Министр биыл 5G желісі іске қосылады деп сендірді
Министр биыл 5G желісі іске қосылады деп сендірді
Министрдің айтуынша, 170 мыңнан астам үйді 5G интернетке қосу жоспарланып отыр. Айта кетейік, Қазақстанда 5G желісі былтыр іске қосылуы керек болған. Одан бөлек, Бағдат Мусин Қазақстанда интернет жылдамдығы неге төмендеп кеткенін түсіндірді. «Бүгінде цифрлық экономиканың, ойын-сауық контентінің өсуіне, бизнестің виртуалды байланысқа шығуына, яғни экономикалық қызметтің платформалық модельге көшуіне байланысты интернет-трафикті пайдалану қарқыны айтарлықтай өсіп жатыр. Коронавиус пандемиясынан бері Қазақстанда бұл көрсеткіш 1000 петабайтқа жетті. Осы уақыт ішінде елдегі интернет қолданушыларының саны – 90,9%», - деді министр. Бағдат Мусин бұл жағдай еліміздегі интернет жылдамдығына айтарлықтай әсерін тигізгенгенін айтты.
Оның айтуынша, салаға құйылатын инвестиция да жыл сайын төмендеп отыр. Бүгінде көрсеткіш 28% төмендеген (2020 жылы – 136 млрд теңге, 2021 жылы – 109 млрд теңге, 2022 жылы – 78 млрд теңге). Инвестициялық ахуал салаға кері әсерін тигізген. «Халықаралық бенчмарқа сүйенсек, АҚШ, Франция, Германия мемлекеттері байланыс саласына 10 млрд доллар инвестиция құйып жатыр. Ал Қазақстанда көрсеткіш тіпті, 200 млн долларға жетпейді. Бұл жағдайды ескеріп, президенттің тапсырмаларын сапалы орындау үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленді», - деп түйіндеді сөзін Бағдат Мусин. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан қуатты деректер орталықтары мен трансшекаралық талшықты-оптикалық магистралі бар цифрлық хабқа айналуға тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына бюджеттен 5 жыл ішінде шамамен 560 млрд теңге бөледі. Еске салайық, премьер-министр сапасыз интернет үшін министрге ескерту жасаған еді.