Таласта туып, Алты Алаштың азаматына айналды
Таласта туып, Алты Алаштың азаматына айналды
Ұстаз – ұлы есім! Осы ардақты атты абыроймен арқалап жүрген ұлағатты ұстаздар баршылық. Олар ұлтымыздың атын асқақтататын ұрпақ тәрбиелейді. Ал сол ұрпақ халыққа қызмет етеді. Ұлтымыздың ұлыларын ұлықтайды. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген даналық сөзі біздің осы ойымызды толықтыра түседі.Сондықтан да кез келген адам сауатын ашқан алғашқы ұстазынан бастап, жоғары оқу орындарында білім нәрімен сусындатқан һәм өмір мен өнерде бағыт-бағдар берген ұстаздарын құрметтеуі тиіс. Бұл – азаматтық парыз! Менің сондай құрметке лайық екі ұстазым бар. Бірі – Темірбек Қожакеұлы.Екіншісі – Серік Әбдірайымұлы. Қазақ сатирасының сардары Темірбек Қожакеұлының «Сатиралық жанрлар» атты кітабын мектеп қабырғасында жүргенде оқып қойғанмын. Сондықтан да ол кісіні көрмей тұрып өзіме ұстаз санадым. Кейін қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәрісін тыңдадық. 1999 жылдан бастап, ақтық демі біткенше «Мерзімді баспасөз» кафедрасында бірге қызмет еттік. Жас ғалымдар байқауында ол кісінің қолынан диплом алдым. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл» сатиралық қосымшасы жариялаған сатиралық байқаудың екі рет лауреаты атандым. Ол кезде Темкең қазылар алқасының төрағасы болатын. Осы сындарлы сыннан соң ұстазым «Егемен Қазақстан» газеті мен «Хабаршы» журналына сатира жайлы және байқауға қатысқан туындылар туралы мақала жазып, сол ғылыми еңбегінде менің де атымды атап, шығармаларымды жоғары бағалады. Атағы жер жарған даңқты деканнан мадақ естіп, марапат алу – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Бұл бақтың қадірін кезінде Темкеңнің көзін көрген, дәрісін тыңдаған шәкірттері жақсы түсінеді.
Ал Серік Әбдірайымұлы маған бір күн де дәріс оқыған жоқ. Есесіне өмірде һәм өнерде бағыт-бағдар берді. Білімді де білікті басшы болды. Мені ол кісімен таныстырған – бүгінде білікті баспагер, ақиық ақын, ұлағатты ұстаз Темірғали Көпбаев. Оның Алматыға қоныс аударып, «Қазақ университеті» баспасына редактор боп тұрып жатқан кезі еді. Үй-жай тапқанша біздің бөлмеде тұрды. Бір күні мені өзі қызмет атқаратын баспаға алып барып, Серағаңмен таныстырды. Мені қызметке алуын өтінді. Серағаң сөзге келмей жұмысқа алды. Ол кезде мен ҚазҰУ-дың 4-курс студенті едім. Сонда таңғалғаным, менің географиямды да, биографиямды да сұрамады. Соған қарағанда, Темкеңнің талғамына сенген-ау деп топшыладым. Мұндай жақсылықты туғаның да, туысқаның да жасай алмайды. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, осындай сәтті пайдаланып, мен де көп ұзамай курстасым Бақытжан Әлімқұловты жұмысқа тарттым. Серағаңоны да жұмысқа қабылдады. «Жақсы адам – күншуақ, білімді адам – шамшырақ» деген осы шығар, сірә!
