«Ақындық мамандық емес, өнер»
«Ақындық мамандық емес, өнер»
– Халқымыздың мәдениетінің мәйегі болған ұлы өнердің бірі – айтыс. Айтыс арқылы ақындар қазақтың руханиятын сақтап, мәдениетінің дамуына өз үлесін қосты. Елдің әлеуметтік жағдайынан хабардар етіп, әділдікті ту етті. Ақындар ел арасындағы келеңсіздік пен кемшіліктерді жырмен жеткізді. Халық ақындарды сыйлады. Ақын айтса сеніп, ақын айтса көнді. Тәуелсіздік алғалы айтыс өнері жанданды, дамыды. Соның арқасында осы өнеріміздің өзегіне құрт түсірген жоқпыз. Қазіргі жас ақындардың өлең құрау формуласы мен халыққа оны жеткізу мәнері де өзгеше. Оған талай айтыста ел куә болып жүр. Айтыс өнеріне жастайымнан қызығушылықпен қарауымның арқасында бүгінде сахнаға көтерілу бақыты бұйырды. – 10-сынып оқушысы үшін бас жүлдені жеңіп алу оңай белес емес. Егер қазір айнаға қарасаңыз, одан оқушы Алинаны көресіз бе, әлде айтыскер Алинаны ма? – Әрине, сөзіңізді тура мағынасында түсінуге де болады. Бірақ айна адамның бет пішінін көрсеткенімен, рухы мен жан дүниесінің бейнесін көрсете алмайды. Сондықтан мен өнер туындысына қарасам да, өмір құбылысына қарасам да боямасыз өз қалпымды көргім келеді. Егер дәл қазір менің алдыма айна алып келіп қойсаңыз, мен одан қарапайым ғана 10-сынып оқып жүрген Айдаралының айтыскер қызын көрген болар едім. – Кіл жүйріктің ішінен шын жүйрік болып шығу да оңай емес. Осы жолғы айтыстан алған жүлдеңіз өміріңізге қандай да бір өзгеріс алып келді ме? Әлде осындай бақ бұйыратынын алдын ала сездіңіз бе? – Мен іштей бәріне де дайын болдым. Десе де жүлделі болатынымды алғашқы айналымнан кейін-ақ сезе бастадым. Ал алған жүлдемнің өміріме айтарлықтай әсері болмады десем, мұным жалған болар еді. Өйткені бұл маған бірден танымалдылықты алып келді. Қазір байқасам, әлеуметтік желіден достық тастаушылар да, қуанышы мен тойларына шақырушылар да, тіпті «өлеңімді көріп беріңізші» дейтін оқушылар да көбейді. Міне, бүгін сізге сұхбат беріп отырғанымның өзі осы сөзіме дәлел. – Айтысты біреулер «Дала театры» деп таза саф өнер ретінде бағаласа, енді бірі танымал болудың немесе ақша табудың тікелей жолы деп бағалайды. Ал сіз ше? – Бұл өнердің о баста «Дала театрының» рөлін атқарғаны рас. М.Әуезовтің айтысты «синкретті өнер» деп бағалағаны да бар. Айтса айтқандай, бұл өнер әншілік, күйшілік, орындаушылық пен ақындықты бір арнаға тоғыстырған құнды мұрамыз. Мысалы, Еуропа елдері өздерінің ұлы өнері ретінде әлемдік аренада балет, операсын көрсетеді. Сол сияқты менің өзімнің әкем жағы болып келетін балқарларда лезгин биі бар. Қарап отырсаңыз, Қап тауының тұрғындарының әр кезеңге байланысты билері де өзгеріп отырады. Алайда олардың басты мақсаты тек қана билеу емес. Бидегі әр элементтің өз функциясын көрсетуді мақсат етеді. Мысалы, қыздары көл бетін сызып жүрген нәзік аққудың бейнесін берсе, жігіттері көк аспанда самғаған қыранның бейнесін сомдайды дегендей. Сол сияқты әрбір ұлттың өзінің ұлттық