ӘСКЕР – ЕЛ ҚОРҒАНЫ
ӘСКЕР – ЕЛ ҚОРҒАНЫ
Тарих беттеріне үңілсек, сонау жаугершілік замандарда әскер саны шешуші рөл атқарған. Мәселен, иттің табанындай шағын Македония мен Моңғолия тек әскердің күшімен ғана әлемді үрей құшағында ұстаған. Кейін әскери кемелері көптер талайларды отарлап, тарих сахнасына шыға бастады. Ал ғылым мен техника қарыштап қатар дамыған заманда ядролық қаруы, қанатты зымыраны, әскери кемесі, сүңгуір қайығы, әскери ұшағы, барлау қызметі сақадай сай тұрған, соған орай экономикасы қуатты мемлекеттер мықтылар санатына қосылды. Ж ал пы, д үн иежүз і бойын ша мемлек еттердің әск ер қуатын салмақтайтын Global Firepower рейтингінде 142 әлемдік державаның әскери әлеуеті сараланған. Рейтинг бағалауы бойынша Қазақстан биылғы жылы 67 орынға тұрақтаған. Қазақстан 2019 жылғы рейтингте 53, 2020 жылы 63 орында тұрған болатын. Яғни жыл санап еліміз бірнеше саты төмен сырғып келеді. Global FirePower рейтингінде Қытай әлемдегі ең қуатты әскери державалар көшін бастап тұр. Үндістан мен Америка Құрама Штаттары жалғастырған тізімде Орталық Азия елдері арасында әскери қуаттылығы жағынан Өзбекстан 61 позицияны еншілеген. Әрине, дамудың кілті, береке бастауы – бейбітшілікте, тыныштықта. Дейтұрғанмен «құдықтағы құрбақаға аспан теңгедей көрінеді» демекші, мемлек еттік маңызды мәселеге, халықтың тыныштығына, қауіпсіздігіне өз құдығымыздың түбінен қарауға болмайды. Құдай бетін аулақ қылсын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күндеріміздің бетіне қара дақ түспес үшін қазірден қапысыз дайындық керек. Себебі «жау жоқ деме, жар астында» екеніне сәт сайын көзіміз жете түсуде. Түсіне білген адамға бірнеше ай бұрын басталған «бауырлас» Ресей мен Украина соғысы да көп нәрседен хабар береді. Қош, дайындық керек делік. Ал дайындығымыз қалай? Армиямыздың әлеуеті қандай? Қандай да бір қауіп төнгенде қапыда қалмаймыз ба? Әскеріміз заманауи қару-жарақпен, техникамен қаншалықты қамтамасыз етілген? Ендеше Қаңтар оқиғасы және Ресей мен Украина соғысынан кейін қоғамда қызу талқыланып жатқан сұрақтарға жауап іздеп көрсек. Осы орайда алдымен «AIQYN» республикалық қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, әскери сарапшы Амангелді Құрметтің пікіріне құлақ асып көрдік. – Өз басым Қазақстан Қарулы Күштерінің заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен қамтамасыз етілуін орташа деңгейде деп бағалаймын. Айталық, біздегі танктер ескірді. Көбі 840 аттың күші бар Т-72Б танктері. Көрші-қолаң 1200 аттың күші бар техника қолданады. Біздің танктер 3++ буынынан кіретін болса, көптеген елдер кемі 4+ буынындағы танктерді қолданады. Атыс қаруларының да тоза бастағаны байқалады. Дегенмен оптикалық және байланыс құралдарының біршама заманауи үлгілерін алғанымыз рас. Жаңа саналатын ұшақтарымыз да бар. Бірақ тікұшақтарымыз ескіріп барады. Қарулы Күштердегі ең жаңа техника тек әскери теңіз күштерінде ме деп санаймын. Өйткені олар қолданатын кемелердің басым көпшілігін өзіміз құрастырып жүрміз. Сонымен қатар ең басты мәселе қорғаныс саласын заманауи техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз етуде концептуалдық мәселе бар. Айталық жаяу әскер қолданатын барлау дрондары мен шабуылдаушы дрондарға енді қол жеткізіп жатсақ та, мини немесе наондрондар бізде жоқ. Мәселен, Батыс елдерінің бірқатары PD 100 Black Hornet минидрондарын пайдаланады. Әскерлер бұл құрал арқылы ғимарат ішінде жасырынғандарды, тасада отырғандарды анықтай алады. Алақандай ғана қуыстан өте шығатын құрал арнайы күштердің «көзі мен құлағына» айналып отыр. Қаңтардағы бүлік кезінде армияда да, ҰҚК мен ІІМ арнайы күштерінде де мұндай техниканың жоқ екеніне көзіміз жетті. Сол сияқты радиолокациялық және байланыс құралдарын жаңалауда да біршама кешігіп қалған сияқтымыз. Бірер жыл бұрын ғана «Нұр» РЛС-ны алдық. Әуе шабуылына қарсы қолданылатын зениттік-зымыран кешендерінің кейбір түрлеріне енді ғана қол жеткіздік. Оған мысал керек болса «Бук» ЗЗК-ны атар едім. Бұрын ол Қазақстан армиясында болмаған. Екі жыл бұрын ғана алдық. Қысқасы қорғаныс саласының заманауи техникамен қамтамасыз етілу деңгейіне көңілім толмайды. Ең бастысы сол техникаларды қолданатын мамандарымыздың даярлығы мен дербес шешім қабылдау қабілетіне күдігім көп, – дейді сарапшы. Ал тағы бір әскери сарапшы, саясаттанушы Асхат Қасенғал и жаңа технологиялар соғыс ережесін өзгертіп жатқанын, бұрынғыдай окоп қазып, мылтықпен атысатын дәуір енді келмейтінін айтады. Сондай-ақ сарапшы қорғаныс саласына ауызша, қағаз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде қолдау көрсетілуі керек екенін алға тартады. – Қазақстан жері өте үлкен, халқы аз мемлекет. