Қылмысқа қылбұрау
Қылмысқа қылбұрау
Жүгенсіз жасөспірім
Өткен демалыс күндері тараздық патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің назарына автокөлік руліне отырған мектеп оқушылары ілікті. Олардың бірі жексенбі күні әкесінің «Audi» маркалы көлігін рұқсатсыз айдап әкетіп, рульге ие бола алмай көпірден құлап кеткен. Он бес жастағы жасөспірімнің жылдамдықты асырып, жол ережесін өрескел бұзып келе жатқанын жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камерасынан байқаған. Олар аталған аумаққа шұғыл түрде патрульдік полиция басқармасының инспекторларын жіберген. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде зардап шеккендер болған жоқ. Оныншы сыныпта оқитын жасөспірім ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта істі сотқа жолдау үшін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Көп көлемдегі трамадол тәркіленді
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 11 сәуірде синтетикалық заттарды жеткізу арнасын жабу бойынша арнайы операция жүргізді. Осы іс-шаралар нәтижесінде Байзақ ауданындағы Үлгілі ауылының 53 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктінің үйін тінту барысында оның бөлмесінен 3 430 «Трамадол», 90 «Самнол», 138 дана «Тропикамид» табылып, тәркіленді. Барлығы 3 430 таблетка, 514 грамм 5 миллиграмм синтетикалық заттар алынды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296- бабының 4-бөлігімен (аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ұсталған адам өз кінәсін толық мойындады. Күдіктіге 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. – Синтетикалық есірткілерді құқықтық салаға енгізу олардың айналымын уақытылы тоқтатуға мүмкіндік берді. Осы жылдың наурыз айында ҚР Үкіметінің қаулысымен «Трамадол» есірткі құралдарының тізіміне енгізілді. Бұл елімізде өзгерістер енгізілгеннен кейінгі «Трамадол» психоактивті затының аса ірі партиясын тәркілеудің алғашқы дерегі, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
Жат елге кеткен жанармай
Жамбыл және Түркістан облыстарында 10 сәуірден бастап ішкі істер органдары көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, жанар-жағармайды елден тыс жерлерге әкетуге жол бермеу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Полиция қызметкерлері тиісті рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнату арқылы көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу фактілерін анықтауға ерекше назар аударады. Бұл құқықбұзушылық үшін ҚР «Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы» кодексі 590-бабының 7-бөлігіне сәйкес «Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару» бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Іс-шараның үш күнінде осындай құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 57 жүргізуші жауапқа тартылды, 21-іне әкімшілік материал бойынша көлік құралдарын одан әрі пайдалануға тыйым салынды.
Есепте тұрғандар музей аралады
Таразда пробация есебінде тұрған сотталған азаматтарды облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты Тараз қалалық пробация бөлімінің қызметкерлері «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейіне апарды. Бұл іс-шара Тараз қалалық пробация бөлімінің, қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, сондай-ақ жұмыспен қамту орталығының бірлескен кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асырылып отыр. – Шараға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және қалалық №1,2,3 пробация бөлімінің есебінде тұрған 20-ға жуық азамат қатысты. Мұндағы негізгі мақсат – сотталғандардың қоғамға тезірек бейімделуіне ықпал ету, әрі оларды туған жердің тарихын танып-білуге жағдай жасау, – дейді Тараз қалалық №3 пробация бөлімінің бастығы Қуаныш Халық.