Әлеумет

«Тәрбие – тал бесіктен…»

«Тәрбие – тал бесіктен…»

Бала ана құрсағында пайда болған кезден-ақ оның тәрбиесі басталады екен. Нәресте анасына кіндігімен жалғасқандықтан ана қандай күйде болса, ол да сондай халде болатыны анық. Мәселен, ана құнарлы ас ішіп-жесе құрсағындағы бала да тез өсіп-жетіле бастайды. Ал ана айқай-шусыз, тыныш ортада дұрыс өмір сүрсе бала да тыныш есейіп, толысады екен. Балаға азығы уақытылы беріліп, жетіліп жатқанымен рухани азықтың берілуі өте маңызды. Ол – білім мен тәрбие. Білімсіз адам өмір сүре алса да тәрбиесіз адам өмір сүре алмайды.

Қазақи тəрбиеге байланысты кітап беттеріне үңілер болсақ, қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тəрбиелегені туралы жазылады. Олар – «ұят болады», «жаман болады» жəне «обал болады». Мұндағы ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме дегені. Сонымен қатар «жаным – арымның садағасы» дегені. Ал жаман болады дегені – «жақсы сөз – жарым ырыс», жамандықтан аулақ жүр деп жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді дегені. Обал болады дегені – əр нəрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған нəрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін, сондай-ақ ешкімге көлеңкең түспегеніне баса назар аудартады. Жаман боладыға жақындамай, ұяттыға ұрынбай, обал болады дегенге ойлана қарайтын ұрпақ едік. Ал қазір ше? Меніңше, «ұят болады» сөзі – тәртіптің басшысы, тектіліктің бастау көзі. Кейінгі кезде осы біртекті сөзді айтудан қалғандаймыз. Бұл асыл сөздің өзі жаман іс-әрекеттердің, әдепсіз қылықтардың алдын алып, тыйып тұратыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі уақытта ата-ананың немесе ата-әжелердің немерелеріне «ұят болады, қой!» деп айтып жатқанын естімейтін болдық. «Неге олай?» деп сұрай қалсаң: «Қоя бер, қайтесің, бір үйдің ерке, жалғыз баласы ғой. Өзі біледі не істесе де» деп қысқа ғана қайырады. Өзім білемдікке салынған бала ертеңгі күні қандай адам болады?! Әрі қарай ойлай беріңіз. Халқымыздың даналығында «Баланы жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата–бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің үлесіміз болып табылар еді. Бірде теледидардан бала тәрбиесі туралы әңгімелеп отырған психологтың сөзіне құлақ түрдім. «Ұят болады деп балаға айтып, әр нәрседен тыя берсек бала жасқаншақ, ынжық, ұяң болып өседі. Ондай баланың болашағы бұлыңғыр», деп қойып қалмасы бар ма? Ал енді қараңыз, осы «ұят боладыны» естімей жүрген талай жасөспірімнен неше түрлі сұмдық шығып жатқан жоқ па? Мәселен, ұрлық, зорлық, біреуге зәбір көрсету секілді. Одан кейін жасаған істері әшкере бола қалса, «Оның несі ұят?» деп беттерінің бүлк етпейтінін қайтерсің. Сол себепті ұят сөзі бірінші кезекте тұруы тиіс. Тіпті хакім Абай отыз алтыншы қарасөзінде ұят туралы: «Шын, ұят сондай нәрсе: шариғатқа теріс я ақылға теріс, я әбүйірлі бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі істеген адамды есіркегендіктен болады... Ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып тынатын қысымның аты... Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді Абай Құнанбайұлы. Адамзаттың бойындағы әшекейі болып саналатын ұят сезімі – бүкіл жаманшылықтардан қорғайтын рухани қалқан болып саналмақ. Ол адам баласының Жаратушы Аллаға және бүкіл пенделерге деген міндеттерін толық орындауына септігін тигізеді. Қазіргі мақсатымыз – еліміздің ертеңгі болашағын ойлайтын азаматтарды тәрбиелеу. Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игеруді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруды меңгерту. Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Түйіндей келе, жақсы қоғам қалыптастыру үшін бала тәрбиесіне жете көңіл бөлуіміз керек. Егер сізді расымен де балаңыздың болашағы алаңдататын болса, «ұят болады» деген секілді жамандықтан тыятын, ұлағатты сөздерді уақытында баланың миына құйып отырғаныңыз жөн. Тәрбиелі, саналы ұрпақ қалыптастыру өз қолыңызда!

Әнел Әшірқұл, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті