Жаңалықтар

«Мен Отанды қорғауға дайынмын!»

«Мен Отанды қорғауға дайынмын!»

Тараз қаласындағы «Жастар аллеясында» облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының облыстық жастар ресурстық орталығы мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен жастар арасында «Мен Отанды қорғауға дайынмын!» атты облыстық патриоттық акциясы өтті.

Акцияның мақсаты – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және әскер қызметінің беделін көтеру. Жастардың бойына қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Аталған іс-шараға әскери қызметкерлер мен ардагерлер, Тараз қаласының арнаулы орта оқу орындарының алғашқы әскери дайындық пәні оқытушылары, студенттер, әскери кафедра курсанттары, әскер қатарына шақырылушылар мен ата-аналары қатысты. – Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір жас қазақстандықтың міндеті. Біздің бабаларымыз батырлығымен елін қорғап, ұрпағының болашағы үшін, отанның келешегі үшін күрескен жауынгер болған. Енді біз де сол бабаларымыздай ержүрек болуымыз керек. Атақты батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың «Ерлік – елдіктің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген аталы сөзі бар. Жастар сол аталы сөзді өзіне ұран қылып ұстап, Отан алдындағы борышын адал атқаруы керек, – деді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар. Патриоттық іс-шара ары қарай рухты әндермен жалғасын тапты. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының әскер қатарына шақырылғандарды салтанатты түрде шығарып салуға жиналғандар болашақ сарбаздардың Қазақстан Республикасы Конституциясын қалтқысыз сақтаудағы, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетудегі мәртебелі қызметтеріне тілектестік білдіріп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға шақырды. Сондай-ақ әскердің айбынын асқақтататын жас сарбаздарға құрмет көрсетіліп, оларды салтанатты түрде шығарып салды.

Шапағат ӘБДІР