Сол күннен бастап «Қазақ университеті» баспасының білдей редакторы боп шыға келдік. Бұл баспа сол кездегі Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов пен оның экономика жөніндегі орынбасары Бердібек Сапарбаев, Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбековтердің қолдауымен ашылған екен. Баспаның бас директоры – білімді де білікті баспагер Серік Әбдірайымұлы. Бас редакторы – қазақтың қабырғалы қаламгері Кәдірбек Сегізбаев. Бөлім меңгерушісі – белгілі журналист, жазушы, аудармашы Наурызбай Ақбаев. Осы кісілердің тікелей тәлім-тәрбиесін алдық. Өйткені орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен көмекші оқу құралдарын редакциялау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан жоғарыда аты аталған ағаларға жүгініп, көмек сұраймыз. Олар хал-қадірінше ақыл айтып, бағыт-бағдар береді. Тәжірибелерімен бөлісіп тұрады. Сөйтіп, Бақытжан екеуміз тез арада баспа ісіне төселіп кеттік. Айтпақшы, түскі ас кезінде және жұмыстан қайтар шақта Кәдірбек, Наурызбай, Темірғали ағаларымыз шахмат ойнайды. Кейде Серағам да қосылып қоятын. Олардың шахмат ойнағанының өзі – бір керемет комедия, әзіл-оспақ отаулары қоя алмайтын қойылым. Әсіресе Кәдекең ойнап жүріп әзіл айтып, біз секілді «көрермендерді» қыран-топан күлкіге көметін.Қарымта қайтаруға келгенде Наурызбай мен Темірғали ағаларымыз да қалыспаушы еді. Сөйтіп,қайтар кезде шаршағанымыз басылып, бір сергіп қалатынбыз. Ол да бір дәурен екен-ау!
Бір күні баспа басшысының қабылдауында болып, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен мақал-мәтелдері және тойда айтылатын әңдер мен шешендік сөздер жинағын шығару туралы бастама көтеріп, соны құрастыруға рұқсат сұрадым.«Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, Серағаң бастамамды қолдап, жаныма Бақытжанды қосып берді.«Жұмысқа келмей-ақ қойыңдар. Айына екі-үш рет келіп, жинаған материалдарыңды тергізуге тастап кетіп тұрыңдар» деді. Бізге сенді. Сондықтан біз сенімді ақтау үшін күнде Ұлттық кітапханаға барып, материал жинадық. Ол кезде бүгінгідей ксерокопия жоқ. Бәрін қолмен жазып, «Ятрань» машинкасында 3 дана етіп тергізетінбіз. Оны редакциядағы Кәдірбек Сегізбаев пен Наурызбай Ақбаев ағаларымыз түзеп-күзеп, алып-қосып отырды. Сөйтіп, біздің құрастыруымызбен «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл» деген жинақ 25 мың таралыммен шығып, тез арада сатылып кетті. Сонымен, оқырмандардың сұранысы бойынша ол кітап тағы да 25 мың таралыммен қайта жарық көрді. Ол да қолдан-қолға тимей, тарап кетті. Бұл кітап біздің баспа ісіндегі ең алғашқы өніміміз еді. Сондықтан да ол жинақ бізге әлі де ыстық.
Күні кеше қолыма «Қазақстан баспагерлері мен полиграфистері» атты анықтамалық түсті. Сол кітапты парақтап отырсам, Серік Әбдірайымұлы өзінің жазбасында «Санат» баспасының тарихы туралы айта келіп: «Осындай уақыт тудырған қиындыққа баспа ұжымы төтеп беріп қана қойған жоқ, тығырықтан шығар бар мүмкіндікті қолдан шығармауға тырысты. Сол бір қиын-қыстау, қысталаң шақта баспаның бас редакторы, белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаев, директордың экономика және өндіріс жөніндегі орынбасары Алма Ермекова, Гүлайым Шәнтиева, бас редактордың орынбасары Наурызбай Ақбаев, редакция меңгерушісі Тілеуберді Нүсіпбаев, редакторлар Темірғали Көпбаев, Сансызбай Мәдиев, Ермахан Әбдіраманов, Бақытжан Әлімқұлов, Жақсылық Жүнісов, суретші Әмірбек Тілеулиев, Балтабай Табылдиев, Диана Шуканова, Майко Бәйгисиева, техникалық редакторлар АйманТоқмурзина, Фаина Овчиникова, есепші-экономистер Жанат Молдағалиева, Валентина Петрова, заңгер Қашипа Дарханбаева, корректор Алма Смағұлова сынды азаматтар өздері шығарған кітаптарды қақаған аязға, аптап ыстыққа қарамай,жиі оқырман ортасында болып, тез әрі тиімді таратылуына күш салған күндер аз болған жоқ. Ең бастысы, ел қаншама экономикалық дағдарысқа ұшырап, әлеуметтік жағдай жоқтықпен бетпе-бет келген тұста қалың қазақты рухани аштыққа жібермеуге бар күш-жігерлерін жұмсады», деп қол астындағы қызметкерлерге, тіпті біз секілді студенттерге дейін атын атап, ризашылығын білдіріпті. Міне, мұндай іс үлкен жүректі, кеңпейілді адамның қолынан ғана келеді. Анықтамалық 2005 жылы «Білім» баспасынан жарық көрген. Бұл жазбаны мен енді көріп отырмын. Ал басқа қызметкерлер әлі көрмеген де, оқымаған да шығар. Ал ол кісінің ешкімге айтып, жария қылмағаны анық. Өйткені Серағаң – жақсылығын жар салып жүріп жасайтын адамдардың қатарынан емес. Енді олар осы мақаланы оқығаннан кейін білетін болады. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген – осы!
«Халқыңа қызмет ет, ізгілерге ізет ет, жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет» деген екен Қожа Ахмет Ясауи бабамыз. Сол айтқандай, Серік Әбдірайымұлы – келместің кемесіне мінгеншехалқына қалтқысыз қызмет етіп, аңыз да абыз адамдарды құрметтеп өткен азамат. Ол 1991 жылы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай», 1994 жылы «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітаптарының әдеби нұсқасын жазды. Сондай-ақ «Қаһарман – Нұрғиса», «Елу жыл ел ағасы» атты жинақтарды құрастырды. 1993 жылы Халықаралық Д.Қонаев қорының вице-президенті қызметін абыроймен атқарды. Сол жылдары Димекеңнің мерейтойларына орай Алматы мен еліміздің әр аймақтарында ғылыми-теориялық конференциялар және тағы басқа мәдени шаралар ұйымдастырып, ескерткіштерінің ашылуына мұрындық болды.
2005 жылы Серік Әбдірайымұлынан сұхбат алып едім. Ол сұхбат «Айқын» газетінің «Ақ сөйле» айдары бойынша жарық көрді. Қысқартылған нұсқасы толықтырылып, Дәрмен Смайыл басқарған «Айқап» газетінде жарияланды. Кейін мемлекеттік тапсырыс бойынша тасқа басылған «Ағынан жарылсақ...» атты жинағыма енгізілді. Сол сұхбатта Серік Әбдірайымұлы: «Мұсылман баласы әруақты арулайды, ғайбат айтпайды. Димекеңдей көзден кетсе де көңілден кетпейтін асыл жанды уақыт өткен сайын ел аса бір сағынышпен еске алады, бар ықыласымен есімін аялап отырады. Қапшағай қаласының ғана емес, Алматы сияқты ірі облысты Димекеңнің есімімен атайық деп құлаққағыс қылғалы біраз жыл болды. Қазақ халқы ғана емес, Қазақстанда тұратын барша ұлт пен ұлыстың ұсынысы бұл. «Халық айтса, қалт айтпайды». Ақ тілек аяқсыз қалмас деген сенімдемін», деп еді. Серағаң дуалы ауыз адам ғой. Араға 13 жыл салып, айтқаны айдай келіп, Қапшағай қаласы Қонаев есімімен аталды. Мұның өзі Серік Әбдірайымұлының тегін адам емес екенін білдіреді.
Жоғарыда Серағаңның Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты мемуарын шығарып бергенін айттық. Сол кітап шыққаннан кейін Димекең Серағаңа ризашылығын білдіре келіп, «Жигулидің» кілтін сыйлаған екен. Сонда Серағаң: «Жоқ, Димеке, алмаймын. Арамызда дүние жүрмеу керек. Дүние жүрген соң сыйластыққа қаяу түседі, әңгіме өрбиді. Ықыласыңызға мәңгі бақи ризамын!» деп бас тартқан екен. Содан Димекең «Бұл бала «Жигулиді» олқысынған болар» деп қаламгер інісін қайта шақырып, «Волганың» кілтін ұсыныпты. Бұл жолы да: «Біздің сыйластығымыз «Жигули» мен «Волгадан» да артық» деп темір тұлпардың кілтін алмай қойыпты. Осы оқиғаны Димекеңнің өзі талай жерде айтып, ізетті інісінің ақ та адал пейіліне ризашылығын білдіріп жүріпті. Бұл әңгімені Серағаңның құдасы, ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметұлының естелігінен де оқуға болады.
