Атқарылған іс ауқымды
Атқарылған іс ауқымды
Конференция жұмысында соңғы бес жылда облыстық салалық ұйымның есебі беріліп, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды. Есепті баяндаманы жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жасады. Кәсіподақ төрағасының айтуынша, есепті жылдар ішінде облыстық ұйымның кезектен тыс 1 конференциясы, комитеттің 5 пленумы, атқарушы органның 38 мәжілісі, бірнеше жұмысшы кездесулер, актив жиналыстары мен «дөңгелек үстел» отырыстары өткен. Онда ынталандыру, мүшелік базаны арттыру, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақ ұйымдарының құқық қорғау қызметінің тиімділігін көтеру, оқытуды жетілдіру сынды сұрақтар қаралып, талқыланған. – Кәсіподақ қызметіндегі ерекше басымдыққа ие бағыттың бірі – әлеуметтік әріптестік. Есепті кезеңде 2018-2020 жылдарға және 2021-2023 жылдарға 2 мерзімге келісім мен ұжымдық шарттар қабылданды. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық екіжақты комиссияның 24 отырысында 39 сұрақ, ал жеке еңбек дауларын қарау бойынша құрылған келісу комиссиясының 9 отырысында 14 мәселе қаралды. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымында тәуелсіз Қазақстан аумағында алғашқы болып құрылған – кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекциясы нәтижелі жұмыс атқарып отыр. Батыл бастамалардың нәтижесінде бүгінгі күні құқықтық қызметтің сала өкілдеріне мейлінше жақын әрі қолжетімді болуына, кәсіподақтың әр мүшесі тегін сапалы заң кеңесін алу мүмкіндігіне ие болуда. Кәсіподақтың құқықтық қызметінің жұмыс нәтижелері өз тиімділігі мен өнімділігін мейлінше дәлелдеп отыр. Құқықтық қызмет бойынша есепті мерзім ішінде тек кәсіподақ заңгерлерінің қабылдауына 13 683 сала өкілі жазылып, 38 908 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен білім мекемелерінде 1 730 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 5 492 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 2 637 арыз-өтініш түсіп, 2 714 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық пошта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 35 862-ні құрады. Осы мерзімде кәсіподақтық инспекция қызметкерлерімен сотқа 64 материал дайындалып, 69 кәсіподақ мүшесіне түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттік камтамасыз етілді. Белсенді құқықтық іс-әрекет нәтижесінде аталған кезеңде 72 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылды және заңсыз жұмыстан босатылуына тосқауыл қойылды. Сонымен бірге 2015 жылдан бастап кәсіподақта «құқықтық қызметтердің экономикалық тиімділігі» деп аталатын арнайы бағалау жүйесі тәжірибеге енгізілген. Бұл жүйе сала өкілдеріне кәсіподақтың құқық қорғау жұмыстары нәтижесінде қайтарылған немесе сақталып қалған қаржы мөлшерінің жиынтығын көрсетеді. Осы орайда кәсіподақтың құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы қарапайым еңбеккердің қалтасына 2019-2022 жылдары есепті кезеңде 1 миллиард 401 миллион теңгеден аса соманы қайтаруға қол жеткізілді. Есепті мерзімде оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2 аймақаралық, 41 көшпелі барлығы 73 семинар ұйымдастырылып, 5 578 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылды. Сонымен қатар мүшелік ұйымдардағы әлеуметтік әлжуаз топтарды азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, кварцтық лампалар алу, жұмыс орындарын антисептикпен қамтамасыз ету, бірреттік материалдық көмек беру сынды жұмыс та жалғасын тауып, оған жұмсалған кәсіподақ қаржысы 72 миллион теңгені құрады. Есепті мерзімде 17 121 сала қызметкері мен 968 баланың демалысын ұйымдастыруға кәсіподақ бюджетінен 511,2 миллион теңге қаражат жұмсалды. Басты әлеуметтік әріптес – білім басқармасымен бірге жаңа оқу жылының басталуы мен «Ұстаздар күні» кәсіби мерекесінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» аталымы жеңімпаздары мен бірқатар озық ойлы озат ұстаздарды ынталандыруға 8,5 миллион теңге кәсіподақ қаржысы берілді. Осы тәжірибе енгізілген 7 жылда 35 білім мекемесі мен ұйым, 126 үздік ұстазға салалық кәсіподақ қаржысынан 43 миллион теңге ынталандыру сыйақысы табысталды, – деген Е.Сәбенұлы есепті кезеңде атқарылған өзге де жұмыстарға тоқталды. Ерұлан Мағзымбеков жасаған баяндамасынан соң 803 бастауыш ұйымға біріккен 65 мыңнан аса кәсіподақ мүшесінің атынан сайланған 135 делегат жергілікті кәсіподақтың 2019-2023 жылдар аралығындағы жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ облыстық ұйымның бақылау-тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, бекітілді. Конференцияда делегаттардың бірауызды шешімімен Ерұлан Мағзымбеков Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының алдағы бесжылдық өкілетті мерзіміне төраға болып сайланды.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