Қоғам

«ЕЛ АҒАСЫЗ БОЛМАС, ТОН ЖАҒАСЫЗ БОЛМАС»

«ЕЛ АҒАСЫЗ БОЛМАС, ТОН ЖАҒАСЫЗ БОЛМАС»

Адам баласы есейгенде мектепте өткізген өмірі ең ұмытылмас қызыққа толы сәт ретінде есінде қалатыны анық. Әрине, ол тәлім-тәрбие берген мұғалімімен де тікелей байланысты. «Мен үшін жақсы мүғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтып кеткендей, оқушы мен мұғалімнің арасындағы ыстық қарым-қатынас – ол әрбір мектеп табалдырығын аттаған баланың жүрегінде қалатыны сөзсіз.

Бүгінде Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепте «Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп түлектерімен кездесу өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, Отанға деген сүйіспеншілік – бос ұрандар мен декларациялар емес, ол – халық игілігі үшін күнделікті аянбай еңбек ету, шын жүректен жасалатын қайырымды істер. Әр адам өз Отанын сүюі тиіс. Отанын сүю мен еліне адал қызмет атқару жолында еңбек етіп жүрген түлектер көп. Мәселен, 1994 жылы мектепті аяқтаған Ғани Таңатаров пен 2010 жылдың түлегі Талғат Тоқтанбек мектебімізге арнайы шақырылды. Ғ.Таңатаровтың мамандығы есепші. 1996 жылы Тараз қаласы «Әбдіқадір» мешіт-медресесін, 1997 жылы Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш» медресесін тәмамдаған. 1999-2004 жылдары Тараз қаласы Халықаралық қазақ-араб университетінің ағылшын-араб тілдері педагогикалық факультетін бітірген. 2004-2010 жылдары Амангелді мектебінде араб тілі пәнінен факультативтік сабақ берді. 2014 жылдан бері қазіргі уақытқа дейін «Бектөбе» мешітінде имамдық қызмет атқарып келеді. Ғани Жанұзақұлы әрдайым мектепте оқитын көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмектесіп тұрады. Ол «Мектепке жол», «Балаларға базарлық» секілді акцияларға тұрақты қатысып, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешек алып береді. Т.Тоқтанбек ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын» 2010-2014 жыл аралығында «Әскери іс, өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі уақытта ол облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары болып еңбек етеді. Шені – азаматтық қорғау майоры. Жақында аталған азаматтар өздері түлеп ұшқан алтын ұяларына келіп, 9-сынып оқушыларымен кездесіп, өздерінің өмір жолымен бөлісті. Оқушыларға өмірлік сабақ болатындай маңызды әңгімелер айтылды. Жасөспірімдер көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Кездесу барысында мектеп оқушылары дайындаған шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жиын соңында мектеп оқушылары мен мектеп түлектері мектеп ауласына 30 түп жеміс ағашын отырғызды. Жиын барысында Талғат Тоқтанбек мектеп оқушылырын №2 мамандандырылған Тараз қалалық өрт сөндіру бөліміне шақырды. Арада бір апта өткен соң 9-сынып оқушылары география пәнінің мұғалімі Ермек Сейділдаевтың ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Білім шыңы» атты жарыс аясында сол мекемеге барды. Ондағы мекеме музейін аралап, өрт сөндіру құрал-жабдықтарымен танысты. Мамандардың өрт сөндіру саласына қатысты әңгімесін тыңдап, көптеген мағлұмат алды.

Мөлдір ҚЫРЫҚБАЕВА, Амангелді атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Жамбыл ауданы