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер алда-жалда соғыс болса, бұл халық тарапынан да, билік тарапынан да жауға қарсылық тудыруға айтарлықтай кедергі жасайтын сияқты. Мобилизация, халықты қауіпсіз аймаққа көшіру, әскерді ұрыс алаңына дереу арада жеткізу сынды міндеттерді өз уақытында іске асыру қиын болады. Себебі жер үлкен, халық аз. Қазақстанның географиялық жер бедері де қызық. Шығыс пен оңтүстік-шығыстың біраз бөлігін тау мен орман алып жатыр, ал қалған өлкелеріміз жазық дала, шөл мен шөлейт. Еліміздің әр аймағында бар кішігірім тау сілемдерін ескермегенде әрине. Мұндай табиғат әскери топтарды бөліп, жау әскеріне диверсиялық соққы жасауда қиындық туындатады. Осы секілді фактілердің бәрін ескерген Қазақстан жаңа заманның соғыс тактикасын меңгеріп жатыр деп ойлаймын. Оған күмән келтірмеймін. Заманауи соғыста әуе күштері мен зымырандар ерекше рөл ойнайтынын көріп отырмыз. Әуе күштеріне тек қана ұшақтар мен тікұшақтарды емес, сонымен қатар ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (БПЛА), яғни әскери дрондарды жатқызсақ болады. Себебі Ресей мен Украина соғысында дронның тиімділігіне көз жетті. Дрон көмегімен украиндықтар Ресей әскері мен техникасына соққы берді. Дрондарға жарылғыш байлап, әскерилердің нысандары мен жаяу әскерді жарып отырды. Зымыран кешендері де аса маңызды. ПРО мен ПВО жүйесінен бөлек, жау әскері мен техникасын жоюда соңғы жиырма жылдықта басты қаруға айналып келе жатыр. Стэлс жүйесіндегі ұшақтар да үлкен маңызға ие. Қазіргі уақытта әскердің саны қысқарып, қарудың түрі жаңарып жатыр. Әлем осы тенденцияда. Жаңа тактикалар ойластырылуда. Мысалы, ұшқышсыз ұшақтар алдыңғы шепке шығуда. Қазақстан жері тым үлк ен болғандықтан, бізге сөзсіз әуе күштерін дамыту маңызды. Жойғыш ұшақтар, әскер таситын, техника жеткізетін ұшақтар мен тікұшақтар, БПЛА-лар (беспилотный летательный аппарат) ауадай қажет. Елдің бір шетінен бір шетіне жылдам жетудің жалғыз жолы осы ғана. ару-жарақты тек бір елден сатып алу қателік. Біз көбіне Ресейден аламыз. Қытай мен Израиль, Еуропаның кей елінен азын-аулақ қару алатынымыз бар, бірақ ол теңізге тамған тамшыдай ғана. Басым бөлігі Ресейден жеткізіледі. Баяғыда хандар кемі екі ұстахана салдыртқан. Бірін жау талқандап, өртеп кетсе, екіншісінде қылышын, найзасын жасай берген. Сондықтан бір елге басымдық бермей, әлемдік қақтығыстарда өзін жақсы көрсеткен БПЛА, зымыран кешендері мен ұшақтарды, жаяу әскерге арналған атыс құралдары мен бронды техника түрлерін сатып алған дұрыс. Ал ең абзалы әскери қарудың біраз бөлігін өзіміз шығаратын дәрежеге жетсек, сонда ішкі сенімділік те арта түседі, – дейді А.Қасенғали. ...Жалпы еліміз Тәуелсіздік алғалы бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Еліміздің қауіпсіздігін нығайту, қауіп-қатердің алдын алу бағытында аз жұмыс істелген жоқ. Бірақ... Жыл басындағы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған Қаңтар оқиғасы қорғаныс саласындағы көп олқылықтың бетін ашып, кем-кетігіміздің, жоқ-жітігіміздің көп екеніне көзіміз жетті. Егер олай болмаса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында: «Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Ішкі істер министрлігінің арнаулы мақсаттағы құрылымдарының және Ұлттық ұланның санын ұлғайтып, әскери дайындығын күшейту керек. Қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қосымша жарақтандыру қажет» деп, тиісті ведомоство басшыларының жұмысын сын тезіне алмас еді. Сонд ай-ақ 2022 жыл д ың 02 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының төрағалығымен өткен кеңесте қорғаныс ведомствосының басшылығына Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Әсіресе заманауи цифрлық тәсілдер арқылы әскери басқару жүйесін жетілдіру қажет екеніне айрықша назар аударылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан әскерін заманауи әрі жоғары технологиялы қару түрлерімен, әскери техникамен қайта жабдықтау керектігі айтылды. Осылайша Президент пәрменімен әскерімізді жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістерді ескере отырып заман сұранысына сай жетілдіру, әскери дайындықты арттыру мәселесі күн тәртібіне шығарылып, уақыт талабына сай жұмыстар басталып та кетті. Сөз басында айтып өткеніміздей, қазір жаугершілік заман емес. Дегенмен қойнауы қазынаға толы қазақтың кең-байтақ жеріне көз алартып отырғандар аз емес. Құйылған қорғасындай ауыр, мық шегедей берік күшті әскеріміз болса ғана төніп тұрған қандай да бір қауіпке қарамастан халықтың жүрегі де, көңілі де тыныш болады. Ләйім, қазақ даласы бейбітшілік бесігінде мәңгілік тербеліп тұрғай.
Талғат НҰРХАНОВ