КІМДІКІ ДҰРЫС, КІМДІКІ БҰРЫС?
КІМДІКІ ДҰРЫС, КІМДІКІ БҰРЫС?
Осыдан кейін облыс әкімінің кеңесшісі Нұр-Мұхаммед Ниязбековтің қатысуымен брифинг өтіп, облыстық спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов А.Таңатаровтың қызметінен алынуына әсер еткен бірқатар кемшіліктерді атап көрсетті. Мәселен, Арман Бақытжанұлы аталған мектеп-интернат-колледждің спортшыларына спорттық киімдер алуға бөлінген қаржының іссапар шығындарына, оқу-жаттығу жиындарына жұмсалғаны, балалардың тиісті басқарманың келісімінсіз онлайн оқуға жіберілуі, кредиторлық берешектердің жабылмауы, осы жылдың наурыз-сәуір айларында спортшы балалардың тамақпен қамтамасыз етілмегені секілді тағы да басқа бірқатар кемшіліктер орын алғанын сөз еткен болатын. Кеше Тараз қаласындағы «Жамбыл» қонақүйінің конференция залында Ақжүрек Таңатаров та БАҚ өкілдері мен бірқатар қоғам белсенділерінің басын қосып брифинг өткізді. Ол А.Ташметовтің таратқан мәліметімен келіспейтінін айтып, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. – Басқарма басшысы көтерген бірінші сауалға жауап берер болсам, онда менің 2021 жылы желтоқсан айында спорттық тауарларды сатып алуға арналған 3 109 000 теңге көлеміндегі қаражатты өзге шығындарға, яғни оқу-жаттығу жиыны мен түрлі спорттық жарыстарға ауыстырғаным айтылған. Менің бұл сауалға айтарым келесідей, аталған интернат-колледжге 2021 жылдың 21 сәуірінде тағайындалдым. Мен интернатқа келгенімде барлық мемлекеттік сатып алулар конкурсы өткізіліп, қаражат игеріліп қойған еді. Ал аталған 3 109 000 теңге мемелекеттік сатып алулардан үнемделген қаржы болатын. Сол себепті оқудағы спортшыларым тәжірибе алу мақсатында түрлі жарыстарға іссапарға жіберілді. Себебі іссапарға қарастырылған қаражат мен жұмысқа тағайындалғанда жеткіліксіз мөлшерде болды. Мен Арман Ташметовтің мұны қай ойымен айтқанын түсіне алмай отырмын. Әр спорт басқармасына қарасты спорт мекемелері қандай да бір қаражатты спорт басқармасының рұқсатынсыз ешқайда жұмсай алмайды. Мемлекет қаржысын ешкім өз бетімен пайдалануы мүмкін емес, – деген ол басқа да сөз етілген мәселеге қатысты өз жауабын берді. Қалай десек те мына жағдайға қатысты қазір қоғамдық пікір екіге жарылып отыр. Бір тарап А.Таңатаровты «әділдік іздеуде» десе, тағы бір тарап атақты спортшының өзін кінәлап отыр. Ел арасында алыпқашпа сөз тарамауы үшін әркімнің өз ақиқатын айтуына құқы бар. Ал кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс оны алдағы уақыт көрсете жатар.
Н.Болатұлы