Білім

Жамбылдық оқушылар жүлдегерлер қатарында

Жамбылдық оқушылар жүлдегерлер қатарында

Жуырда Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Ясауи оқуларынан» Тұрар Рысқұлов ауданындағы Қарақат ауылдық орта мектебінің 7-сынып оқушысы Досхан Айтқұлов бас жүлде иеленді. 

Байқаудың мақсаты – қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттау. Өскелең ұрпақты Ұлы дала мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру, Ұлы баба өнегесімен шәкірттерді адамгершілікке, ізгілікке баулу және тарихи-мәдени ескерткіштерді, жәдігерлерді насихаттау болатын. Республикалық сайысқа облысымыздан 5 оқушы қатысып, әр өңірден келген оқушылармен бақ сынасты. Досхан Айтқұлов Ясауидың 40 хикметін жатқа айтып, Қазақстан тарихы бойынша сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, байқаудың бас жүлдесін және 300 000 теңгелік қаржылай сертификатты иеленді. Сонымен бірге тағы бір жамбылдық оқушы, Тараз қаласы, Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Жанна Мырзатай ынталандыру дипломын және 50 000 теңгелік қаржылай сертификатты жеңіп алды. Және де республикалық байқауға қатысып, ерекшеленгені үшін барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Жеңімпазды дайындаған жетекшісі, Қарақат ауылындағы №2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Асқарқызы аталған байқау қазіргі таңда кең қанат жайып, жылдан-жылға дами келе, республика көлеміндегі жыл сайын білімді де білікті шәкірттердің басын қосатын мерейлі мерекеге айналғанын атап өтті.