Жаңалықтар

Сіз білесіз бе?

Сіз білесіз бе?

Несиенің тарихыНесие (creditum) латын тілінен аударғанда credo – сенемін, сенім білдіремін деген мағына береді. Несие – белгілі бір мерзім бойы пайдаланып, қайтарылу үшін әдетте пайыз төлеу шартымен ақшалай немесе тауар түрінде берілетін қарыз. Қазіргі таңда несиесі жоқ адамдар сирек кездеседі деуге болады. Статистика бойынша елімізде әр екінші отбасы несие төлеуде. Тіпті кейбірінде бір басына 3-4 несие бар адамдар да кездеседі. Ал сол елдің берекесін қашырып жатқан несие қалай пайда болды?

Ең алғаш несиелер біздің дәуірімізге дейінгі кезеңде пайда болып, беріле бастаған. Мысалы, біздің дәуірімізге дейінгі шамамен 1793-1750 жылдары Вавилонды басқарған патша Хаммураппидің заңында «Үмітсіз борышкер құлдыққа әйелін, баласын немесе қызын бере алады» деген бап бар. Олар үш жыл қарызын өтеп, одан соң бостандыққа ие болатын болған. Грек тілінен аударғанда «ипотека» сөзі (hypotheke) «кепіл» деген мағына береді. Ежелгі Грекияда қарыз алушының жеріне несиені өз уақытында төлемеген жағдайда жердің қарыз берушіге өтетіні туралы ескертпе ретінде осы іспеттес жазуы бар бағана орнатқан. Ал Англияда орта ғасырлар кезеңінде қарызын өтемеген жағдайда абақтыға жабылатын болған. Абақтыға жабылмаудың жалғыз мүмкіндігі – борышкерге өз үйінің шекарасынан асып кетпеу. Себебі үйіндегі адамды қамауға құқық болмаған. Русь елінде борышкерді көп халықтың көзінше сабайтын болған. Бұл әрекет көп халықтың ішінен бірінің жаны ашып араша түсіп, оның қарызын өтеп берсін деген оймен жасалатын болған. Жазаланған адам барынша дауысын қатты шығарып, жұрттың өзіне деген аяушылығын тудыруға тырысқан. Ресейде 1754 жылы Мемлекеттік жер банкі құрылған. Онда дворяндар өз жерлері мен жылжымайтын мүліктерін кепілдікке қоя отырып несие ала алған. Қарыз 6 пайыз жылдық үстемемен берілген. 19 ғасырда несие алу құқығына қарапайым шаруалар да ие болған. Әйгілі француз жазушысы Александр Дюманы «мәңгілік борышкер» деп атаған. 1852 жылы Париж соты жалпы қарыз сомасы 107 000 франк болатын 53 кредитордан қуыным (иск) алған. Бірақ Дюманың өзі Брюссельге кетіп үлгерген. Жазушы еркін өмірге үйренген, қаражатын тек өзіне ғана жұмсамай, жомарттықпен достары мен таныстарына да тарататын болған. Бұл жөнінде ол өз сөзінде: «Мен ешбір адамға қаржылай көмектен бас тартқан емеспін, сұраған ақшасын бермей қойған кезім болған емес және ол кредиторларымның арқасы», деген. Үндістердің квакутл тайпасында қызық дәстүр болған: қарыз алған адам кепіл ретінде өз есімін қалдыратын болған. Тайпаластарының бірде-бірі оны қарызын толығымен қайтарғанынша өз атымен атамайтын болған. Италияның банктерінің бірінде кепілдік ретінде пармезан ірімшігін қабылдайды және аз пайыз қосылады. Ірімшіктің бұл түрі өте үлкен танымалдылыққа ие болғандықтан несиені өтемеген жағдайда оны сатып жіберу аса қиындық тудырмайды. Париждің «Credit Municipal de Paris» ломбардында кепілдік ретінде таңдаулы алкогольдік сусындар қабылдайды. Алғашқы күндердің ішінде ломбардтың қоймасы жүздеген бөтелке шарапқа толған. 2007 жылы ағылшынның Кент графтығында жазушы Чарльз Диккенстің паркі ашылған. Паркті барынша ХІХ ғасыр атмосферасына ұқсатып жасаған. Келушілер басқа ойын-сауықтан бөлек, қарыз абақтысында да отыруына болады. Айта кететін жағдай, Диккенстің әкесі 1824 жылы қарызын қайтару мүмкіндігі болмай осындай қарыз абақтысына жабылған. Абақтыдан ол бір жарым жылдан кейін анасының мұрагерлігін алған соң шыққан. Жыл сайын паркке шамамен 1 миллиондай адам келеді екен.

Зигмунд Фрейдтің қорқақтығы

Атақты австриялық психолог, психиатр Зигмунд Фрейд өзгелерге сабырлы болуды үйреткенімен өмірде өзі сондай күйбелең, қорқақ болған екен. Мәселен, ол 62 санын көрсе немесе естісе зәресі ұшатын болған. Даңғырлаған, тірі музыкадан да шошыған. Психолог тіпті адамдардың тіке көзқарасынан да қатты қаймыққан көрінеді. Зигмундтың өмірбаянында қара жолақтар да кездеседі. Зерттеушілер оның есірткіге тәуелді адам болғанын айтады. Бұл шырмауыққа өзге достарын да түсірген. Фрейд кокаинді ауруды басатын дәрі ретінде қабылдаған.

«Алғашқы көмек» қалай пайда болған?

Папирустағы суреттерге үңілсек, мысырлықтар біздің дәуірімізге дейін 2500 жыл бұрын жарақатты емдеу үшін пальма жапырағын пайдаланған. Әйгілі Гиппократ жарақаттанғанда, адамның сүйегі шыққанда алғашқы көмек көрсету туралы көптеген трактат жазған болатын. Алғашқы көмек туралы жазбалар бұдан өзге грек өлеңдерінде, ежелгі римдік ақын-жазушылардың туындыларында көрініс тауып отырған. Жарақаттанған дұшпанының өмірін құтқарып қалған батыр туралы аңыз-әңгімелер де бар. Ортағасырлық әскерлерде саморитяндық деп аталатын арнайы санитарлық көмек көрсету орталықтары да жұмыс істеген.