Әлеумет

Елім деген ер болмаса...

Елім деген ер болмаса...

Тәуелсіз елімізде тату-тәтті тұрмыс кешіп жатқан халық та, баянды болашағы бар өскелең ұрпақ та бақытты. Ал осындай мүмкіндікке біз қалай қол жеткіздік дейтін болсақ, мұның арғы жағында тоқымдай жерді қызғыштай қорыған жаужүрек бабаларымыздың ерен ерлігі мен еңбегі жатыр.

Баһадүр бабаларымыздың аттың жалы, түйенің қомында жүріп, ел мен жердің тұтастығы үшін қиқулап атқа қонуына олардың Отанға деген ыстық махаббаты себепкер болғаны анық. Қай дәуірде, қай заманда болмасын ұлан-ғайыр жері бар қазақ даласына көз тіккендермен бабаларымыз қасық қаны қалғанша айқасып, ел іргесінен алшақ айшылық жерлерге дейін асыра қуған. Әйгілі ақ патшаның заманында да ашық қарсылық білдірген. Ұлтқа, жерге, Отанға төнген қауіпке бейжай қарамаған. Қазақтың қайсарлығы екінші дүниежүзілік соғыста да анық аңғарылды. Фашистер Кеңес үкіметіне соғыс ашқанда майдан даласына аттануды «Отанды қорғау» деп ұғынып, ол кезде де оғландар от пен судың ортасында жүріп, жанқиярлық ерлікке барды. Осы тектес «Ер етігімен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен» заманда шыбын жанын қиып, қайсарлықтың ерен үлгісін көрсетті. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде де қазақтың қайсар ұл-қыздары рухымыздың асқақ, болмысымыздың батыл екенін айқын аңғартты. Осындай бабасы батыр, анасы ақыл кені болған халқымыздың бүгінгі ұрпағы да осал болмауы керек. Ол үшін басты міндет – әр адамның Отан алдындағы жауапкершілікті сезіне білуі. Ал Отан алдындағы жауапкершілікті жан-тәнімен қабылдағандар құрметсіз қалмауы тиіс. Міне, елім деген ерлерге лайықты құрмет көрсетілу үшін 7 мамыр Отан қорғаушы күні мерекесі ретінде белгіленді. Бұл мереке – батырлық пен қайсарлықтың, Отанға деген адалдықтың, шексіз сүйіспеншіліктің нышаны. Бұл азаттық жолында азапты күндерді өткерген, ұлт пен ұрпақ қамы үшін басын бәйгеге тіккен, майдан даласында мықтылығын мойындатқан, Жеңіс жолында жанын пида еткен ата-бабаларымыздың төгілген қанының өтеуі. Көптің көз жасымен келген тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры биік болуы үшін халық бір-біріне деген риясыз құшағын жаюдан аянып қалмау керек. Соның ішінде елім дейтін ер мен ерім дейтін ел ниетінің маңызы айрықша. Қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бәрінен биік Отанымызды мәңгілікке сүйіп өтейік!

Нұрым Сырғабаев