Қазақта «Өзіңнен жолдасың мықты болсын» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, Серік Әбдірайымұлының жора-жолдастары шетінен мықты болды. Кезінде Оралхан Бөкеев сол достарын «Жеті жетім» атаған екен. Себебі бәрінің әкесі Ұлы Отан соғысында қайтыс болған. Сол сөз ауыздан ауызға тарап, солай қалыптасып кетіпті. Олар – Ахметбек Кәрібаев, Бексұлтан Нұржекеев, Кәдірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғали, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкеев және Серік Әбдірайымұлы. Бұлар «Қуанышты бөліссең –қуанышың көбейеді, қайғыны бөліссең – қайғың азаяды» деген қағиданы ұстанып, айына бірнеше рет бір-бірін қонаққа шақырып, бас қосып жүрді. Бір отбасының балаларындай араласты. Бір-бірін бауыр тұтты. «Сенікі, менікі» деген ұғым болған жоқ. «Аға болып жарытпасаң, іні саған не керек?!Іні болып жарытпасаң, аға саған не керек?!» дегендей, ең үлкені – Кәрібай – аға, ал ең кішілері –Оралхан мен Серік іні бола білді. Сонда Серағаң ағаларынан бұрын үйге кіріп, үйден шықпайды екен. Олардан бұрын дастарқанға қол созбайды. Олардан бұрын сөйлемейді. Тіпті ылғи да олардан төмен отырады екен. Мұны Серағаңның кіші бола жүріп, кісілігін көрсетуі деп түсінген абзал. Ал ағалары өз кезегінде Серағаңды «Секөнтай» деп еркелетіпті.
«Жеті жетім» деген – шартты атау. Әйтпесе бұл санатқа Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Сағат Әшімбаев, Кәдірбек Уәлиев, тағы басқа қазақтың қабырғалы қаламгерлерін қосуға әбден болады. Қарап отырсаңыз, осы буын өкілдері қазақ әдебиетінің
өсіп-өркендеуі мен дамуына сүбелі үлес қосты.
«Жылы киім тән жылытар, жылы сөз жан жылытар» дегендей, Секең ылғи да айналасындағы адамдарға шуақ шашып, олардың жанын жылы сөзімен жадыратып жүретін. Мейлі ол өзінен үлкен болсын, кіші болсын кез келген адамды «Айналайын, арыстаным» кейде «Айналайын, жолбарысым», енді бірде «Азамат ердің баласы» деп еркелетіп, оның абыройын асырып, мерейін тасытатын. Әсіресе қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ұзын дәлізінде шәкірттерімен «Амансың ба, айналайын?» деп емірене амандасып кетіп бара жататын. Оны шәкірттерінің бәрі жақсы көретін. Әріптестерінің бәрі құрметтейтін. Ол кезде Серағаң «Санат» баспасында істей жүріп, алғашқыда «Мерзімді баспасөз» кафедрасында, кейін «Баспа ісі және редакциялау» кафедрасында дәріс оқыды. Кей жылдары Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды. Сондықтан да Серағаңды қазіргі қолына қалам ұстаған журналистердің бәрі ұстаз тұтады. Бұл қарашаңырақта да Серағаңмен бірге қызмет атқардым. Сол тұста оның бүкіл болмыс-бітімін тани түстім.
Серік Әбдірайымұлы – жампоз журналист, қарымды қаламгер, білімді де білікті баспагер, ұлағатты ұстаз, абыройлы аудармашы, қоғам қайраткері. Ол – «Жалынды жастық шақ», «Еңбек Ері Ермеков», «Бес мүшел белесінде», «Нұрғиса», «Күнді көлегейлеуге болмайды», «Самғау» атты кітаптардың және «Брест қамалындағы қазақстандық қаһарман» атты деректі фильмнің авторы. Сонымен қатар Серік Әбдірайымұлы – шебер аудармашы. Ол түрік қаламгері Орхан Кемальдың «Тұңғиықта» романын, орыс жазушысы Борис Васильевтің «Мансап пен махаббат», О.Серовтың «008 агенттің күйреуі», эстон қаламгері Пауль Куусбергтің «Монолог» повестерін, әйгілі әнші Федор Шаляпиннің «Перде жамылған пенде» естелігін, сондай-ақ шығыс пен батыс жазушыларының көркем шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.
Серік Әбдірайымұлы – Таласта туып, Алты Алаштың азаматына айналған тұлға. Оның елге сіңірген ерен еңбегі дер кезінде еленіп, «Парасат» орденімен және «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан