Құланның аспанында ән қалықтады...
Құланның аспанында ән қалықтады...
– Қасиетті Құлан өңірінің Көкдөнен ауылында қарапайым ғұмыр кешкен композитор Жаңбыршы Үсейіновтің әндері тыңдаған жанға жаздың жылы жаңбырындай әсер қалдырады. Тіршілігінде атақ, марапат іздеп, азамат атын аласартпаған Жаңбыршы ағамыздың да дүниеден өткеніне жиырма жылға жуықтапты. Жаңбыршы Үсейінов өнерге адал болған адам. Оны жазып қалдырған шығармаларынан, жүріп өткен өмір жолынан көруге болады. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ! Осындай ізбасарлары барда композитордың аты мәңгі өлмейді! Қолдауы үшін аудан әкімдігіне рақмет! Жаңбыршы ағамыз дүниеге келгенде жылы жаңбыр апталап жауып тұрған екен. Соңғы апталарда Әулиеата жерінде де жаңбыр жиі жауды. Кеше де бәлкім сағыныштың көз жасы, бәлкім өнердің шуағы, бәлкім біз біле қоймайтын бір құбылыс, әйтеуір, Құлан жерінде де жылы жаңбыр толассыз жауып тұрды, –дейді Құланда өткен керемет кештің куәсі болған ақын Хамит Есаман. Осылайша Ж.Үсейіновтің әндерін бүгінгі буынға насихаттау мақсатында өткен ерекше концерт ұмытылмастай есте қалды. Жаңбыршы композитордың өзі өмірден өтсе де, ұмытылмас әндері халықтың жүрегінде мұра болып қалары анық. Тыңдарманы барда Жаңбыршының әні өлмек емес. Сазгер туралы тағы бір мәрте айта кетсек, артық болмас. Ол 1947 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге жақын болып өскен жас композитор Мэлс Өзбековтің әндерін шырқап жүріп, 17 жасында алғаш рет өзі де ән жазыпты. Сегіз қырлы, бір сырлы дарын А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте математикадан, кейіннен ән-күй пәнінен дәріс берген. Мектепте оқып жүрген кезінде үрмелі оркестрді, кейін өнерлі жастарды жиып, «Таң самалы» ансамблін құрған дейді. Сол жылдарда ансамбльдің аты аудан, облыс көлеміне кеңінен танылып, тіпті «Алматы» телестудиясы шақырып, 1,5 сағаттық концерттік бағдарламасын республика жұртшылығына паш еткен екен. Достары түгел арман қуып, оқу іздеп кеткенде Жаңбыршы көз жанары сыр беріп, ауылда қалыпты. Бірақ ол тағдырдың бұл сынағына сынған жоқ. Кеудесін сағыныш кернегенде құрбы-құрдастарына арнап ән жазды. Сұлулықты, сұлуларды әнге қосыпты. «Сағыныш» атты ән-жинаққа композитордың әр кезеңдегі жүрекпен сезіп, көңілге түйген сәттерде әуен болып құйылып, ән болып төгілген 20 ән енген. Соның бірқатары бүгінгі кеште шырқалды. Композитордың 40-тан аса әндері ел ішінде кең таралып, үлкен сахналарда орындалған. Оның «Ағайындар», «Құдаша», «Айша бибі», «Соғыстан қайтқан әкелер» әндерін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары орындап жүр.
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