Қоғам

ЫНТЫМАҚ – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ

ЫНТЫМАҚ – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ

Қазақстан – көпэтносты мемлекеттердің бірі екендігі баршамызға аян. Бүгінде елімізде 100-ден аса этнос өкілдерінің бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны мемлекетімізде өзге этнос өкілдеріне деген түзу көзқарастың бар екендігін айқындайды.

1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде қаншама жылдар бойы Қазақстанның тұрақтылығын сақтау үшін аянбай еңбек етіп келеді. Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту жолында құрылған бұл орган қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Қоғамдық келісім» РММ ретінде өз жұмысын жалғастырып келеді. Этнос өкілдерінің ортақ мақсаты бейбітшілік пен келісім болғандықтан Қазақстанның әр аймағында ұлттық-мәдени орталықтар белсенді жұмыс істеп келеді. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі осындай орталықтарды жанына біріктіріп, этносаралық және конфессияаралық келісімді және жалпы қазақстандық азаматтық біртектілікті қалыптастыруға, Қазақстан халқының бірлігінің нығаюы үшін тыңғылықты үлес қосып келеді. Мекеме облысымызда барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, аймақтарда этносаралық қарым-қатынас шеңберінде үрдістерді сараптау, бағалау жұмыстарына, этносаяси, әлеуметтік, экономикалық, конфессияаралық дамуына кеңес беруді де жүзеге асырып отыр. Жыл сайын Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі саналатын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні өз деңгейінде аталып өтуі де осы мекеменің тікелей жұмысы. Бұл мейрамның бір ерекшелігі – түрлі этнос пен дін өкілдерінің киелі қарашаңырақта тату-тәтті, бірлік пен берекеде, ынтымақ пен бейбітшілікте бірге өмір сүріп жатқанын тойлайтындығы. Қазіргі таңда әлемде болып жатқан әртүрлі ахуалдарға қарамастан, татулығымыз бен бірлігімізді бірігіп сақтап келеміз. Бұл біздің мемлекетіміз үшін баға жетпес байлығымыз, ұлттық құндылық. Әрине, көпэтносты мемлекет болғаннан кейін арандатушылар арамыздан табылуы әбден мүмкін. Бұндай жағдайда оған төтеп беретін бір ғана жайт, біз қандай этнос өкілдері болса да бір шаңырақтың астында бірге өмір сүріп жатқан қазақстандықтармыз. Біз бір-бірімізді жақсы тану жолында аянбай еңбек еткен бірнеше буын өкілдерінің күш-жігерімен қалыптасқан этносаралық келісімге бұдан да жақсырақ әрі мұқият қарауға міндеттіміз. Өйткені тыныштықтың рухы әрқашан және барлық жерде бізбен бірге болу үшін, барлық диаспораларға жалпыға ортақ келісім және өзара құрмет қажет екендігін біз әрдайым білуге тиіспіз. Қазақ халқының керемет бір мақалында айтылғандай, «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші, қазақ халқының осынау ұлы даналығы әрқайсысымызға жол көрсетуші жұлдыз болуы керек деп санаймын. Біздің байлығымыз бейбітшілік пен келісімде екенін естен шығармағанымыз жөн.

Жазира ШІЛДЕБАЕВА, «Қоғамдық келісім» мекемесі ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің жетекші сарапшысы