АҚТАҢДАҚТАР АҚИҚАТЫН ҰҒЫНУ – БҮГІНГІ ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ
АҚТАҢДАҚТАР АҚИҚАТЫН ҰҒЫНУ – БҮГІНГІ ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақыт деп ойлаймын. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Білімді, сауатты азаматтар – бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Шын мәніндегі бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп, бұл туралы аға ұрпақ жастық жылдарда армандай алмайтын. Біз XXI ғасырдың тәуелсіздігінде емін-еркін өмір сүріп келеміз. Бірақ тәуелсіздік бізге оңай келмеді. Бүгінгі ой-толғауымды артқа шегініс жасап, тәуелсіздікке қол жеткізуге ғұмырын қиған Алаш азаматтары, репрессияға ұшыраған саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жазғым келіп отыр. Жиырмасыншы ғасыр... Оның болмысы мен бітімін жасаған, ел санасындағы келбет-кескінін қалыптастырған ірілі-ұсақты оқиғалар да, ірілі-ұсақты тұлғалар да белгілі бір кезеңдегі тарих сипаты мен дәуір мінезін айғақтар ақиқат пен шындықтың көзіне айналып барады. Жиырмасыншы ғасыр – қазаққа қасірет пен қуанышты қатар берген ғасыр. Жер есімді планетаның еуразиялық ұлы кеңістігін еркін иемденіп, дүниенің төрт қиырына көшпенділер мәдениетін, атағын жайып, абыройын аспандатар бірден-бір халық ретінде танылып келген Ұлы даланың қожайындары жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында бұрын-соңды болмаған қатерге кезікті. Ұлы нәубет Ұлы даланы шалғымен орғандай жайпап өтті. Қазақ халқы қолдан жасалған геноцидтің құрбаны болып, өз жерінде өзі теперіш көрді. Басына ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнді. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақ елінің қадір-қасиеті төрткүл дүниеге бірлігімен танылып келеді. Сол сүттей ұйыған бірліктің арқасында аз ғана уақытта еліміз ғасырлар бойы қалыптасатын құндылықтарды жасап үлгерді Адамзаттық тарихтың асыл арқауы – азаттық пен жасампаздық жолы. Оның негізін – бірлік пен татулық, достық пен тұтастық құрайды. Арғы-бергі тарихта, өркениет дамуында азаттықты ту еткен, бостандық жолын мұрат еткен, осы бағытты таңдаған ұлт пен ұлыстар көп-ақ. Алайда азаттық жолына түсу, тәуелсіздік мұраттарына қол жеткізу оңай болмағаны анық. Ел тарихы мен дамуында Алаш жолы, азаттық пен тұтастық мәселесі кең орын алады. Бұл тәуелсіздік кезеңінде маңызды факторға айналды. Қазақстан тарихнамасында ұлт зиялыларының азаттық пен бостандық жолындағы ерен еңбектеріне кең орын беріледі. Бұл ретте, әрине, ХХ ғасыр басында қазақ оқығандарының қоғамдық өмірге, руханият салаларына еркін еніп, бұл бағыттарда елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етуі үлгі етуге лайық. Біртұтас ұлттық мемлекет құру – Алаш идеясының басты ұстанымы болды. Алаш жолы – ұлт тарихының айнасы, елдік мұрат-мүдденің асыл арнасы. Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы сан қырынан таразылайтын тың тақырып. Әлі де оның қайраткерлері толықтай зерттеліп болған жоқ. Мәңгілік Алаш идеясын жүзеге асырудағы қазақ зиялыларының рөлін тарихи саралап, өткенге көз жіберсек, Алаш идеясының ХХ ғасырдың бас кезіндегі уағыздаушы әрі жүзеге асырушы қайраткерлері ұлт ісіне ерте есейген есті санамен, жалындап тұрған жастық жігермен құлшына кіріскендіктерін байқауға болады. Алаш қозғалысының басты мақсаты – Қазақ елінің өзін-өзі басқару, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі малшаруашылығын өркендету. Сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, нарықтық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқығын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Қазақты ұлт ретінде сақтап қалу болды. Солардың бірқатары туралы нақтылы деректер келтіре кетсек, алашордалықтарды ұлтшылдар ретінде 1929-1931 жылдар аралығында құрта бастады. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер секілді Алаш арыстары болды. Сталиндік репрессия мен қолдан жасалған ашаршылық салдарынан Жамбыл облысынан 5000-нан астам адам түрлі жазаларға тартылған. 800-ден астам азаматымыз оққа ұшты. Оған қоса шолақ саясаттың, қолдан жасалған ашаршылықтың салдарынан қаншама адам құрбан болды. Ал енді саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Жамбыл облысының тумасы Қабылбек Сармолдаевқа тоқталып өтейік. Қ.Сармолдаев 1937 жылы Дондағы Ростов Теміржол транспорты инженерлері институтын бітірген соң қызметке кіріспей жатып, халық жауының туысы болғандықтан 10 жылға абақтыға жабылады. Воркутаның шахтасында 10 жыл бойы жұмыс істеп, мерзімін өтеп, дімкәс халде елге оралған ол Түркістанда көз жұмады. Қ.Сарымолдаевтың әйелі Майнұр да «халық жауының» әйелі ретінде 10 жылға жазықсыз сотталған болатын. Жалпы ХХ ғасырдағы қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің бірі саналатын Қ.Сармолдаев 1898 жылы 22 ақпанда Меркі ауданының Ойтал ауылында дүниеге келген. Меркідегі орыс-қазақ мектебінде Т.Рысқұлов, М.Жылысбаев сияқты ұлт арыстарымен бірге оқыған. Мектепті үздік бітіріп шыққан соң білімін Әулиеатада жалғастырады. Кейін Меркіде Тұрар Рысқұловтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстандағы алғашқы революциялық саяси ұйым саналатын «Қазақ жастарының революциялық одағының» белсенді мүшесі болды. Қ.Сарымолдаев Әулиеатада билік кеңестердің қолына өткеннен кейін әртүрлі басшылық қызметтер атқарды. Әулиеата совдепінің төрағасы және ТурЦИК-тің, Азық-түлік халық комиссариатының коллегия мүшесі болды. 1919 жылы Аштыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияны басқарып, жүздеген мың адамды аштықтан аман алып қалу жолында күресті. 1921 жылы Қазақ АССР Ішкі істер халком орынбасары қызметіне ауыстырылды. Ал 1922 жылы ТКП облыстық-қалалық комитеті үгіт бөлімінің меңгерушісі, кейіннен ТКП облыстық-қалалық комитетінің (Алматы) бюро мүшесі болды. 1923 жылы Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылды. 1924 жылы оны Хорезм Республикасына жібереді. Онда Жұмысшы-шаруа инспекциясының халық комиссары, Халком кеңесі төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Одан кейін елге оралып, 1927 жылы Қазақстан халық шаруашылығы Орталық кеңесінің төрағасы болды. 1928-1931 жылдары Республика жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, ал 1931 жылы Қазақ АССР Жер шаруашылығы халық комиссары. 1933-1936 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы, Торғай аудандық атқару комитеті төрағасы болып қызмет атқарды. Ал 1936 жылы Қазақ ССР Тамақ өнеркәсібі халық комиссарының 1-орынбасары болып тағайындалды. Бұл оның ең соңғы қызмет орны болатын. Өмір жолы мен қызмет ету сатылары Қазақстанның автономиялық республика болып құрылуымен тығыз байланысты болған қайраткер өзге Алаш зиялылары секілді «халық жауы» деген жаламен сотталып, жазықсыз ату жазасына кесілген. 1927-1953 жылдарға дейін саяси қуғын-сүргін құрбаны болған адамдардың қаралы тізімін әрі қарай жалғастыра беруге болады. Ұзақ жылдардан кейін ғана көптеген Алаштың ардақты азаматтарының есімдері халқымызға қайта оралды. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы. Тәуелсіз ел атанғанына 32 жылға аяқ басқан Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып қана қойған жоқ, сонымен қатар әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне де айналып үлгерді. Елімнің тағдыры – менің тағдырым! Өйткені біздің әрқайсысымыздың тағдырымыз еліміздің тағдырымен тамырлас жатыр. «Тәуелсіздіктің замандастары – жастар, біздер, өте бақытты ұрпақпыз. Сондықтан елімнің тағдырына менің де қосар үлесім бар, өз тағдырымды өз қолыммен жасаймын деген азаматтық міндет әрбір Қазақстан азаматында болуы тиіс. Біз сөзбен емес, ісімізбен патриот болуымыз керек. Бүгінде елім аман, жұртым тыныш, туған-туыстарым қасымда. Ең бастысы, туған елімде білім алып жатырмын. Бұдан артық қандай бақыт керек? Менің тағдырым да миллиондаған отандасымыздың тағдыры сияқты ел ертеңіне тікелей байланысты. Еліме пайдамның тигені үшін де бақыттымын!
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Тарих» факультеті, «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры