Жыр дүлдүлінің рухына құрмет
Жыр дүлдүлінің рухына құрмет
Қазақстан Ақын-жыршылар одағының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Көбей Сейдеханов бір сөзінде: «Біз «әнші-ақын» дегенде ілгерідегі Ақан сері мен Біржан салды, кейінгі Естай мен Әсетті, кешегі Шашубай мен Исаны, Нартай мен Кененді еске аламыз. Әнші-ақындардың мұрагерлері, ізбасарлары әлі де аз емес. Солардың бірі, бірегейі – Аяз Бекетайұлы Бетбаев!» деп жазған. Сол сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Айтыстың ғажайып өкілдері Жамбыл мен Кененнің ізін Шу ауданынан шыққан Аяз Бетбаев жалғастырды» деп жазды. Аяз Бетбаев ақындардың толғау-термелерін, өсиет жырларын «майын тамызып» орындайтын. Ол тыңдаушыны бірден баурап алушы еді. Аяздың өзінің ұстазы Кененге деген ілтипаты ерекше болды. 1974 жылы Кенен Әзербаевтың 90 жылдығы тойында бата сұраған жас ақын Аязға Кенен абыз былай деп бата беріпті: «Әнің мәнді екен, Сөзің дәмді екен. Өнерде бағың жансын, Ниетің қабыл болсын!» деп. Оған Аяз ақын: «Тоқсанға келген Кенекем, Үстем болсын мерейің, Өнерде сізден үлгі алып, Шәкіртің боп ерейін», деп жауап береді. Бұл ұстаз бен шәкірт арасындағы дәстүрдің риясыз сабақтастығы емей немене?! Осындай ұстаз бен шәкірттің шынайы сабақтастығының үлгісін кеше көрдік. Халқына сыйлы ақынды еске алу кеші «Шу» халық театрының театрландырылған қойылымымен басталды. Экраннан көрсеткен Аяз Бетбаевтың өнер жолы жайлы қысқаша фильм көпшілікке ой салды. Кеште Аяздың шәкірті Бейбіт Шошабаев ұстазының терме-толғауларын орындады. Б.Шошабаев пен Шу ауданының ақыны, облыстық айтыс аламандарының жүлдегері Бақытбек Жұмабеков арасындағы айтыс та сәтті шықты. Шу ауданындағы «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі А.Бетбаевтың «Жұлынған гүл», «Ақ бейне ару – асыл ән» әндерін тамаша орындады. Облыстық Аяз Бетбаевтың шығармашылығына арналған байқаудың жеңімпазы Әбілқасым Сайлыбаев «Аяздың Кененге сәлем беруі» термесін жоғары шеберлікпен орындады. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері – Жақсылық Тілеубеков Кененнің «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған», Айгүл Есекеева «Бастау» әндерін тамаша орындады. Жақсылық Қалтешовтің орындауындағы «Қадірлейік достарды» әні де сәтті шықты. Кештің ерекше сәті Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан арнайы келген Аяздың шәкірті Серік Бейсенбаевтың ұстазының «Сағыныш» әнін орындауы болды. Аяздай ұстазын сағынған С.Бейсенбаевтың сонша қашықтан келуін нағыз азаматтық дер едік. Шығармашылық кешке Аяз Бетбаевтың асыл жары, баласы Бақыт Бетбаев арнайы келіп қатысты. Еске алу кешін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қорытындылап, сөз сөйледі. – Аяз Бетбаев – алты Алашқа ортақ биік тұлға. Ол кісінің мұрасы қашанда құнды. Алдағы уақытта да Аяз мұраларын дәріптеу жалғаса береді, – деді Н.Календеров. Сондай-ақ облыс әкімінің атынан Аяздың шәкірті Бейбіт Шошабаевқа шапан жауып құрмет көрсетіп, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Бұл марапатты Аяздың барлық шәкірттеріне жасалған құрмет деп түсіндік. Кеш соңында сахнаға облыс әкімінің, Қордай, Шу аудандары әкімінің ықылас гүлдері қойылды. Біз көрермендердің өнерпаздарды шапалақпен ұзақ қолдауынан-ақ олардың әйгілі Аяз Бетбаевты сағынғандарын байқадық. Аяз мұралары ешқашан ескірмейтінін сезіндік .
Ақтоты ЖАҢАБАЙ