«БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ, ЖІГІТТЕРДІҢ ТӨРЕСІ»
«БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ, ЖІГІТТЕРДІҢ ТӨРЕСІ»
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Анаға тағзым» орталығының «Ана тілі» шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі Сейсекүл Исматова, сондай-ақ ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы сөз алып, мерекеге орай жүрекжарды тілектерін жеткізді. – Армия – мемлекетіміздің мызғымас тірегі, ел тәуелсіздігінің кепілі. Осы ретте ел тыныштығы күзетінде тұрған, Отан алдындағы міндетін адал атқарып жүрген сіздердің еңбектеріңіз үлкен құрметке лайық. Сондықтан халқымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында атқарып жүрген адал еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді. Отан қорғаушыларымыздың еңбегі әрдайым еленіп, әскери қызметтің мәртебесі арта берсін. Өйткені айбарлы әскер – ашық аспанымыздың, мемлекет іргесінің бекемдігінің кепілі. Сондықтан жас буынға Отан қорғау әр азаматтың қасиетті парызы екенін ұқтырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруымыз керек. Ұлы даламыздың әр уыс топырағына жауынгерлік рух сіңгеніне тарих куә. Сол өрлік өшпесін! Мереке құтты болсын! – деген Сейсекүл Молдабекқызы аналық ақ тілегімен сөзін қорытындылады. Сондай-ақ Хадиша Аяғанқызы да мерекеге орай ақжарма тілегін арнаса, Ғайни Әлімбекқызы жастардың бойына патриоттық сезім ұялату мақсатында өлең оқып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Шара барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары әннен шашу шашса, «Анаға тағзым» орталығының би үйірмесіне қатысушылар мың бұрала би биледі. Ал жиынды қорытындылаған «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали өсіп келе жатқан жас буынның жүрегі ел деп соғып, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекемделе түсуіне тілектестігін білдіріп, көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтады. «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен өткен мән-маңызы жоғары игі шара «Мама» әнімен қорытындыланып, 85-395 әскери бөлімшесінің сарбаздарына бауырсақ мен тоқаш таратылды.
«AR-AI»-ақпарат