Әлеумет

Сайттардағы сауатсыздық

Сайттардағы сауатсыздық

Қазір цифрландыру дәуірі. Цифрландыру заманауи әлемнің талабына айналды, онсыз одан әрі даму мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттік, салалық деңгейлерде, сондай-ақ жекелеген үй шаруашылықтары мен жеке азаматтардың деңгейіндегі қызметтердің барлығы электронды форматқа көшіріліп отыр. Ақпаратты цифрлық форматқа көшіру арқылы экономиканың тиімділігін арттыруға, адамның өмір сүру сапасын жақсартуға, сонымен қатар уақыт үнемділігі, ақпараттың қолжетімділігі, ашық бәсекелестік секілді заманауи қабілеттерді қалыптастыруға болады. Себебі цифрландыру – расында да дүниежүзілік дамудың трендіне айналып келеді. Ақпаратты цифрландырудың бір көрінісі – кез келген мекемелердің сайттары немесе ақпарат порталдары, ақпарат ресурстары. Қарапайым тілмен айтсам, сайттар. Сайттардың басты қызметі – белгілі бір мекеме туралы толық мәлімет беру. Әйтсе де осы сайттардың ақпарат беру қызметін әлі де толық түсінбей жүрген мекемелердің бар екендігін байқауға болады. Мұны осы сайттарға зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында байқадық. 

Интернет-ресурстың болуы – қажеттілік. Сайт – әр мекеменің бет-бейнесі, сауаттылықтың айнасы, мәлімдеме жасау мүмкіндігі, ақпарат тарату құралы, жарнаманың арзан, бірақ тиімді әдісі, тұтынушылармен өзара әрекеттесу жолы. Осының ішінде біз үшін маңыздысы – ақпаратты тарату сауаттылығы, әсіресе мемлекеттік тілдегі материалдардың сауатты, яғни орфографиялық нормаларды сақтап жазуы. Себебі сайттардағы мемлекеттік тілдегі материалдар – қазақ тілінің мәдениетін, тілдік норманы, сауаттылығын, тілдің тазалығын насихаттайды, жарнамалайды. Сайтта орналасқан қазақ тіліндегі материалдарды қарастыру барысында тілдің сауаттылығына, оны жеткізу әдісіне, мәдениетіне, терминдерді қолдануына назар аудардық. Сайттарды саралауда тіл мамандары артық тұстарын үлгі етуге, кемшіліктеріне әдістемелік көрсетуге міндеттіміз. Сол кезде ғана қазақ тіліндегі жазу, сөйлеу мәдениеті дамиды, тілде, сөйлеуде жауапкершілік артып, сауаттылық деңгейі көтеріледі. Сайттарда жарияланған материалдардың қазақ тілін жарнамалаудағы қызметі, олардың қазақ тілінің емле ережесіне сай жазылуы қаралды. Қазақ тілінің мәдениетін арттыратын негізгі белгі – тілдің тазалығы, сауаттылығы. Сайттағы ақпарат мәтініне қойылатын талаптар: мәтін сауатты және ұқыпты түрде жазылуы тиіс; егер мәтін үлкен болса, оны бірнеше веб-беттерге бөлу керек; құжаттың негізгі мәні браузердің бірінші экранында түсінікті болуы қажет; қайталанатын сөздер болмағаны абзал; мәтін тақырыбы әсерлі болғаны дұрыс. Ақпарат порталына тек ақпарат жанрында ғана материал салыну керек деген қатып қалған қағида жоқ. Сайтқа түрлі жанрда материал салуға болады. Тек көлеміне аса мән берілсе болды. Сайттардағы қазақтілді мәтіндерде кездесетін ортақ кемшіліктер төмендегідей: - «Мекенжай» сөзін бөлек жазуы (мекен-жай), «педагог» сөзіне қосымшаны дұрыс жалғамауы (педагогтар), «дирижер», «дуаль» сөзіне қосымшаны қате жалғауы, сонымен қатар ақпаратқа тақырып қою ережесі, әріптік қателер, жалқы есім мен кірме сөздерге қосымша жалғауда және бастауыш пен бастауыш арасында сызықша қоюда қателер кездеседі. Мысалы, «Балалар жылы аясында Көктал орта мектебінде 2022 жылдың қыркүйек айында мектеп инспекторы полиция мойоры Д.Кокишевтың қатысуымен 8-11 сынып оқушылары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Дұрысы: «Көктал орта мектебінде 2022 жылдың қыркүйек айында мектеп инспекторы, полиция майоры Д.Көкішевтің қатысуымен 8-11-сынып оқушылары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді; «Мектеп тарихы» бөліміндегі мәтінде: Мектеп-лицей сан жылдар бойы мыңдаған ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатқан облысқа, республикаға танымал іргелі білім ордасы. Бала өміріңнің жалғасы, ертеңгі жарқын болашақтың ел мен жердің иесі. Шын мәніндегі педагогтардың ерекшелігі – өзінің барлық білімін, ғылыми-зерттеу тәжірибесін түгелімен шәкірттеріне беру. - Дефис қою тәртібі сақталмаған: Рим санынан кейін дефис қойылмайды. Мысалы, «2019 жылдың 16 сәуір күні бастауыш 3-сынып оқушылары арасында өткізілген аудандық «Тілдің мерейі – елдің мерейі», «Тілім – тірегім, соғып тұрған жүрегім» мәнерлеп оқу байқауынан Бауыржан Момышұлы мектеп-гимназиясының 3 «А» білім алушысы Орынбасар Мұхамедәлі ІІ-орын иеленді. Дұрысы: ІІ орын немесе 2-орын; «Кез келген» тіркескен сөзін қос сөзі етіп жазған, «алғысхат» біріккен сөзін бөлек жазған. Сонымен қатар «әз» сөзінен кейін дефис қойылмайды. Бірақ ақпарат порталдарының көпшілігінде «Әз Наурыз» деп жазудың орнына «Әз-Наурыз» деп қате жазады. - «Әл» артиклі сөйлем ортасында келсе кіші әріппен, сөйлем басында келсе ғана бас әріппен жазылады. Ол толық мағыналы сөз емес, түбір сөзге қосымша мән беретін артикл. Мысалы: «Былтыр ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің мерейтойы аталып өтілді. Дұрысы – «Былтыр ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің мерейтойы аталып өтілді. - Жоғары лауазымды қызмет атаулары бас әріппен жазылады. Мәселен, тұңғыш президент емес, Тұңғыш Президент. - Жалпылама сөздер кіші әріппен жазылады. Мысалы: Шығыс Қазақстан Университеті. Мұндағы «университет» сөзі жалпы жоғары оқу орны дегенді білдіретін жалпылама сөз. Кіші әріппен жазылу керек. - Денсаулық сақтау мекемелерінің сайттарында ақпараттар сауатсыз жазылған. Сөйлем құрылымы үйлеспейді, мазмұны түсініксіз. Мысалы: «Казирги уакытта медицина ауырдын алды-алу манызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтын 2022 жылды - Балалар жылы деп жарялаған белгі. Орайда аралар балаларды профилактикалық тексеруге 1 136,3 млн теңге бөлінді». Қазір тұтынушыға тиімді ақпаратты ақпарат порталдары береді. Сондықтан ақпарат порталдарындағы тіл сауаттылығын дамытуымыз керек. Сайттың тілі – бұл қалың жұртшылықтың тіл тазалығы мен мәдениетін арттыруға тікелей ықпал ететін құрал. Сондықтан сайттың тілінің даму үрдісін жүйелі түрде қадағалап отыру, кемшіліктерді түзету, тіл сауаттылығын жетілдіру маңызды. Сондай-ақ қазіргі кезде жазба коммуникацияның, жалпы ақпарат алмасудың екінші басты құралы – әлеуметтік желілер. «Whats App» – жылдам хат-хабар алмасудың тиімді желісі болса, «Facebook», «Twitter», «Instagram» – оған қарағанда қысқаша мақала, пост жазып, ой бөлісіп, пікір алмасудың ең ыңғайлы желілері. