Жамбыл жаңалықтары

Ерекше экскурсия

Ерекше экскурсия

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің бастамасымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері үшін кинологиялық орталыққа экскурсия ұйымдастырылды.

Бұл орталықта қызметтік иттер есірткі, жарылғыш заттар мен қару-жарақ іздеу, із кесу, одорология сияқты кинологиялық қызметтің бағыттары бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Экскурсияға келген студенттерге қылмыскерлерді ұстау кезінде қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысы туралы айтылды және төрт аяқты тәртіп сақшыларының командаларды қалай орындайтынын, жасырын заттарды қалай іздейтінін көрсетті. Бава атты қызметтік ит Лоя атты қызметтік итпен бірге есірткі іздеу дағдыларын көрсетті. Кинологиялық орталықта студенттер иттермен ғана емес, сонымен қатар оларды үйретушілермен, кинолог-нұсқаушыларымен де танысты. Сондай-ақ полиция қызметкерлері «Есірткіге жол жоқ де!» тақырыбында дәріс өтті. Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаевтың айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру, есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстардың алдын алу, болдырмау және жолын кесу. Іс-шара соңында студент жастар полиция қызметкерлеріне алғыстарын айтып, қызықты экскурсияның жарқын естелікке айналатынын атап өтті.