Жаңалықтар

Туристер Таразды аралады

Туристер Таразды аралады

Халықаралық «ZHEIF-2023» форумы аясында облысымызға келген қонақтарға өңірдегі тарихи орындар таныстырылды. Алдымен «Тараз – шеберлер қаласы» атты көрмеге барған келушілер жамбылдық қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалады. Түрлі түстерді үйлестірген құрақ көрпелер мен көргенді тамсандыратын әшекей бұйымдар, ұлттық тұрмыстық құрал-жабдықтарға сүйсінген кей туристер ұнатқан дүниелерін сатып алып жатты. Еліміздің өзге де облыстарынан келген меймандар Ақыртас кешеніне барып, ондағы тарихи деректерге қанықты. Ақыртасты зерттеген ғалымдардың дәлелдеген мәліметтерін сол нысандағы жәдігерлерді көрсете отырып баяндаған «АРК ғылыми ұйымы» ЖШС директоры Ескендірбек Төрбеков бұл аяқталмаған құрылыс екенін атап өтті. – Бұл форумды ұйымдастырудағы мақсат – Жамбыл облысына әлеуетті инвесторларды тарту. Сондай-ақ инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдау туралы кеңінен айту, тарихы тереңнен тамыр тартатын көне Тараздың, киелі Жамбыл өңірінің туристік орындарын көрсете отырып, ел экономикасын дамытуға үлес қосу тетіктерін қарастыру маңызды, – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков.