Қоғам

«Отан – отбасынан басталады»

«Отан – отбасынан басталады»

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, Отанды сүю – отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты. Ел ішінде жұрт «айрандай ұйыған» деп сырттай мақтап, тамсанып жататын отбасылар жетерлік. Сондай ауызбіршілігі жарасқан, жарты ғасыр қол ұстасып, өмірдің ащысы мен тұщысын, қызығы мен қиындығын қатар көріп келе жатқан жұптарды үлгі етудің сөкеттігі жоқ.

Әңгімесі таусылмаған жұбайлардың бірі – Тастан Жапашев пен Күлдар Күзембаева. Татулықты ту етіп, шаңырақтағы ырыс пен ынтымақты еселеу жолында «сіз-біз» десіп, сыйластықта өмір сүріп келе жатқан Тастан атамыз бүгінде 82 жаста.Отбасы жарасымдылығының ұйытқысы жұбайы Күлдар апа 76 жаста. Отбасы іргесінің берік болуы ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен шыдамдылықта деп түсінетін жұбайлардың отау құрғанына биыл 59 жыл. Амандық болса, алда оларды 60 жылдық той тосып тұр. 2013 жылы Қала күні мерекесінде алтын тойлары өтіп, Тараз қаласы әкімдігі тарапынан марапатталған болатын. «Біреу айтқан қаңқу сөзге ермей, бір-біріне деген сенімділікті жоғалтпау шаңырақтың шаттығын еселей түседі» деген отанасы К.Күзембаева мен отағасы Т.Жапашев 6 ұл-қыз тәрбиелеген. Олардың әрқайсысынан бүгінде 20 немере, 17 шөбере сүйіп отыр. Жақын-жуыққа қамқорлық білдіру, досқа адалдық таныту секілді құндылықтар бұл әулеттің берік қағидасына айналғалы қашан. Бүгінде балалардың барлығы жоғары оқу орнында білім алып, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Ұлы Мәдібек Жапашев облыстың төтенше жағдайлар саласында басшылық қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Екінші ұлы Нұрмахан да өрт сөндіру қызметінде. Ұлағатты ата-ананың тәлімді тәрбиесін алған барлық балаларының отбасында махаббат салтанат құрып, ырыс-береке ұялаған. Күлдар апаның жүзіне қарасаңыз жас күнінде аса сұлу болғаны көрініп тұр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жетпістен асса да аздап әжім түскені болмаса ажары таймапты. Мінезі де жайдарлы апа келіндеріне де жұмсақ, жайлы екен. – 1964 жылы маусым айында отау құрдық. Ол кезде көлік деген жаңадан шығып жатқан. Жасым 19-да еді. Бір күні үйге бір кісілер мені айттырып келді. Қонақтар кеткен соң Ұлтусын жеңешем: «Әппақ қыз, бері келші», деп сыртқа шақырды. Ойымда ешнәрсе жоқ, шықққаным сол еді, «Волга» көлігімен келген жігіт басып алып қашты. Ол уақытта атаңның жасы 23-те болатын. Жылап-жылап, көндік. Жаратушының маңдайға жазғанынан, ата дәстүрден аса алмай өзге жұртта қалдық. Бірақ бақытты өмір сүрдік. Жас күніміздің өзінде ұрсысқан емеспіз. Әйел болып бажылдап, айқайлап көрмеппін. Ер адамның бабын жасап, үй мен түздің тірлігін қатар алып жүрдік. Әкесі ертеректе қайтыс болып, күйеуім анасын сыйлауды маған қатты тапсырды. Сол кісінің батасын алдық, – деп өткенді еске алды апа. – Қарағым, бір орында 40 жыл тапжылмай жұмыс істеппін. Түлкібас ауданының Састөбе ауылында әк зауыты болатын. Сол жерде машинист қызметін атқардым. Адал еңбек бәрін жеңеді екен. Қиянатқа бармадық. Кемпір екеуміз осы уақытқа дейін шәй деспей өмір сүріп келеміз. Келіндерім де адалынан болды. Мәдібек балам мен Бағлан келінім қолда тұрады. Олардың өзі бүгінде ата мен әже. Жұмысымды жақсы істегенім үшін Мәскеуге дейін мараппатталып барып келдім. Аллаға шүкір, кеше ғана 82 жасымды атап өттік. Апаң да зауытта жұмыс істеді. Қара жұмыс адамды қатайтады. Бірақ жүрегіміз қатаймады. Өзімізді әлі де жас сезінеміз. Жүрегіміз жас қой, – дейді Тастан Жапашев. Бала көңілді қарияларды ел-жұрт, бұл кісілерді танитындар «Қыз Жібек пен Төлеген» деп атайды. Қыз Жібек десе дегендей-ақ, апамыз аппақ, сұп-сұлу болып үлбіреп тұр. Келіндерге ақылын айтып, білгенін әлі күнге үйретіп келеді. Атаның да жүрісі ширақ. Шәмшінің әндерін әуелете шырқап отыр. Дастарқан басында батасын беріп, ас қайырып, құран оқып, өнегесін айтып, отбасына үлгі болып жүр. Осындай берері мол қариялар көп болса дейміз. Жарты ғасырдан астам жұптары жазылмай келе жатқан ерлі-зайыптылардың шаңырағы шаттыққа тола берсін. Жаратқан «гауһар тойға» жетуге нәсіп етсін деген тілек білдіреміз біз де.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА