Қордай ауданындағы кеңес
Қордай ауданындағы кеңес
«Zhambyl Investment and Economic Forum-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының ауылшаруашылық бағыты бойынша қонақтар бірқатар нысандарды аралап, арнайы семинар-кеңес өткізді. ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Қордай ауданындағы «GreenwiII» ЖШС-ның жылыжай кешенімен, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» ЖШС-ның жаңбырлатып суғару технологиясымен, «Жеміс-жидек» серіктестігінің құлпынай алқабы және «Ар-Ас» шаруа қожалығының «Тау қымыз» өнімін шығаратын цехтың жұмыстарымен танысты. Қордай ауданындағы «GreenwiII» серіктестігінің жылыжай кешені 2015 жылы Оңтүстік Корея технологиясымен іске қосылған. Жобаның жалпы құны 2 313,7 миллион теңгені құрайды. Ал «Мыхан Орда» шаруа қожалығы 792 гектар егістік алқапқа айналмалы жаңбырлатып суғару технологиясын енгізуде. Агроқұрылымның өз қаражаты есебінен іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны 228,4 миллион теңгені құрайды. Технология енгізілген алқаптың 400 гектарына қант қызылшасы отырғызылса, 392 гектарына жоңышқа егілген. Сондай-ақ «Жеміс-жидек» серіктестігі де биылғы жылы 10 гектарға «Альбион» сортты құлпынай дақылын отырғызған. 1998 жылдан бері асылтұқымды жылқыларды өсіру бағытында жұмыс істеп келе жатқан «Ар-Ас» шаруа қожалығы өткен жылы 125 тонна «Тау қымызы» атауымен қымыз өндірген. Жылына 182 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы қожалықта бүгінгі күні 400 бас бие бар. Аталған форум аясында «Мыхан Орда» шаруа қожалығының егіс алқабында ауылшаруашылық бағыты бойынша семинар-кеңес өтті. Жиынға көрші Қырғызстанның Талас облысының губернаторы, ауылшаруашылық министрлігінің, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің ірі компанияларының өкілдері, шаруалар, ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысты.