Руханият

ҚАЗАҚҚА ҚОРҒАН БОЛҒАН ТҰҒЫР БАТЫР

ҚАЗАҚҚА ҚОРҒАН БОЛҒАН ТҰҒЫР БАТЫР

Тәуелсіздік жылдары елімізде ұлттық тарихымызды түгендеу жолында талай игі жұмыстар атқарылды. Ірі тұлғалардың тарихтағы рөлін айқындап, ұрпақ жадында сақтау жолында талай іргелі істер қолға алынды.

Заманында қазақ жеріне баса-көктеп кірген қалмақ басқыншыларына қол бастап қасқая қарсы шығып, жан аямай соғысып, Бұхар, Қоқан хандықтарына қарсы шығып, туған жерін қорғаған Тұғыр батыр Кенжесұлы (1713-1780 жылдар) туралы айтпақпыз. 18 жастағы Сартай батырдың жанында жүріп, бірге жаумен соғысқан 16 жастағы Тұғыр батыр Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысады. Сайлау Ботабаевтың «Ақырғы айқас» кітабында айтылғандай, Сартай батыр көп ішінен батырлығымен, ерлігімен ел аузына ілініп келе жатқан бала батыр – Төртқара-Торым Тұғырды ерекше көретін. Сартай оның ерлігіне, ептілігіне, шалт-шалымдылығына, бір жүріп өткен жерін ұмытпайтындығына, күш-қайратына қызығатын. Тұғыр батыр қанды көйлек жолдасы, майдандас досы Сартай батырдың есімін кіші баласына қойған. Тұғыр – «Байқазақ», «Сартай батыр» кітаптарында аты аталып жазылған, халық арасында жиі айтылатын, ауыз әдебиетіне арқау болған тұлға. Ел аузынан жеткен мынадай бір әңгіме бар: Сыр бойындағы соғыстардың бірінде төртқара руының бір тармағы торымдар (сексен деп аталады) жаумен бетпе-бет келіп соғысады. Қанды қырғын соғыста жау жағы кейін ығысып қаша жөнеледі. Тұғыр батыр делебесі қозып, «Жауды қуып жетіп қырайық, екінші қайтара шаппасын» деп азғантай қолмен қуып кетеді. Есін жиған жау қарсы келе жатқан қолмен қайта айқасады. Тұғыр батыр жасағы жауға қырғидай тиіп, жау жасағы тағы қашады. Қашқан жауды енді аты жүйрік Тұғыр батыр жалғыз қуады. Алдан тосып тұрған жаудың жаңа жасағы жалғыз қалған Тұғыр батырды арқан тастап қолға түсіреді. Ызалы, көп адамынан айырылған жау Тұғыр батырды қиналып өлсін деп айдаладан зындан қаздырып, сонда тастап кетеді. Бірнеше күн ас-сусыз зынданда жатқан Тұғыр батыр есінен танады. Бір уақыттарда мұрнына керемет бір иіс келеді. Сол керемет иіспен бойына зор күш қуат енеді. Бойын тіктеп, Аллалап, зынданнан сыртқа шығады. Елдің тұсын бағдарлап жүріп кетеді. Ұзақ жол жүріп шаршап, тағы да есінен танып құлайды. Сол уақытта құлағына зарлы әуен келеді. Бойына қайтадан қуат бітеді, қайта жүреді. Тағы есінен танады. Боздаған дауыстан есін жинайды. Айналасына қараса, үлкен бір түйе шөгіп жатыр екен. Жақындай берсе, түйе тұрып, жүріп кетеді. Сөйтіп кешке дейін түйенің артынан жүріп, әлі кетіп қалжырап жығылады. Сөйтсе бір ауылдың тұсына жеткен екен. Ертесіне ойнап жүрген балалар тауып алып, ауылына аман-есен жеткен екен. Басынан өткенін айтып, сондай жағдайлар болғанын кеңінен әңгімелейді. Ауылда қалған ағасы Қашан інісінен көп уақыт хабар болмағасын иіс шығарып, садақа берген екен, мұрнына келген иіс сол екен. Құлағына келген зарлы дауыс – әйелінің жоқтауы екен. Інген – садақасына сойған малы екен. Тұғыр батыр екі жылдай жатып, қайтадан қол жинап, Сыр бойын жаудан азат еткен көрінеді. Көршілес түрікпен елі Үстірт асып, Шалқар өңіріне дендеп кіргісі келіп, қазақ ауылдарына шабуылдарын үдете түседі. Жас балаларын, қыздарын, жылқыларын барымталап алып кетіп, зорлық-зомбылықтарын күшейтіп келе жатқан шақ. Сол кезеңде түрікпен бетте аралас отырған ауылдан кісілер келіп, Тұғыр батырға түрікпеннен көрген зорлықтарын айтып, қорған болуын сұрайды. Батыр ойлана келе бір қарт кісіні «жансыз» қылып түрікпен арасына жіберіп, көп мағлұмат жинатады. Бас батырын, әскер шамасын, келетін уақытын жобалап, дайындық жасайды. Келесі жорыққа шыққан түрікпен әскеріне Тұғыр батыр қарсы тұрып, жекпе-жекте бас батырын өлтіріп, түрікпендерді отырған ауылдарымен қоса Үстірт аумағынан асыра қуып тастайды. Содан кейін түрікпен ауылдары бұл өңірге аяқ баспайтын болған. Тұғыр батыр – Торым (Сексен) батырдың немересі. Әкесі Кенжес аруақты, Қыдыр бабаны үш рет көрген адам деседі. Бірінші әйелі орта жүз уақ руынан шыққан Ер Көкше батырдың қызы, одан үш бала. Екінші әйелі Ер Бөкше батырдың қызы, одан екі бала тараған. Тұғыр батырдың екі әйелінен жеті баласы болған: Шора, Шағыр, Байназар, Сырлыбай, Өмірзақ, Қожакелді, Сартай. Ұрпақтарынан елге белгілі ту ұстаған батыр, би, атақты бай, белгілі шежірешілер, жазушылар көптеп шыққан. Тұғыр батырдың бейіті туған жері – қыстауы болған Қызылорда облысы Арал ауданы Ақбасты елді мекенінде жатыр.

Халық аузынан, түрлі дереккөздерден жинап ұсынған Қасен ОҢТАЛАП, Ақтөбе қаласы