Перзентхана алдындағы даңғазалық
Перзентхана алдындағы даңғазалық
Шындығында, мәдениетті түрде жеткізілген хабарламаның мазмұнын барлық қалалардан көруге болады. Тура сол көрініс. Облыстық, қалалық перинатальді орталықтың алды тура осылай той-думанға айналғалы қашан. Нәрестенің дүниеге келуі, әрине, үлкен қуаныш. Алайда сол қуаныштың лебін медициналық мекеменің алдында жасамай, үйде-ақ тойлатуға болмай ма? Кейбіреулер заман талабы деп гүлін, шарын көтеріп, аниматор, лимузин, әнші жалдап, дақпырт қылып барша әлемге баласының туғанын жария етуде. Ал біреулер көлігіне «Адай еліне бір ару», «Қоңыраттың қозысы туылды», «Байыс еліне +1 ұл» деген секілді жазып қойып, көше-көшеге бипылдатып, қуаныштары қойындарына сыймауда. Осыған орай ың-шыңсыз 15 бала дүниеге әкелген алтын құрсақты ана Сайлаукүл Өміралиева: «Бақыт тыныштықты сүйеді. Баяғыда қанша баламыз бар екенін жасырып қоюшы едік. Тіл бар, көз бар, сөз бар дегендей. Перзентхана алдында тойлатқанымен қоймай, бүгінгі жастар ғаламторға да балаларының бет-жүзін, санын көрсетіп сала беретін болыпты. Жаңағыдай лимузинмен шығару деген болмапты. Өзіміз-ақ шаруадан қолы босамаған күйеуді күтпей келе беретін едік. Мейлі, қазір XXI ғасыр. Түсінеміз. Қуанышқа ортақпыз. Бірақ даңғаза ету, жариялылық не керек», деп түйді. Сырт көзге мақтанамыз деп, керісінше абыройдан айырылып жатқан жоқпыз ба? Бес күн жейтін асты бір күнде тауысып, перзентхана алдына спирттік ішімдіктер апарып, тойлау, дабырайту – әбестік. Кейбір аналардың қымбат көлікпен, аниматорлармен шығуға жағдайы жоқ. Көңілге кірбің келтірер осындай тұстарды ескерсек екен. Әлеуметтік желіге жүктелген материалға көптеген пікірлер жазылуда. Шолпан Рақымқызы атты оқырман «Әркім өз ауласында, өз есігінің алдында тойласын. Қошеметті үйде жасаңыздар» деген пікір қалдырды. Ал шымкенттік ұстаз Өмір Шыныбекұлы «Шынында мынандай даңғазаға заңмен тыйым салу керек. Перзентханада тек қуаныш қана емес, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан аналар да бар. Кейде жаңа туған нәресте шетінеп кететін жағдайлар да болады» деп жазды. Қуанышты тойла, қазақ, алайда көрінгенге болма мазақ! Қоғамда болып жатқан мақтангершілікті ізін суытпай газет беттерінде саралап беріп тұру керек деп шештік. Бұл ненің не екенін ажырата алмай жүргендерге де сабақ болар еді. Мақтанудан бұрын арды ойлайық!
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