Жамбыл жаңалықтары

ТАЛАСТА ТАЛАЙ ЖҰМЫС АТҚАРЫЛҒАН

ТАЛАСТА ТАЛАЙ ЖҰМЫС АТҚАРЫЛҒАН

Талас ауданының Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе елді мекендеріне газ құбырын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған елді мекендердің ішкі кварталдық газ тарату желісінің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, келісімшарты жасалып, бюджеттік өтінім тапсырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Талас ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы айтты.

– 2022-2023 жылдар аралығында жүзеге асатын жобалардың жалпы құны – 3 миллиард 221 миллион 700 мың теңге. Ал Майтөбе, Қожағаппар елді мекендерін газдандыруға 444 миллион 444 мың теңге бөлініп, «Билікөл» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысын аяқтау мердігер компания – «Арайстроймаркет-2003» серіктестігіне тапсырылды, – деді Қ.Мәдібек. Сонымен қатар Қанатбек Қайшыбекұлы елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысы саласында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. – Қайыр, Ақтөбе, Арал, Тұрымқұл, Қожағаппар, Қараой және Сейілбек ауылдарына ауызсу тарту мақсатында аудандық бюджеттен 20 000 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қаратау қаласы бойынша тұрғын үй қорынан кезекте тұрған көпбалалы аналарға және көпбалалы отбасыларға 25 пәтер сатып алынып, кілттері табысталды. Сонымен қатар тиісті бөлімнің зерделеуімен анықталған 20 пәтер, яғни кезек ретімен пәтер алып, заңсыз жалға берген және өздері тұрмай бос тұрған пәтерлер әлеуметтік осал топтағы мүгедектерге, толық емес отбасыларға, көпбалалы отбасыларға берілді, – деген Қанатбек Мәдібек әр салада атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып, журналистердің сұрақтарына да жауап берді. Мәселен белгілі журналист Ерман Әбдиев: «Ақкөл ауылының іргесіне келіп тұрған газды әр көше мен тұрғын үйге тарту құнын кім өтейді? Тұрғындар ма, әлде мердігер компания ма? Ақкөл ауылының орталығындағы «Сауда орталығы» бұзыла ма? Оның иесі Ақынбек Бектаев 2017 жылы төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратты апатты деп тапқан шешімін қолына алысымен ғимараттың айналасын қоршау керек еді. Ол жұмыстар атқарылмады. Тағы да осындай ғимараттардың тағдыры не болмақ?» деп, Ақкөл ауылына қатысты кейінгі кезде әлеуметтік желіде жиі көтеріліп жүрген сұрақтарын қойды. – Қазір мердігер компанияны анықтап жатырмыз. Әр азаматқа өз үйіне тарту құны кемінде 93-150 мың теңге аралығында болады. Ал жеңілдіктер мердігер компания анықталған соң тағы да қарастырылады. Әрине бүгінде «Сауда орталығын» бұзу, бұзбау жөнінде ауыл тұрғындарының пікірі екіге бөлініп отыр. Әлі де сараптама жұмыстарын жүргіземіз. Қазір ғимарат иесіне оның айналасын қоршау жөнінде ұсыныс айтылған, – деп жауап берді. Брифинг барысында аудан әкімі журналистер қойған өзге де сұрақтарға жауап берді. Шапағат ӘБДІРҰЛЫ