Әлеумет

Жатақхана мәселесі біртіндеп шешілуде

Жатақхана мәселесі біртіндеп шешілуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне айрықша тоқталды. Президент аталған Жолдауда: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекешелік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп фсанаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн», деді.

Облысымызда халық көп шоғырланған ауданның бірі – Шу ауданы. Мұнда жалпы тұрғындар саны 103 751 болса, оның ішінде 30 717-сі 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Мұндағы жастардың 20 660-ы ауылдық жерден болса, қалғаны қалалықтар. Шу ауданы жастарының дені ауылдықтар болғаннан кейін «Мұнда қанша арнаулы орта оқу орны бар, ауданға шалғай елді мекендерден келген туысы жоқ студенттердің жағдайы қалай болып жатыр?» деген ой келді көкейге. Шу ауданына арнайы ат сабылтуымыздың да түпкі мәні осы. Шу ауданы жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров ауданда төрт арнаулы орта білім беру мекемесінің бірінде жатақхана бар екенін, қалған жатақханасы жоқ оқу орындарының жатақханаға мұқтаж студенттері ауданда былтыр күзде ашылған «Студенттер үйінде» жатып білім алып жатқанын айтты. – Ауданда барлығы 48 мектеп бар. 2022-2023 оқу жылында мектептерде барлығы 21 мың 57 оқушы білім алып жатса, оның ішінде 4 490-ы 14-18 жастағы өрендер. Жалпы Шу қаласында 4 колледж бар, оның біреуі мемлекеттік, қалғаны жекеменшік оқу орындары. Аталған оқу орындарында 2022-2023 оқу жылы бойынша 789 студент білім алып жатыр. Оның 387-сі грант, 402-сі ақылы негізде оқиды. №10 Шу колледжінің жанынан жатақхана қарастырылған. 100 студентке арналған жатақханада бүгінде 50 студент жатыр. Студенттер күнделікті 1 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жатақханаға жату тегін, барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ Шу қаласында «Алмас» гуманитарлық колледжі, Шу теміржол колледжі, Шу гуманитарлық колледжі үшін былтыр жекеменшік негізде салынған «Студенттер үйі» пайдалануға берілді. Шалғай елді мекеннен келетін студенттер қазір сол жерде жатып білім алуда, – деді Ғани Бірлікұлы. Осы ретте біз аталған «Студенттер үйіне» арнайы барып, жаңадан салынған нысанның жағдайын өз көзімізбен көруге ниеттендік. Онда бізді меңгеруші Зоя Диханбаева қарсы алып, «Студенттер үйінің» тыныс-тіршілігімен таныстырды. – Бұл «НҰРШАХ» жеке кәсіпкерлігінің «Студенттер үйі». Нысан жеке кәсіпкер Гүлнара Жүнісәлиеваның өз қаржысы есебінен салынып, былтыр қыркүйек айында пайдалануға берілді. 120 адамға арналған нысанда қазір барлығы 60 бала бар. Оның ішінде «Алмас» гуманитарлық колледжінен – 8, Шу теміржол колледжінен – 12, Шу гуманитарлық колледжінен 40 бала жатыр. «Студенттер үйі» ашылғалы нысанның ішкі жай-күйін, жатақхананың шын мәнінде адам туруға жарамдылығын, мұнда қанша студен барын білу үшін тексеріп келушілер көбейді. Сіз де соның бірі боларсыз, – деген Зоя Әлдибайқызы студенттерге ортақ бөлмелерді аралатып көрсетті. Заманауи үлгідегі нысан ішіндегі бөлмелердің бірі – 2, кейбірі 3, 4 адамға лайықталған. Бөлмелерге қажетті жиһаздар қойылыпты. Өз алдына қазандығы бар нысан газбен жылытылады. Студенттер ас-суын ас бөлмесіне қойылған екі электрлі пеш арқылы қамдайды. Екі қабатты ғимараттың бірінші қабаты ұлдарға, жоғарғы қабаты қыздарға арналса, әр қабаттан жеке-жеке ас бөлмесі, киім үтіктеп кептіретін, жуынып-шайынатын бөлмелер қарастырылған. Бір мезгіл теледидар көріп, жаңалық тыңдауға лайықталған демалыс бөлмесі де бар. Штатта он адам бар болса, оның үшеуі – вахтер. Реті келгенде біз жатақханадағы студенттің бірі Рамиля Бейвамен тілдестік. Ол Шу теміржол колледжінде 1-курста оқиды екен. Ол алдағы маусымда «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарында жұмыс істеу үшін тізімге енгенін, осы арқылы қаржы табуды ойлап отырғанын жеткізді. – Ата-анам Жаңажол ауылында тұрады. Екеуі де еңбек адамдары. Ауылдан күнде қатынап оқу, біріншіден, уақытты алса, екіншіден, жолақы шығындауды қажет етеді. Сондықтан маған жатақханада тұрып сабақ оқу қолайлы. Жатақханада барлық жағдай жасалған, әрі біз ешқандай ақы төлемейміз. Тегін тұратын болғандықтан студенттер мұндағы әрбір бұйымға жауапкершілікпен қарайды. Оның үстіне әр студент «Студенттер үйі» әкімшісімен келісімшартқа отырған. Оның ішінде атап көрсетілген «мүлікті қиратпау», «кешкі 22.00-ден кейін жатақханада болу» секілді міндеттемелерді естен шығарған емеспіз. Өзім дүнген ұлтының өкілімін. Мұнда барлық студент ұлтына қарамай бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрмыс кешуде. Біз бір бөлмеде екі құрбы тұрамыз. Азық-түлік үшін ортадан қаржы шығарып, шетінен тамақ істеп ішеміз. Колледжден келгеннен кейін сабаққа дайындаламыз. Далада бір мезгіл серуендейміз. «Wi-Fi»-ды тегін қолданамыз. Бір айта кетерлігі, алдағы уақытта осындағы бос бөлмелердің бірінен оқу залы қарастырылса деген ұсынысым бар, – деді Рамилия Люваевна. «Көш жүре түзеледі» дейді қазақ. Десе де біз студент айтқан уәжге бейжай қарай алмай, жұмыс барысымен Алматы қаласында жүрген Гүлнара Атаманқызына телефон шалдық. – «Студенттер үйін» өз қаржымызға салып, ішін барынша тұрмыстық қажеттіліктің өтелуіне лайықтадық. Бірінші кезекте студенттерге не қажет, соның барлығын дайындадық. Әлі де бірқатар шаруаны жүзеге асыру жоспарда бар. Мәселен, қазір Алматы қаласына турникет орнату қамымен келдім, апта соңында ғимаратқа турникет орнатылады. Нысан ішінен оқу, акт залы үшін бөлме қарастырылып тұр, алайда жиһаздар алу қосымша қаржыны қажет етеді. Сол секілді сырттан спорт алаңшасын салу, нысан айналасына газон, сәндік тал егу жұмыстары да біртіндеп жүзеге асырылады. Қазір мемлекеттен субсидия күтіп отырмыз, сол қаржы беріліп жатса, бұл шаруалар жеделдетіп жүзеге асырылатын болады, – деді ол. Біз Шу ауданында «студенттер үшін жатақхана мәселесі жоқ» деген ойға келдік. Себебі білімге сусаған ауыл жастары Шу қаласына келгенде мынадай заманауи үлгідегі тегін жатақхана тұрғанда, әрине, шығынданып пәтер жалдамайтыны анық. Егер жатақханаға мұқтаж студенттер болса, 120 орындық «Студенттер үйінің» жартысы бос тұрмас еді. Ал туған-туысының үйін сағалап жүрген студенттер болса, олардың еркі өзінде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