп жатқан әскери күштер осы мақсатқа жұмылдырылды. Азаматтық соғыс жылдары атты әскердің қандай рөл атқарғанын баршамыз білеміз. 1941 жылы соғыста атты әскердің соғыс техникасымен мұздай қаруланған жауға қарсы шабуы қиындық тудырған. Содан болар, жеме-жемге келгенде атты әскерді басқа әскери құрылымдарға қоса отырып, соғыс тәсілдерін үйретуге мәжбүр болған. Біздің Жамбылдан барған 105-ұлттық кавалериялық атты әскер дивизиясы да осындай мақсатпен әскери құрамалардың қарамағына берілді. 1942 жылы майдандағы алғашқы шайқастардан кейін Мәскеу түбінде толықтырылып, 6-гвардиялық әуе десанты дивизиясы болып қайта құрылды. 1942-43 жылы қыс айларында Старая Русь қаласы түбіндегі шайқасқа, Курск щайқасы (1943 жылы жаз, күз айлары) кезінде Белгород-Харьков атындағы жойқын шабуылдарға қатысты. Аталмыш дивизияның өзге әскери құрамаларда қайта толықтыру мақсатында таратылғанын айттық. Қатардағы жауынгер С.Ысқақов 417-Сиваш атқыштар дивизиясының 1372-атқыштар полкының 3-атқыштар батальонының құрамында соғысқа кіреді. Бұл дивизия соғыс уақытында Тбилиси қаласында жасақталған болатын. Солтүстік Кавказ майданында 58-армия құрамында 417-атқыштар дивизиясы Кубань, Қырым, Украина, Прибалтиканың қалаларын жаудан азат етісті. Донбасс пен Қырымда, Днепр мен Прибалтика соғысында вермактың Курландия топтарын жоюда қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Осы ұрыстар барысында қазақ жауынгері С.Ысқақов бірнеше мәрте ерлік көрсетіп, батылдық танытады. Оның жауынгерлер арасындағы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған полк басшылығы батальонның партия ұйымының ұйымдастырушысы, яғни политрук міндетін жүктейді. Осы мақсатта арнайы курста оқып, кіші лейтенант шені беріледі. Жалпы соғыс уақытында жауынгерлердің патриоттық рухын көтеру мақсатында политрукке айрықша міндет жүктелген. Осы міндетті Сұлтанбай абыроймен атқарса керек. Сан мәрте жауынгерлерді шабуылға өзі бастап көтеріп, нағыз командирге тән қасиет көрсеткен. Сондай ұрыстың бірінде Верхне-Ясеновск хуторы үшін шайқаста жаңбырша жауған жау оғына қарамастан, батальонды ұрысқа бастай білген қасиеті үшін «Жауынгерлік ерлігі» үшін медалімен марапатталды. Ол өзінің майдандағы айрықша ерлігін 1944 жылы сәуір айында Сиваш көлінен өту барысында көрсетті. Оның бұл ерлігі қолбасшылық тарапынан былай бағаланды: «1944 жылдың 8 сәуір күні 3-атқыштар батальоны алға қойылған міндетті орындай отырып, Сиваштан өтті. 9 сәуір күні жауды бірінші траншеядан ығыстырып, 19.4 белгісі маңындағы дұшпан қорғанысының қойнауында ұрыс жүргізді. 13.5 белгісі батыс беткейінде мықты бекініс торабынан жау пулемет және минометтен оқ жаудырып, батальонды бас көтертпей тастады. Әсіресе 8-атқыштар ротасының шабуыл шебінде қиын жағдай туды.Мұндай жағдайды көрген 3-атқыштар батальонының политругі Ысқақов жаудың бораған оғына қарамастан, еңбектеп жауынгерлерге жетті. «Отан үшін! Соңымнан еріңдер!» деп ұран салып, 8-ротаның жауынгерлерін алға бастады. Жау оғының астында жатып қоршау сымды кесіп өтті де, жүгірген қалпы дұшпанның траншеясына қойып кетті. Соңынан жауынгерлер де жетіп, траншея ішінде ұрыс басталды. Сол ұрыста Ысқақов жолдастың бір өзі гранатпен және автомат оғымен 52 фашисті өлтірді, жаудың 2 пулеметін және танк ататын расчетті жойды, 7 неміс солдатын тұтқынға алды. Екі сағаттық ұрыста 25 жауынгерді ерлікке бастады, дұшпанның қарсыласу торабы талқандалып, тек батальонның ғана емес, бүкіл полктің ілгері басуына мүмкіндік берді. 1944 жылы 18 сәуірде Микензия ауданында болған ұрыстарда кіші лейтенант Ысқақов үш жауынгермен ДОТ-ты қоршау үстінде жараланды. Жарақатына қарамастан, өз тобымен бірге алға қойылған міндетті орындай берді. ДОТ-тың аузына танкіге қарсы қолданылатын гранат тастап, оның расчетін жойып жіберді. Дәл сол күні жаудың қарсы шабуылын тойтара отырып, кіші лейтенант Ысқақов жанғыш сұйығы бар шөлмекпен жаудың танкін өртеп жіберді, өзі қайтадан ауыр жарақаттанды. «Кеңес Одағы Батыры» атағына лайық». Полк командирі, подполковник Барановтың бұл ұсынысын 417-Сиваш дивизиясының командирі, генерал-майор Бабраков та, 63-атқыштар корпусының командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Кошевой да Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін «Кеңес Одағының Батыры» атағын алуға лайық деп тұжырым жасады. Бұл шешімді Армия әскери кеңесінің мүшелері де қолдаған. Алайда 4 Украин майданының қолбасшысы, кіші лейтенант Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін «Қызыл Ту» орденіне лайық деп тапқан. Сөйтіп, 1944 жылдың 9 қыркүйегінде С.Ысқақов жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Бір ұрыста бір ғана өзі 52 фашистің көзін жою асқақ ерлік емес пе?! Иә, бір ғана ұрыстың өзінде осыншама фашисті жер жастандырған алапат ерлік еленбей қалған. Неге? 2020 жылы белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлының қолдауымен ерлігі үшін «Кеңес Одағы Батыры» атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себептермен осы құрметті марапатқа ие болмаған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы – қазақстандықтар туралы «Ұмытылған қаһармандар» атты кітап жарық көрді. Айта кетерлігі, Ресей Қорғаныс министрлігі архивінің қорында сақталған құжаттар алғаш рет жарияланып отыр. Кітапта атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлікпен қаза тапқаннан кейін «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған марапаттау парағы да жұртшылық назарына ұсынылды. Кітаптағы ерліктері паш етілген 8 жамбылдық майдангер жайлы Жамбыл облысы мемлекеттік архиві тарапынан «Ерлік ескірмейді» атты кітап жарық көрді. Сол 8 ердің бірі – шулық Сұлтанбай Ысқақов болатын. Жамбылда жасақталған 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясының қатардағы жауынгері жасаған ерлігін жоғарыда айттық. Бұл бір ғана жауынгердің ерлігі. Ал майданға аттанған мыңдаған ұлттың атты әскер дивизиясының қатарында қаншама ерлік иелерінің болғанын біз біле бермейміз. Өйткені олар жайлы жазылуға тиіс. Ресей, Белоруссия, Украина және бүкіл Еуропа елдерінде миллиондаған белгісіз және аты сақталмаған жас батырлар мәңгілікке қалды. Соғыс алаңдарында іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда, олар бүгінгі күнге дейін жылдар бойы «жоғалған адамдар» тізімінде тұрған және олардың ерліктері туралы біз әлі білмейтін жеңіс жауынгерлерін іздейді. Бауырластар зиратында жерленбеген он мыңдай сарбаз іздеушілерін күтуде. Көп жылдардан кейін болса да олар жақындарына өздері жайлы хабар жетуін күтуде. Батырлардың денелері өзі туып өскен өлкеге барлық құрметпен жерленуі тиіс. Өйткені олардың барлығы есте сақтауға лайық, ұмытылып кетпеуі тиіс нағыз қаһармандар.

Әділбек Баққараұлы, Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің архивисті