Жаңалықтар

Қазақтың ғарышта да ізі қалған

Қазақтың ғарышта да ізі қалған

Қуанса «төбем көкке жетті» деп көңілденіп, ертегі тыңдаса Самұрық құс болып көкте самғап, жеті қат жер мен жеті қат көкті толық білген қазаққа ғарышқа барған санаулы мемлекеттер мен ұлттардың қатарынан көрінуі соншалықты бір таңғаларлық іс емес. Алайда бұл өз арамызда айтып, мақтанып қалуға татитын-ақ шаруа.

Шын мәнінде ғарыш әлемін қазақ жақсы білген. Тіпті әр жұлдызға атау беріп, түнгі аспанда жымыңдаған жұлдыздардың қайсысы қай уақытта, қанша уақыт көрінетініне дейін жерде жүріп-ақ есептеген. Ертегіде айтылғандай қиялында кілеммен көкте ұшқан қазақ, аспанда ұшуға болатынына ақылы жеткен. Көкпен жердің арасының өлшемін білген халық сол себепті де жерді жұмыр деп атап кетсе керек. Шын мәнінде оқымай-ақ астрономиядан хабары болған біздің ата-бабаларымыз аспан әлемін толық жатқа білген. Оған біздің киіз үйіміздің пішіні мен құс жолын шоқ арқылы бейнелеген жертонарымыз дәлел. Шынымен де тонардың ішіндегі пісіп тұрған нанға, түбінде қозданып жатқан шоққа қарасаңыз көз алдыңызға жұлдыз келмей не келсін?! Демек біздің қасиетті бабаларымыз көк пен жердің байланысын білгендіктен де қазіргі Байқоңырды «Жеркіндік» деп атаған. Ол туралы мынадай бір аңыз бар. «Бір күні жер әлемді аралап келген Қорқыт атамыз Сырдарияға келіп, демалып отырады да Байқоңырға қарап тұрып белгісіз бір жұмбақ нұрды көрсе керек. Қобызын қолына алып, сол нұрға қарай жақындайды. Алайда Қорқыт келгенде ол жерден нұр ғайып болыпты. Бірақ денесін жоғары қарай белгісіз бір күш тартқандай болады. Сонымен қолына бір тас алып, оны лақтырып көрсе, әлгі тас жерге түспей ауада қалықтап, біраз тұрып қалады. Сол мезгілде Қорқыт атамыз бұл жер нағыз «Жер кіндігі» екен», деп баға берген екен. Міне, қазір ғылымда сол атамыздың бағасын растағандай Байқоңырды Жер шарының ең ашық, тақтайдай тегіс аумақтарының бірі, зымыранның ұшуы мен ғарышкерлердің қайтып қонуына географиялық жағынан өте қолайлы тұсы деген тұжырымға келді. Оның үстіне ғарыш айлағы болатын жердің өзінің шарттары болады. Ол біріншіден, экваторға тиіп тұрмаса да жақын болуы, екіншіден, қасында көл не теңіз болуы, әрі орбитамен белгілі дәрежеде тіке байланысуға болатын аумақ болуы керек. Біздің Байқоңырда осы шарттардың бәрі бар. Сондықтан оны ғарыш айлағы етіп белгіледі. Ол Қызылорда облысына қарасты Қазалы қаласы мен Жосалы елді мекенінің арасындағы Төретам кентінің қасында. Аталған киелі өлкемізден адамзаттың аспанға алғашқы сапарлары басталды. Дәл осы жерден 1957 жылдың 4 қарашасында алғашқы жасанды Жер серігі ғарышқа жіберілсе, 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш рет ұшқыш-ғарышкер Юрий Гагарин тізгіндеген «Восток» ғарыш кемесі ұшырылды. Содан бері біздің ғарыш айлағымыздан қаншама әлемнің ғарышкерлері көкке сапар шекті десеңізші?! Осы қасиетті аймақтан қазақ халқының да үш бірдей перзенті ғарышты шарлап келді. Олар Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Негізінде қазақ тарихындағы тұңғыш ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров. Оның аты әлемнің екі жүз елу алтыншы, КСРО-ның жетпіс екінші, Қазақстанның бірінші ғарышкері болып тарих бетінде алтын әріппен жазылған жалғыз қазақ. Ол 1991 жылы 2 қазан күні Байқоңырдан «СОЮЗ ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Осылайша ол ғарышта 8 күн болып, жерге қайта оралды. Ғарышкер аспан әлеміне жасаған саяхатында Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Қазақ халқының ғарышқа ұшқан екінші ұлы, әлемнің 309-ыншы ғарышкері Талғат Мұсабаевқа келсек, ол Гиннестің үздік табыстар кітабына енген. Талғат Аманкелдіұлы 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген. Ол 1991 жылдан бастап ғарышқа ұшуға даярланып, қосалқы ғарышкер есебінде екінші экипаждардың мүшелігіне қабылданады. Ол жалпы ғарышқа 3 рет ұшқан. Бірінші рет 1994 жылы ұшқанда 126 күн ғарышта болады. Оның екінші рет, яғни 1998 жылғы 208 күні ғарышта өтті. Үшінші рет 2001 жылы ғарышта 8 күн болып қайтты. Қазақтың үшінші ғарышкер ұлы – әлемнің 545-інші ғарышкері Айдын Айымбетов. Ол 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы, Өтенай ауылында дүниеге келген. Ол 2015 жылы 2 қыркүйекте 2-бортинженер ретінде транспорттық пилоттанған «Союз ТМА-18М» кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш стансасынан Халықаралық ғарыш стансасына аттанып, ғарышта 10 күн болды. Бір қызығы қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің туған күндері бір күнде екен. Тоқтар Әубәкіров ғарышта 8 күн 22 сағат 13 минут, Талғат Мұсабаев 341 күн 9 сағ 48 минут, ал Айдын Айымбетов 9 күн 20 сағат 13 минут 51 секунд болған. Бүгінгідей ғылым мен техника ұшқан құстай зымырап дамыған қоғамда, ғарыш арқылы жерді меңгеру және оны бақылауда ұстау маңызды саналады. 1993 жылдың ақпан айында Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен отандық ғарыш саласын дамытуға өкілетті мемлекеттік орган құрылады. Кейін бұл «Қазғарыш» атты ұйымға айналды. Міне, бұл тәуелсіз Қазақстанның ғарыштан жерді зерттейтін алғашқы қадамдары еді. Ал одан кейін елімізде көктен жерді бақылаумен айналысатын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, Республикалық ғарыш байланысы орталығы және «Ғалам» кәсіпорны сияқты түрлі мекемелер пайда болды. Кейін Парламент Сенатының жалпы отырысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң қабылданады. Бұл хаттамаға 2020 жылғы 31 қазанда Мәскеу қаласында қол қойылып, хаттама «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттен босату тәртібін және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін жүктеу кепілдіктерін қамтамасыз етеді. Хаттамада тараптардың 2023 жылы орта класты тасымалдағыш зымыранмен «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарының басталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер көзделген. Сондай-ақ құжатқа Ресей тарапының 2036 жылға дейін «Союз-5» зымыран-тасығыштарын ұшыру кешенін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері енгізіліп, «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыруға байланысты 2017-2022 жылдарға арналған жол картасы жасалып, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталғаны да баршамызға аян.

Шапағат ӘБДІР