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілердегі мемлекеттік тілдегі жазбалардың қатесінен көз сүрінеді. Қазақ тілінің қамын ойлаған тіл жанашырлары «Әлеуметтік желілердегі сауатсыздық», «Әлеуметтік желілердегі қателіктер» деген тақырыпта түрліше мақалалар жариялап, өз ойларын ашық жазып, бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп жүр. Желідегі қазақша сөздерді қазақ әріптерімен жазбау, қазақ сөздерін ықшамдап жазамын деп қате жазу және тағы басқа қателіктер өте көп. Бұл үрдіс осылай жалғасса, жастар арасында қате жазу – дұрыс жазу нормасы болып қалыптасу қаупі де бар. Әлеуметтік желілердегі мұндай сауатсыздық үрдісі тек біздің елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде екенін байқауға болады. Көрші Ресей мемлекеті де осындай сауатсыздықпен күресуде. Оны ресейлік БАҚ-тан байқауға болады. Бұл материалда қазақ лексиконындағы ең жиі қолданылатын сөздердің әлеуметтік желілерде қалай қате жазылып жүргенін талдап көрдік. Мәселен, қазақ лексиконындағы қолдану жиілігі жоғары сөз «рақмет». Осы сөзді «рахмет» деп жазады. Сонымен қатар бірге жазылатын «алғысхат» сөзін «алғыс хат» деп бөлек жазады. «Май», «шаш» деген көптік мәнді сөздерді «майлар», «шаштар» деп көптік жалғауларын қосып жазатындарды да байқаймыз. Былтыр әл-Фарабидың мерейтойына орай жазылған жазбаларда ұлы философтың тегіне қосымшаны түрліше жалғады, біреулері «Фарабидің» десе, екіншілері «Фарабидың» деп жазды. Әрине, дұрысы – «Фарабидың». Себебі қазақ тілінің емле ережелеріне сай «ов», «ев», «и» қосымшаларына қарай жалғауды жалғамаймыз, сөздің түбіріне орай жалғанатындығын бірі білсе, бірі білмей жатады. Тура осы секілді елімізде «Волонтерлер жылы» жарияланғанда, актив сөз болған «волонтер» сөзіне де қосымшалар түрліше жалғанды. Мәселен, «волонтерға», «волонтердың», «волонтерлар», «волонтерлық» деген сөздерді көп кездестіруге болады. Кейбір материалдарда «еріктілер» деген аудармасын да қолданды. Қазақ тілінің орфографиясында «волонтер» сөзіне жіңішке қосымша жалғанатындығы анық жазылған. Сол себепті «волонтерлер», «волонтерге», «волонтерлік» болып жазылады. Тағы бір айтатын жайт, қазақ тілінде буын үндестігіне бағынбайтын «-нікі, -дікі, -тікі» қосымшаларды сөзге жалғағанда түрлендіріп жазады. Мәселен, «әкімдікі» деп жазудың орнына «әкімдыкі», «қазақтікі» деп жазудың орнына «қазақтыкі», «баланікі» дегенді «баланыкі» деп қате жазады. Тіпті қазақ тілінде «-тыкі, -ныкі, -дыкі» деген қосымша жоқ екенінен бейхабар секілді. «Ма, ме, ба, бе, па, пе» сұраулық шылауларын орынсыз тіркестіріп жазу да байқалады. Мәселен, «Қызық емес па?», дұрысы – «Қызық емес пе?». Себебі «емес» жіңішкелік мәнге ие сөз болғандықтан, қазақ тілінің үндестік заңына орай, оған «ме» деген сұраулық шылау тіркесуі қажет. «Ол жүрмей ма?» деп жазылған, дұрысы «Ол жүрмей ме?» болады. Осы тектес қателерге жол беру сауатсыздықтың белгісі. Қазақ тілінде ең көп қолданылатын сөз «атсалысу», осы біріккен актив сөзді «ат салысу» деп тіркескен сөз етіп жазады. «Атсалысу» – көмектесу, қолғабыс ету, қатысу деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар «сұхбатты» – «сұқбат», «дастарқанды» – «дастархан» деп жазады. Тізе берсек, әлеуметтік желілердегі мұндай қателіктерді жиі кездестіреміз. Жоғарыда келтірілген мысалдардың орфографиясы туралы жалпы білім мектеп қабырғасында беріледі. Сонымен қатар қазіргі таңда мемлекеттік тілде ақпаратты сауатты жазу үшін тіпті кітап ақтарудың да қажеті жоқ. «Емле.кз», «Терминком.кз», қазақ тілінің ұлттық корпусы, «Атау.кз», «Сөздікқор.кз» деген секілді цифрлы бағдарламаның көмегіне жүгінуге болады. Олар қолжетімді әрі ыңғайлы. Сонымен қатар қазақтілді ақпарат құралдары, сондай-ақ қазақтілді тұлғалар – мемлекеттік тілдегі материалдардың сауатты жазылуына мұрындық болу керек. Себебі қазіргі таңда жалпы халық сауатты жазуды ақпараттық медиа кеңістіктен үйренеді. Қазіргі заман адамдарын, әсіресе жастарды әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес. Десек те ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Тіл тазалығын сақтау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады», дейді. Бүгінгі күннің талабы қазақ тілін жай меңгеру ғана емес, оны сауатты меңгеру болу керек. Бұл да мемлекеттік тілде жазу мәдениеті жоғары тұлға имиджін қалыптастыру тетіктерінің бірі болып саналады.

Балмира МЫРЗАБАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы