Атлах шайқасының ақиқаты
Атлах шайқасының ақиқаты
Қазақ даласында болған осы бір соғысқа қатысты тарихи деректер де әртүрлі. Тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан өзінің бір мақаласында мынадай деректер келтіреді. «Атлах – VІ-ХІІ ғасырларда Талас-Шу бойындағы аты шартарапқа мәлім болған түрік қалаларының бірі. Академик Әлкей Марғұлан Атлахты – Отлых деп жазыпты. Араб тарихшысы Әл-Макдиси 985 жылы: «Атлах үлкен қала, көлемі жағынан орталық қалаға жақын, айналасы биік дуалмен қоршалған. Бау-бақшасы көп, жүзім мол өседі. Мешіті орталығында, базары – рабатта (қала шетінде) болған», деп жазады ғалым. Ал Махмұд Қашқари: «Атлұқ-Отлық» мұндағы «Отлық» дегеніміз қазақ тіліндегі отты, шалғын шөпті, көгалды жер» деген мағынаны білдіреді. Талас (Тираз) маңындағы бір қаланың аты», деп қысқа қайырады. Орыс тарихшысы А.Бернштам өзі ашқан археологиялық айғақтарға сүйене отырып, «Атлах қаласының орны Тараз қаласына таяу жердегі Жуантөбеде, оның үйіндісінің айналасы 280/140 метр аумақты алып жатыр» деп нақтылай түседі» деген деректер келтіреді. Бұдан біз шайқастың нақты Тараз маңында болғандығын және Атлах қаласының да болғандығын білеміз. Алайда бізге белгісіз жайт, ол кезде Таразды қай тайпа басқарғандығы және олардың шайқасқа қатысқан немесе қатыспағандығы болмақ. Өйткені осы күнге дейін бұл шайқастың нақты тарихи бағасы берілген жоқ. Ол соғысқа нақты қарлұқтар немесе түргештердің араласқандығы турасында да тарихи жазба деректер аз. Бірақ түрлі деректер мен болжамдар көп айтылады. Бұл туралы Ә.Дәулетхан өзінің аталмыш мақаласындағы болжамында өз пайымын төмендегідей үш ойға топтастырады: «Біріншіден, 737 жылы түргештердің құдіретті билеушісі атанған Сұлұқ қаған қастандықпен өлтірілгеннен бергі он жыл бойы қағанатты құраған бес дулат пен бес нүшбе арасындағы тақ таласы Түргеш қағанатын біржола тұралатып тастаған еді. Өйткені түргештерді Таң империясы тағайындаған қуыршақ қағандар билей бастады». «Екіншіден, 744 жылы яғма, қарлұқ, ұйғырлардың тегеурінді соққысынан талқандалған соңғы Түрік қағанатының тағы үшін болған ішкі соғыстар барысында ұйғырдан ойсырай жеңілген қарлұқ, яғмалар Жоңғарияға, Тұрпанға, Жетісу өңіріне қарай жөңкілді. Ішкі соғыстан, Таң империясының әлденеше реткі тегеурінді соққысынан әлсіреген түргештер қарсылық көрсете алмады. Міне, сол кезде Таң империясы қарлұқ жабғуын барынша қолдауға кірісті. Яғни қарлұқтардың қолымен түргештерді ықтырып, Араб халифатының ілгері жылжуын тоқтатуды көздеді. Сондықтан да Қытай әскербасысы Гау Шиянжы соғысқа шеру тартқанда дәл осы қарлұқ жабғуы мен Ферғана ханының қуатты әскери қолдауына сенген сияқты». «Үшіншіден, Генерал Гау «Атлах-Талас шайқасы» болардан бір жыл бұрын, яғни 750 жылы қалың қолмен Тобанға, Шашқа шабуыл жасап, хандарын тұтқындап, Таң патшалығы ордасына апарды. Дәл сол кезде Қытайдың тағы бір генералы түргештер ордасы Суябты басып алған болатын. Түргеш қағанын да тірідей қолға түсіріп, Қытай астанасына жөнелтеді.» Мұның бәрі де тарихи болжам. Мейлі, қалай болмасын тарихшылар 5 күнге созылған осы қиян-кескі ұрыстың алғашқы төрт күнінде екі жақ та тең түсті деген пікірді жиі айтады. Әрі соғыстың соңғы шешуші күні болғанда екі жақтың да әлсіреген тұсын байқаған түркілер көрегендік танытып, араб әскерлерін қолдап, шайқас барысында қарлұқтар мен арабтар екі жақтан Таң армиясын қыспаққа алғандығын алға тартады. – Әрине, Атлах шайқасы әлемдік өркениетке жаңа серпін әкелген ірі шайқас болды. Ол жерде ешкім ойламаған қиян-кескі ұрыстың өткені де шын. Өйткені Атлах шайқасы – әлемдік тарихтағы жеті ірі шайқастың бірі деп бағалауға болатын соғыс. Жалпы бұл шайқастың шығуына не себеп болды? Неге екі алып өркениет бір-бірімен алапат ұрысқа барды? Осыған да тоқталап кеткеніміз жөн шығар. Дәл сол шайқас қарсаңында, 749 жылы Араб халифатындағы ұзаққа созылған тақ таласы аяқталған еді. Таққа талас барысында «Омаядтар билігін жеңген қара киімділер» деп аталған Аббас әулеті билікке келді. Аббас әулеті келе сала осыған дейін халифат бақылауынан тыс қалған және халифат билігі әлсірей бастаған Орталық Азиядағы иеліктеріне ықпалын қайта күшейтуді қолға алды. Қалай болғанда да Орта Азияның маржандай көзтартар байлығынан айырылғысы келмей, шабуылын үдете түскен болатын. Ал осы тұста Таң патшалығының әскері де Шығыс Түрік қағандығының әлсірегенін пайдаланып, Талас өңіріне таяп келіп, Араб халифаты иелігіне қауіп төндірді. Яғни бұл жерлерден айырылып қалмай, түркілерді өз боданында ұстауға қытайлар да тырысты. Алайда Таң патшалығынан қаншама жылдардан бері теперіш көріп келе жатқан жергілікті түргештер мен қарлұқтар Араб халифаты әскерінің көмегіне сүйеніп, Қытайға деген сырттай тәуелділіктен арылуды ойлады. Бірте-бірте түркілер Қытайға деген бағыныштылықтан бас тарта бастағаны Таң патшалығына ұнаған жоқ. Бұл жағдай арабтар мен қытай әскерлерінің қақтығысқа түсуін жеделдете түсті. Осылайша арабтар мен қытайлар екі жақтан түріктерді қыса келе, өздері де бір-бірімен түйісіп қалды. Орта Азияның байлығына таласқан екі алып империяның мақсат-мүддесі Тараз қаласының қасында мәңгілікке түйісті, – дейді тарихшы Асылжан Дулати. Қалай болмасын біздің ұлы сахарамызды сақтап қалуымызға себеп болған осы бір тарихи соғыстың алар мән-маңызы зор. Қытайдың қылышынан, арабтың қанжарынан аман қалған бабаларымыздың рухани дүниесі де осы ұрыстан кейін қақ айырылды. Наным-сенімі мен таным-түсінігі өзгеріске ұшырады. Бұл өз кезегінде біздің таза мұсылман қауымының қатарына кіруімізге түрткі болғаны да ақиқат. – Бұл өз кезегінде түркілердің ислам өркениетімен жақындасуын жылдамдатты. Жалпы Атлах (Талас) шайқасының тарихи маңызы зор. Себебі осы шайқастан соң Таң империясының Орта Азияға бағыттаған шапқыншылық саясатына нүкте қойылды. Қытай империясының Шығыс Түркістандағы әскери бекіністері түгелімен жойылды. Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасы өзгеріске ұшырады. Өлкемізде ислам өркениеті жаңа арнада қанат қағып, білім мен ғылымның дамуына даңғыл жол ашылды. Түркілер Қытай экспансиясынан мәңгілікке құтылып, ешкімге бодан болмайтын өзінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Сонымен бірге ислам дінін қабылдай отырып, үлкен өркениетке жол ашты. Исламның келуімен бірге түркілер арасында жаппай сауаттылық мәселесі қолға алынып, халықтың сауатты көзқарасы қалыптасты. Исламның гүлденген осы дәуірінде сауаттылықтың арқасында көптеген ғалымдарымыз тарих сахнасына шықты. Әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұни, А.Ясауи, С.Бақырғани сияқты ғұламалармен бірге бір ғана Тараздың өзінен 50-ден аса Тарази ныспылы ғалымдар шоғыры шыққанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Атлах шайқасының түркілерге әкелген мынадай бірнеше пайдасы болды. Біріншіден, жүйеленген тұрақты бір діннің астына бірікті, екіншіден, халықтың жаппай сауаты ашылды (сауат ашу орталықтары ашылды), үшіншіден, сауаттылықтың арқасында көптеген ғұламалар шықты. Сонымен қатар түркілер өздерінің мәңгілік тәуелсіздігін сақтап қалды, – дейді Тарихшы А.Дулати. Міне, осылайша екі алып империяның текетіресінен кейін Орталық Азияның тасы өрге домалады. Біз осы бір тарихи кезеңнің бағасын әлі күнге дейін толық айқындап бере алмай келеміз. Оның мән-маңызын келер ұрпаққа жеткізіп, тарихқа шындықтың көзімен тура қарағанда ғана біздің ендігі жүретін жолымыздың бағыт-бағдары айқындалмақ.
Шапағат ӘБДІР