ерекшеліктерін бойына сіңірген тамаша өнер туындылары бар десек, қазақтың бірден-бір өнері ол айтыс болмақ. Өйткені Құлмамбет пен Жамбылдың айтысында экономикалық, мәдени мәселелер көтерілсе, Қатаған мен Сүйінбайдың айтысында демографиялық ахуалдар қозғалады. Біз бүгінге дейін сақталған сол айтыстарға қарап отырып, қазақ пен қырғыздың шежіресіне де қаныға аламыз. Сондықтан мен айтысты қазақтың өмірі, қазақтың өзі деп түсінемін. – Жалпы айтыс сахнасына шығу үшін талантты болу жетіспейді. Оған рухани, мәдени жағынан әрі психологиялық түрде мығым дайындық керек. Ал сіз айтысқа қалай дайындаласыз? Ұстазыңыз бар шығар? – Дұрыс айтасыз, айтысқа шығу үшін ақын киетін киімі мен домбырасының тиегіне дейін дайындауы керек. Әрі айтар ойды жинақтау үшін айналамдағы адамдармен де, өнерге баулып жүрген ұстаздармен де ақылдасамын. Бастысы ата-анам мен достарымның, мектептегі мұғалімдерімнің қолдауы мен үшін маңызды. – Ақындардың ойы, мінезі әртүрлі болады. Сондықтан да айтысқа келген бір ақынға жүлде маңызды болса, енді біріне сәтті айтыс шығару маңызды. Тіпті әріптесін сөзден ұтуды «маңызды» деп санайтын ақындар да бар. Ал сізге айтыс сахнасында не маңызды? – Талдың сабағындағы алманың албырап пісуі үшін күннің қызуы, найзағайдың күркірі, желдің желпуі, одан басқа бағбанның артық бұтақты кесіп, баптауы мен мұраптың суы қажет. Осының бірі болмаса жеміс бабына келмейді. Сол сияқты айтысқа шыққан ақынға қазылардың қас-қабағы, көрермендердің шапағаты әсер ететінін қоспағанда, әріптес ақындар, әдебиет саласының майталмандарының пікірі ауадай қажет. «Сүйкімді өнердің сүйкімін қашырмау – біздің парызымыз» деп білемін. Әрі менің сахнадағы басты мақсатым қарсыласымды жеңу емес. Өйткені мен біреу тойда тілек айтқанда қысылып, айтар ойын жеткізе алмай тұрғанын көрсем де қарадай қынжылып кететінім бар. Сондықтан мен қасымдағы әріптесімнің сөзден тосылып, кібіртіктеп қалғанын қаламаймын. Тең дәрежеде өнер көрсетіп, оның көсіле шауып, көкейіндегісін айтуына мүмкіндік тудырып, барынша жақсы айтыс жасауды ғана ойлаймын. – Сөз өнері оңай емес екенін бәріміз білеміз. Ал сахнада өлең құрастырып, суырып айтып, ойыңды халыққа ұғынықты жеткізу қиынның қиыны. Өйткені ел алдында өлең айту түгіл, жай сөз айтудан да адамдар қобалжиды. Сізде айтысқа шығар алдында сондай сезім бола ма және оны қалай басасыз? – Болады. Ол сахнаға шығып, бірер қайырым жасағанға дейін басылмайды. Мен айтыстың дүбірі естілген сәттен-ақ қобалжып бастаймын. Маған әр сахнаның табалдырығына қадам басу оңай емес. Ылғи дұғаларымды іштей айтып, сахнаға «біссімілла» деп шығамын. Ал сахнаға шығып, отырғаннан кейін қарсыласымның домбырасының дауысын естігенде мүлдем басқаша қобалжу басталады. Бір жағынан, көрерменнің шапалағын естігендегі толқыныс та ыстық. Оны сөзбен айту мүмкін емес, сезіну керек. Айтыс біткен соң өзіммен-өзім оңаша қалып, айтысқа сараптама жасағаннан кейін ғана көңіл толқынысым саябырсығандай болады. Бірақ басылмайды. – Алған жүлделердің буына мас болып, кластастарыңыз бен достарыңызға сынай қараған сәттеріңіз болды ма? – Алған жүлделерім, ең алдымен, материалдық қажеттіліктерімді өтеді. Ал сынай қарау мәселесіне келсек, ол әрбір шығармашылық адамына тән қасиет деп ойлаймын. Себебі сен оқыған кітабың, көрген фильмің, кірген ғимаратыңның өзін сараптамадан өткізуің керексің. Ал егер сіздің сұрағыңыз «Халықтың ықыласын алып, айтыскер екеніңді мақтан тұтып, сыныптастарыңа жоғарыдан қарайсың ба? деген мағынада болса, онда «жоқ» дер едім. Оны мен Рүстем Қайыртаймен айтысқанда да айттым. «Партада отырғанда бала болам, айтысқа шыққан кезде дана болам» деп қайырған шумағымнан-ақ менің ішкі жандүниемді білуге болады деп ойлаймын. Тоқетерін айтқанда, айтыстағы орындығым мен мектептегі партамның қасиеті мен үшін бірдей. – Айтыскерлер өнер жолына әртүрлі себептермен келіп жатады. Сіздің айтысқа келуіңізге не себеп? – Мен теледидардан айтыс көрген сайын елеңдеп отыратынмын. Облыс ақындарының ішінен Айтмұхамет Исақов, Ахметжан Өзбеков ағалар сияқты ақындардың артынан ерген аңызды естіп, қызығып өстім. Кейде айтыс ақындары келген тойларға барып қалғанда олардың дүрілдетіп ән салып, халықтың ықыласына бөленгенін көріп, қатты қызығатынмын. Кейін сол қызығушылық мені айтыс сахнасына алып келді. Бір ғұламаның «Талдан түскен жапырақтың да қай жерге барып құлары тағдырына жазылып қойған» деген сөзі бар еді. Менің де маңдайыма жазылып, бағыма қонған бақ құсым осы айтыс өнері деп білемін. Әрі осы өнер жолында кездескен адамдардың бәрінің де ықпалы зор болды деп есептеймін. Алғашқы ұстаздарымның бірі – мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құралай Райымбекова болса, одан кейін де көптеген ақын ағаларымның көмегі тиді. Олар дұрыс жолды нұсқап, бағыт-бағдар берді. Кейін оқушылар айтысына келгенде Нұрлыбек Құрманов сынды ақындардың да тәлім-тәрбиесі әсер етті. Дәл қазіргі таңда айтыс өнеріне жетелеп жүрген жетекшім – белгілі айтыскер ақыны, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы. Жалпы мен өнер жолында кездестірген игі жақсының бәрін ұстаз деп танимын. Әрі менің осындай ақындық жолына түсуіме үлкен септігін тигізген де осы ағаларым. – Сіз сонда болашақта өзіңізді ақын ретінде ғана елестетесіз бе, әлде басқа да салаларға ойысу ойыңызда бар ма? – Ақындық деген мамандық жоқ. Өйткені ақындық мамандық емес, өнер. Осыған бірден бойұсынып, оның мамандық емес екенін бар болмысыңмен қабылдауың керек. Поэзия алыбы Мұқағали Мақатаев та теле-радиода диктор болып жұмыс істеген. Менің сүйікті ақындарымның бірі – Есенқұл Жақыпбек ағамыз да мектепте мұғалім болған. Сондықтан айтысты тек менің өнерім деп қабылдаймын. Ал болашақта қандай маман иесі боларым уақыт еншісінде. Бірақ не де болса тамыры тереңге жайылған әдебиет саласының бір тармағына жанасарым анық. – Әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР