Жаңалықтар

Жамбылды жаһанға танытқан форум

Жамбылды жаһанға танытқан форум

Облыс аумағында екі күн бойы «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы өтті. Мыңға жуық отандық және шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлар келіп қатысқан форумда төрт бағытта облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына серпін беретін бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Айталық, Қордай ауданында жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіретін зауыт құрылысы ресми басталса, Жамбыл ауданында еуропалық үлгідегі демалыс аумағы ашылды. Байзақта құрама жем зауыты мен картон және қаптама шығаратын бірегей зауыт іске қосылды.

Форумның екінші күні «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын тамашалаудан басталды. Көрмеге 150 жамбылдық компания қатысып, өздерінің өнімдерін ұсынды. Оның ішінде 40 тауар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қатысты. Үздік тауарлардың көрмесін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов және өзге де құрметті қонақтар мен форумға қатысушылар тамашалап, жоғары баға берді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы биыл 9-рет ұйымдастырып отырған бұл байқауға қатысушы жас кәсіпкерлер мен бастауыш кәсіпорындардың саны жыл сайын артып келеді. Мұнан соң іс-шара «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының пленарлық отырысымен жалғасты. Жамбыл облысында алғаш рет ұйымдастырылып отырған аталмыш жиынның ашылуында сөз алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов форумның аймақ үшін маңыздылығын атап өтті. Аймақ басшысы өз сөзінде Жамбыл облысы жоғары экономикалық және зияткерлік әлеует шоғырланған, қарқынды дамып келе жатқан өңір екенін айтқан аймақ басшысы өңірдің бес басты бәсекелестік артықшылығына тоқталып өтті. – Аймақтың климаттық жағдайы қоңыржай континентальді, құнарлы жерлердің едәуір үлесімен қатар, «жасыл технологияларды» енгізе отырып, ауылшаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Біздің облыс – баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Келесі артықшылығымыз – жоғары көліктік-логистикалық әлеует. Яғни облыс өңіраралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға, отандық және халықаралық жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар және сауданы дамыту әлеуеті зор. Біз өз өнімдерімізді әлемнің 17-ден астам еліне, атап айтқанда, Қытай мен Парсы шығанағы елдеріне экспорттаймыз. Осындай транзиттік әлеуетке ие бола отырып, өңір бүкіл Орталық Азияның негізгі логистикалық орталығына айналуда, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ облыс әкімі жергілікті билік тарапынан қажетті инвестициялық жағдайлар жүйелі жасалып келе жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, өңірде бизнес жүргізу үшін қолайлы орта құрылып, мемлекеттік деңгейде қолдау, инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу жүргізілуде. Жамбыл облысы Германия, Түркия, Сингапур, Қытай, Үндістан, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты ірі трансұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік ынтымақтастықтың бірегей тәжірибесіне ие. Мұнан соң сөз алған ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров облысымызда өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға дейін жеткенін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 16 пайызға артып, 152 мың адамды құрағанын тілге тиек етті. Сонымен бірге еліміздің экономикасын жандандыру, оның тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша Үкіметтің атқарып жатқан жұмысына қысқаша тоқталды. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы негізгі көрсеткіштерді де атап өтті. – Даму әлеуеті бар ауылдарды қаржыландыру негізінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Осы жылы 900 ауылда 1 800-ден астам жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оған 198 миллиард теңге бөлінді. Бұл ретте Жамбыл облысының 90 ауылында 13,6 миллиард теңгеге 271 жоба іске асырылатын болады, – деген Ұлттық экономика министрі облыстағы экономикалық жағдай мен негізгі көрсеткіштердің серпінді өсуі байқалатынын, ол қолайлы инвестициялық ортаны құруға жол ашатынын баса айтты. Пленарлық отырыста ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев және өзге де баяндамашылар форумның маңыздылығын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстарға, өзара ынтымақтастық-байланыс шараларына тоқталды. «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» Халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында облыс әкімдігі мен ірі шетелдік компаниялары арасында меморандумдарға қол қойылды. 7 ірі шетелдік тауар өндіруші компаниямен жасалған келісімге сәйкес инвестициялық жобалардың жалпы құны 700 миллион АҚШ долларынан асады. Олардың қатарында Үндістан, Сингапур, Германия, Венгрия секілді бірқатар мемлекеттердің инвесторлары бар. Шетелдік компаниялар Жамбыл облысы аумағында ферроқорытпа, цемент зауытының құрылысы, құрылыс материалдарын өндіру, күн электр стансаларын салу, тамақ өнеркәсібі және логистика индустриялық паркі секілді жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Шара «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне жалғасты. Сонымен, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша «Энерджи Тараз» ЖШС, «Аgro green Technology» ЖШС, «Tay-company» ЖШС марапатталса, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС, «Көркем» косметика, «Сарысу» компаниясы жеңімпаз атанды. Сонымен бірге «Ең үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Әулиеата феникс», «Сарыбас», «Пышка» жеке кәсіпкерлігі және «Made in JAMBYL» номинациясы бойынша «Тараз Инвест company», «Эллин shoes», «Ас көп» компаниясы үздіктер қатарынан көрінді.

Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі

Форум аясында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов бизнес-қоғамдастықпен және инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында компаниялардың алға қойған мақсат-міндеттері мен бизнесте туындаған мәселелері талқыланды. Мәселен, Мойынқұм ауданында «Total Open» француз компаниясы қуаты 1 ГВт жел электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 500 миллиард теңгені құрайды. Мердігерлерінің айтуынша, компания 300 адамды тұрақты және мыңға жуық қызметкерді уақытша жұмыспен қамтымақ. «Total Open Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тьерри Плезан жер учаскелерін бөлу және экологиялық қауіпсіздіктің мәселесін көтерді. Нұржан Молдиярұлы өз кезегінде инвесторларға заңнама шеңберінде жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді. Келесі кезекте Үндістанның «Monnet Group» компаниясымен жоғары сапалы ферросилиций, ферромарганец шығаратын зауыт салу жобасы талқыланды. Ал түрік компаниясы «Bazar Fur» өңірде тұрмыстық техника өндіретін зауыт салуға ниет білдірді. «KazBioSorgo» ЖШС өкілдері қант құмайы дақылын өсіру және өңдеу жобасын таныстырды. «Monterra Qasaqstan» ЖШС компаниясының өкілдерімен бірлесе Қордай ауданында тау-кен металлургия комбинатын салу мәселесі талқыланды. Қытайлық «Wanlin Group Limited» компаниясы кептірілген пияз зауытын салуға ниетті екенін жеткізді. Инвесторлар арасында өзінің тың жаңалығымен келген жобалар да талқыға салынды. Атап айтқанда, «Taraz Gelatin» ЖШС басшылығы желатин өндіретін зауыт салу жобасын ұсынды. – Тараз қаласы тері өңдеу кәсібімен танылғаны барлығымызға белгілі. Біз де осы теріні қайта өңдеуден өткізіп, табиғи желатин өндіруді қолға аламыз. Желатин өндірісінде ірі қара малдың терісі пайдаланылатын болады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған терілерді арнайы өңдейміз, сол үшін де компаниялармен келісімшартқа отырдық. Жоспар бойынша 70 тонна теріні қайта өңдеуге жіберсек, жылына 3000 тонна желатин алынады, – дейді «Taraz Gelatin» ЖШС-ның бас директоры Қайрат Қонысбайұлы.

Консулдық корпус өкілдерімен кездесті

Бұдан кейін аймақ басшысы консулдық корпус өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Жиынға Алматы қаласынан келген Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фагани, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Цзян Вэй, Бельгия Корольдігінің Құрметті консулы Ван ден Вейх қатысты. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерінің кең ауқымы, елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың әлеуеті талқыланды. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Сондай-ақ консулдық корпус өкілдері біздің облысымызбен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға қызығушылық білдірді.

Форумды түйіндеген Гала-концерт

Екі күнге созылған «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» халықаралық форумы жоғары деңгейде өтті. Форум аясында облысымыздың инвестициялық мүмкіндіктері инвесторларға кеңінен таныстырылып, ауылшаруашылығы, жер қойнауын тиімді пайдалану, жаңа энергия көздері бағыттарын дамыту мақсатында инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілді. Халықаралық форум Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертімен қорытындыланды. Қала тұрғындары мен форум қонақтары қатысқан іс-шара «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өтті. Концерт барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары сахнаны ұлттық бимен көркемдеп, халық әндерін шырқады. Форум қонақтары да Тараз жұртшылығына өз ризашылығын білдіріп, өз әсерлерімен бөлісті. – Біз қазақтың таза, саф өнерін насихаттаушымыз. Мұнда өзіміздің қазақ ұлтына тән қасиетті ән-күйіміз бен шығармаларымызды ала келдік. Жұртшылықтың асыл өнерімізді қошеметтеп, бірге қосылып ән айтқандарына тәнті болдық, – дейді Құрманғазы оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепберген.

Айжан ӨЗБЕКОВА, Аяулым ЖАМАНҚАРА