Қоғам

Оқушыларға электронды темекілер мен вейптер сатылмасын – Нұргүл Тау

Оқушыларға электронды темекілер мен вейптер сатылмасын – Нұргүл Тау

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау оқушылар мен жастарға электронды темекілерді, вейптердің сатылмауын талап етті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер -министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

2021 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі вейптердің айналымына тыйым салу мәселесін көтеріп келеді. Алайда мәселе әлі өзекті. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте темекі өнімдерін, оның ішінде электронды өнімдерді сөрелерге қоюға тыйым салу туралы норма болуына қарамастан, сатушы кәсіпкерлер заңды сақтамайды. Себебі, «Жарнама туралы» заңның сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парағын бекіту туралы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 22 бұйрығында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні жылытуға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды орналастыруға және ашық көрсетуге тыйым салудың сақталуын тексеру туралы тармақ қарастырылмаған. Осының салдарынан сауда орындарын тексеру мүмкіндігі жоқ», - деді депутат. Оның айтуынша, ата-аналар құрамында никотині бар девайстардың таралуына және сатылуына түбегейлі қарсы. Бүгінде әлемнің 32 елінде вейптерді сатуға тыйым салған.

Депутат Үкімет басшысынан төмендегі мәселелерге назау аударуды сұрады:
  • 1) Елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыруға;
  • 2) Электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің жарнамасына тыйым салуға және осыған байланысты жауапкершілікті күшейтуге;
  • 3) Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 22 бұйрығына «Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні жылытуға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды орналастыруға және ашық көрсетуге тыйым салудың сақталуын тексеру туралы»  тармаққа толықтыру енгізуге ұсыныс беремін.