Әлеумет

Бала – үлкен жауапкершілік

Бала – үлкен жауапкершілік

Балалы болу – тылсым процесс. Сондықтан қарынды ашып фотоға түсу, аяғы ауыр адамның ашық-шашық жүруі, «Гендер пати» жасап сан-саққа жүгірту жалпы жақсы нәрсе емес. «Instagram»-ды ашып қалсаң көз сүрінеді.

Адам қуанып, мақтанғысы келетін шығар. Бірақ дәл осы ішті ашып көрсету – артық. Балалы болу адамның жеке жетістігі емес. Ол Алланың аманаты. Үлкен жауапкершілік. Іште жатқан бала екі ортада ілініп тұрған нәзік жан. Оның дүние есігін өздігінен ашуына мұрсат беріңіз. Жаратқанның ісіне араласпаңыз. Жабық есіктерді уақытынан бұрын жұлқыламаңыз. Қазақтың балаға, аяғы ауыр әйелге қатысты әр ырым-тыйымы жайдан-жай айтылмаған. Оның ар жағында үлкен білім жатыр. Мән беріңіз. Дүниедегі барлық тренингтер жабылып жүріп дала философиясының, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-тыйымдарындағы дүниеге жете алмайды. Қазір жаңалық болып жатқан көп дүниені қазақ бағзы заманда-ақ айтып кеткен. Ғасырлар бойы жаңылмаған, өзіңізде бар құндылықтарды бағалаңыз. Өзгеге өзеуремей, таңғалмай, сол білімге үңіліңіз. Біздің қанымызды да, жанымызды да жаңылтпай, сақтап келген дүниелердің барлығы сол құндылықтарда. Адамға қасиет құндылықтармен дариды. Тегіне жақсы әдеттер сіңеді. Жастарды кінәлауға болмайтын шығар, интернет әлемнің есігін айқара ашты, олар түрлі мәдениетке еліктеп, кірме әдеттерді жұқтыруы мүмкін. Насихаты күшті болса, есті деген ересектерді де іле кетеді. Үлкендер құндылықтарды, қазақтың төл мәдениетінің мән-мағынасын жететіндей түсіндіру керек. Сондай-ақ адамның араласуын қажет етпейтін тылсым ілімдер болады, қозғауға болмайтын. Тек уақыты келгенде ғана санаға жететін. Оны да ерте қазбалап, есігін сындырып кірсеңіз, санаңыз көтере алмайды. Ондай ілімдерді сирек, таңдаулы адамдарға беретіні сондықтан. Барлық сана, жүрек ондай ақпаратқа дайын бола бермейді. Адам түрлі есіктерді ашып, адасып кетпес үшін ішкі иманы, рухы берік болуы керек. Сыртқы атрибуттар ішкі дүниемен сай келмейтін болса, ілім-білімнің құндылығы жоғалады. Ішкі дүние бүтінделмей адам еш нәрсеге қанағаттанбайды. Шатасады, адасады, алданады. Жылтырағанды «алтын» деп ойлап, тасқа кезігетіні де сол. Ішкі мазмұн, ішкі рух, иман – басты байлық. Адамның құндылығы сонда. Тұтастығы да. Оларсыз бізді толық адам деуге келмейді.