Әлеумет

Өзі сұранып, әскерге барған

Өзі сұранып, әскерге барған

Әскер – ел өміріндегі ең маңызды құрылымдық күш. Жалпы бейбітшіліктің туы желбіреп, экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттердің қорғаныс саласы мығым болатыны белгілі. Себебі көксегені соғыс емес, тыныштықты күзеткен елдің еңсесі тік болады. Сондықтан да әр елдің ержеткен азаматы денсаулығы жарамды болса әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуі бұлжымас парыз.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Таңат Бөрібай – «елін сүйген» дейтін сөзді іспен дәлелдеп отырған азамат. Есесіне жұрт алдында өзінің де еңсесі тік, үй ішінің мақтанышы. Таңат 2004 жылдың 11 наурызында Тараз қаласында дүниеге келген. Әкесі – Қанат монтажник, анасы – Құралай №49 мектеп-гимназияда мұғалім болып қызмет атқарады. Отбасындағы төрт баланың ортаншысы. Үлкен әпкесі Әлия Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы бір мектепте мұғалім болса, ағасы Жеңіс М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті. Өзінен кейінгі інісі Санжар Тараз қалалық №49 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы. Кейіпкеріміз 2019 жылы тоғызыншы сыныпты бітірген соң Кеңес одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебіне қабылданып, 2021 жылы 11-сыныпты бітіреді. Спортты жақсы көретін ол бокс, джиу-джитсумен айналысады. 11-сыныпты аяқтаған соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Денешынықтыру және спорт факультетіне оқуға түседі. 18 жасқа толған күні Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне барып, өзін әскерге қабылдауын өтінеді. Осылайша азаматтық борышын өтеуге аттанған жалынды жас шекара шебінде қызмет етіп, «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісін иеленеді. Ол өзінің әскерде болғанын әрдайым мақтанышпен айтып отырады. – 2022 жылы 11 наурызда 18 жасқа толған күні анамнан жеке куәлігімді сұрап алып, тиісті қорғаныс бөліміне барып, әскерге өзім сұрандым. Ондағылар көктемгі шақырылымда медициналық бақылаудан өтетінімді айтты. 5 сәуірде медициналық комиссиядан өтіп, өзімнің әскери қызметке кететінім жайлы ата-анама хабарладым. Әскерде жиілеп кеткен қайғылы жағдайлардан қорқып қалған анам «Әлі тым жассың, бір-екі жылдан соң барсаң болмай ма?» деп қарсылық танытты. Алайда мен «Ел алдындағы азаматтық борышымды өтеймін» деген өз шешімімнен бас тартпадым. Перзенті үшін уайымдағаны­мен ата-анам да менің шешімімді толықтай қолдады. 2022 жылдың 9 сәуірінде жолға шығып, Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы шекара әскери бөлімшесінде үш ай оқу-жаттығудан өттік. Одан соң Райымбек ауданының Нарынқол шекара бөлімшесіне қызмет атқаруға аттандық. Шекараның бөлімше бастығы, капитан Еркебұлан Ахметжанов пен бөлімше бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, лейтенант Шахзод Сабиржанов жауынгерлердің саптық даярлықтарынан бастап, атқыш, атбегі, шекаралық бақылау бөлімшесінің кіші бақылаушысы, байланысшы сияқты шеберлікке шыңдап, әскери өмірге дайындады. Шекарадағы қызмет ерекше әрі күрделі. Бұл міндет сарбаздардан үлкен жауапкершілікті, моральдік және физикалық күшті, ерік-жігерді талап етеді. Маған әскердегі атқарған жауынгерлік қызмет аса қиындық туғызған жоқ. Себебі мен Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінің түлегімін. Әскери міндеттемелерді мінсіз орындап, өзіме берілген жауынгерлік тапсырмаларға аса ыждағаттылық таныттым. Осыған байланысты 18 тамыз –Шекарашылар күніне орай «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдым, – дейді Таңат Қанатұлы. ҚР Қорғаныс министрлігі азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында осы жылы жаңа жобаны жүзеге асыруды қолға алған болатын. Бұл жоба бойынша әскерден келген сарбаздар ҰБТ тапсырмай-ақ әскери оқу орындарына емтихансыз қабылдануына, ЖОО-ның ақылы бөлімдеріне оқуға түсуіне, әскери қызметін өтеу кезінде қол жеткізген жоғары нәтижесіне байланысты жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие бола алады. Шынында да бұл әскери міндетін өтеп келген сарбаздарға тамаша жеңілдік. Таңат әскери қызметін атқарып жүрген бөлімше бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Шахзод Муратжанұлынан осы жоба туралы естиді. Лейтенант «Бұл жауынгерлерге беріліп отырған тамаша мүмкіндік. Мұны мейлінше дұрыс пайдаланыңдар» деген кеңесімен едәуір жігерлендіріп тастайды. Әскерден жақында ғана оралған кейіпкеріміз бүгінде Алматы қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясына оқуға түсуге ниет етіп отыр. Патриоттық пен парасаттылықты ұштастыра білген Таңат жүрегі ел деп соққан әр жас әскерден қашпауы тиіс деген пікірде. – Әр адам өз ықтиярымен әскерге баруы керек. Әскер мінез мықтылығына ғана емес, туған өлкенің, ата-ананың, бауырлардың, достардың қадір-қасиетін ұқтыратын үлкен мектеп. Қатарластарымды және інілерімді әскерге барудан қашқақтамауға, азаматтық міндетін үлкен жауапкершілікпен өтеуге шақырамын, – дейді сарбаз. Жалпы Жамбыл жерінде де жанары жалын атып, намысы найзағайдай жарқылдаған жігерлі жастарымыз жетерлік. Олардың бәрін тізе берсек, бір мақалаға сыймасы анық. Бір айтарымыз, «Осындай рухты азаматтарымыз көбейе берсін!» деген тілек. Осындай жастар барда жарқын болашаққа, ел тыныштығының мәңгі боларына сеніммен қарай аламыз. Ең бастысы, әскерге аттанған ұландар аман-есен оралса дейміз.

Ақтоты Жаңабай