Жастар

ОҚУДА ДА, СПОРТТА ДА ОЗАТ

ОҚУДА ДА, СПОРТТА ДА ОЗАТ

Әдетте қыз балалардың көпшілігі мұғалім, дәрігер, тігінші секілді мамандықтарды таңдайды. Ал бүгінгі кейіпкеріміз – жас таэквондошы, байрақты бәсекелерде биіктен жарқырап көрініп жүрген облысымыздың мақтанышы Нұрайым Сейдуалы болашағын спортпен байланыстырғысы келеді.

2009 жылы дүниеге келген Нұрайым бүгінде №35 А.Гайдар атындағы мектептің 8-сынып оқушысы. Оқуда да озат Нұрайымның таэквондо спортымен айналысып жүргеніне 5-6 жылдың жүзі болыпты. – Көп адамдар жекпе-жек түрлерін шатастырады. Мәселен, каратэ – жапон халқының, у-шу – қытайдың, таэквондо – кәрістердің жекпе-жек өнері. Біз кілемде белдесіп қана қоймай, таэквондо өнерінің шығу тарихын да үйренеміз. Бірақ біздің бапкер көп сөзге жоқ. Нағыз істің адамы. Таэквондо жайлы сөз қозғағанда, ең біріншіден, аталған спорт түрін қазақ топырағына алып келген Мұстафа Өзтүрік атамыз еске түседі, – дейді спортшы қыз. Нұрайым – қазір қара белбеу иесі. Аз уақыттың ішінде өз-өзін дәлелдеп, көзге түсіп үлгерген өжет қыз кез келген бәсекеде ел намысын қолдан бермеуге тырысады. Табандылығының арқасында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Саралай айтсақ, Байқоңыр қаласында өткен халықаралық турнирде алтыннан алқа тағынған. 2021 жылы Тараз қаласында өткен республикалық жарыста, халықаралық «Shymkent Cup», Мәскеуде, БАӘ өткен «Fujairan open» турнирлерінде де оза шапқан. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген нақылды қаперге ұстанған бапкері Асылбек Байқоңыров балғын жастың биіктерге қанат қағуына үлкен үлес қосуда. Асылбек Қылышбайұлы таэквондодан 5 дүркін Қазақстан чемпионы. Кез келген спортта білікті бапкерлер жұмыс істемесе таланттың ашылуы екіталай. – Талдырмаш қара қыздың өнері ә дегеннен көңілімнен шықты. Өте еңбекқор. Біздің жұмыс тойға бару, қыдыру, уақытты бос селтеңмен өткізу дегенге қарсы. Төзім, адал еңбек, жауапкершілік бәрін жеңеді. Жаттығуға бір күн келіп, бір күн келмесе мұндай нәтиже шықпас еді. Нұрайым алғыр қыз. Сенімді ақтады. Үміт алда. Шәкіртім өмірін спортпен байланыстырып отыр, – дейді А.Қылышбайұлы. Жаттықтырушы айтпақшы, адам кәсіби спортшы болып тумайды, биік деңгейге де оңайлықпен жете алмайды. Оған тек таудай талап пен бармақтай бақ қажет. Сондықтан болашақта талабы таудай, арманы асқақ Нұрайымның Қазақстанның атын әлемдік ареналарда асқақтатарына бек сенімдіміз.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА