КІТАП ОҚУ ДҮНИЕТАНЫМДЫ КЕҢЕЙТЕДІ
КІТАП ОҚУ ДҮНИЕТАНЫМДЫ КЕҢЕЙТЕДІ
Ғалыммен сырлы сұхбат
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай «UniLibWeek_2023» апталығына келген көрермендер лек-легімен қатысып жатты. Қариясына төрден орын берген қазақ дәстүрі бойынша жиынның шымылдығы профессор Әбдіманап Әбдрамановпен кездесу-бенефисімен басталды. Ғалымның өнегелі өмірін дәріптеген жиында зерттеулер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Данияр Ысқақұлы сөз сөйледі. Біздің қоғамға осындай еркін форматта әдемі әңгімелер қажет. Университет ғалымдарының салмақты ойлары, өнегелі өмірі көпке үлгі. Ғалымның әріптестері, алғашқы түлектері және студенттер қатысқан сырлы сұхбат көпшіліктің ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсті. – Мен атақ қуғаным жоқ. Данқ, дәреже іздемедім. Билікте отырып, бұйрық беру болмысыма сәйкес келмейді. Бола алмаймын. Марапат үшін таласқа түскен жоқпын. Себебі менің мақсатым ол емес еді. Бүгінгі күнге дейін ғылым жолында еңбек етіп келемін. Студенттермен жұмысты сағынамын. Оқытушылықтан бір сәтке болсын қол үзгім келмеді. Әр жастың болмысының жақсы болып қалыптасуы, мамандығына қызығушылығын оята алу мен үшін бақыт болатын. Зертханада қонатын, тіпті тамақтануды ұмытатын сәттерді бастан кештім, – деп ғалым Әбдіманап Әбдраманов ғылым жолындағы сәттерімен бөлісті. Жиында кітап көрмесі, бейнематериалдар мен естелік сюжеттер көрсетілді. Бірге қызмет еткен әріптестері қызықты сәттермен бөлісіп, көрермен езуіне күлкі үйірді. Ресмиліктен бөлек, тым еркін, тартымды өткен кездесу соңында Данияр Ысқақұлы университет ректоры Мұхтар Байжұмановтың атынан алғыс хат және естелік кітап сыйға тартты.
Бизнестің бастауы білімде
Кітапханадағы сүбелі сұхбат республика және әлемдік деңгейде танымал жеке кәсіпкерлердің тренинг, коучтарымен жалғасын тапты. Жеке бастамасын дөңгелетіп отырған тұлғалар да бизнестің бастауын кітаптан алған. Кітаптың құнды байлық екенін алға тартқан қонақтар да тренингте осыны айтты. «ЭйВиДи систем» ЖШС директоры Вячеслав Токмаков «Ұйымның цифрлық кеңістігіне кітапхана ресурстары мен қызметтерін ендіру» бойынша тәжірибесін бөлісті. Қазіргі таңда нарық сұранысына сәйкес кітапхана орталықтарының да қолжетімді болғаны абзал. Осы бағытты ұстанған кәсіпкерлер мобильді қосымшалар арқылы кітап сатып алу және онлайн оқудың тиімділігін көрсетті. Ресейдің Екатеринбург қаласынан келген мамандар кітапханалық-ақпарттық орталығымен бірнеше жылдан бері тығыз жұмыс істеп келе жатқанын орталық директоры Гүлжан Иржанқызы атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі іскер әйелдердің бірі және бірегейі «Рысбаева және КО» компаниясының директоры Сәуле Рысбаева арнайы келіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Қазіргі «Ұстаз» институтын тәмамдаған сол кездегі студент бүгінде отандық брендтерді әлемдік деңгейге көтеру үшін еңбек етіп жүр. Елге пайдалы болуды көздеген кәсіпкер шығармашылықтан да алыс емес. Бірнеше жылдар ізденіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында жанкештілікпен қаза тапқан майдангер бабаларымыздың рухына арнап «1000 тағзым» атты кітап жазған. Осы жинақты автор қолтаңбасын қалдырып, университет кітапханасына тарту етті.
Оқы және жеңіп ал
Іс-шара барысында әлеуметтік желі арқылы Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар – Влюбленные», «Алтын құс – Золотая птица» шығармалары бойынша үздік пікір айтып, видео түсіріп, бақ сынаған студенттер марапатталды. Тың деректер, әсерлі бейнематериалдарды ұсынған жастар бағалы сыйлықтарға, ақшалай сертификаттарға ие болды. Махаббат, сыйластық, патриотизмділікті бір арнаға тоғыстырып, кітап құдіретін насихаттаған жастар қатары айтарлықтай көп болды. Әлем әдебиеті үшін символикалық датаға айналған бұл күн білімгерлер ғана атап өтетін мереке емес. Кез келген оқырман осы күнді айтарлықтай жоғары деңгейде дәріптегені жөн.
«Автор кітабы» акциясы
«UniLibWeek_2023» апталығы жамбылдық жас ақын, «Авангард» жобасының авторы Арайлы Жақсылықтың студенттермен еркін форматтағы диалогымен жалғасты. Қатысушылар арасында әдебиет, кітап, баспа ісі туралы ой айтылып, пікірлер талқыланды. «Филология және журналистика» кафедрасының түлегі студенттік жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерін, еңбек жолын айтып өтті. «J.A.S» атты алғашқы жинағына енген өлеңдерін оқып берді. Ең үздік қойылған сауалға Арайлы Жақсылық арнайы сыйлығын тарту етті. Кездесу соңында қатысушылар және университет кітап қорына автор қолтаңбасы қойылған «J.A.S» кітабын сыйлады. Р.S. Жыл сайын Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай Дулати университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығында мәдени шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биылғы кітап мерекесі «UniLibWeek_2023» атты апталық аясында өтті. Күнді фойеде күй ойнаған оркестрлердің өнерімен бастаған дулатилықтар көпшілікке әдемі сезім сыйлады. Дайындалған «ART-вернисаж» көрмесінің өзі галереядағыдай әсер қалдырды. Кітапхана аванзалында кітап баспаларының көрме-жәрмеңкесі көрсетілді. Көрмеге кітапсүйер қауымды қорға келіп түскен жаңа басылымдармен таныстыру мақсатында түрлі саладағы әдебиеттер қойылды. Ғалым, кәсіпкерлер, ақынмен болған сырлы сұхбат, тәжірибе бөлісу студенттерге үлкен жігер берді. Ізгі шаралар кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты одан әрі нығайта түскенін көріп, көңіл қуанып, мерейіміз таси түсті.
Сұлушаш МОЛДАТАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Техникалық физика» кафедрасының оқытушысы, магистр