Жамбыл жаңалықтары

ҚОС БАЛАНЫ ҚҰТҚАРҒАН АЗАМАТ

ҚОС БАЛАНЫ ҚҰТҚАРҒАН АЗАМАТ

Тараз қаласында Қайрат Тұрлыбаев есімді полиция қызметкері осыдан үш ай бұрын екі баланы ажалдан аман алып қалған еді. Тараз қаласындағы жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып еңбек ететін оның бұл әрекеті жұртты сүйсіндірген. Оқиға барысында шұғыл әрекетімен адам өміріне араша түскен азамат батыл ісін ешкімге айтпай, мұны өзіне азаматтық борыш санаған.

Желтоқсанның аязды күндерінің бірінде аталған полиция лейтенанты әдеттегідей жұмысқа бара жатады. Саңырақ батыр көшесінің бойындағы каналдың жанынан өткенде көлігінің ашық терезесінен балалардың көмек сұрап айқайлап жатқан дауысы естілген. Еш ойланбастан көлігін тоқтатып, каналға қарай жүгіре жөнеледі. Су бойын жағалап, дауыс шыққан жерге жақындағанда кеудесіне дейін суық суға батып, мұздың шетінен ұстап, жанталаса айқайлап тұрған 9-10 жастағы екі ұл баланы көреді. Полиция қызметкері тез арада мұзды суға секіріп, балаларды бірінен соң бірін судан алып шығады. Екі баланы да жақын орналасқан емханаға апарып, ата-анасына табыстайды. Одан әрі қарай жедел жұмысына кетіп қалады. Кейіннен ата-аналардың бірі Тараз қалалық полиция басқармасының «Instagram» әлеуметтік желісіне жазып, көмек көрсеткен полиция қызметкерінің аты-жөнін білмейтінін, алайда бұл қаһарманға алғыс білдіргісі келетінін айтады. Осылайша «Бұл ерлік емес, қызметтік, азаматтық міндетім» деп санайтын қарапайым азаматтың ешкімге жариясыз жасаған жақсылығы өзі жарияға жар салмаса да көпшіліктің құлағына жетеді. – Өз жұмысыммен емханаға келсем, үсті-басы малмандай су, дірілдеп тұрған баламды көрдім. Шошып кеттім. Дереу үйге апарып, киімін ауыстырып, жылы көрпеге орап, қолымнан келгенін жасадым. Баламның жағдайы қалыпты болғаннан кейін құтқарған азаматқа алғыс айтуды ұмытып кетіппін. Содан кейін Тараз қалалық полиция басқармасының «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасына сұрау салып, болған оқиғаны жазып жібердім. Негізі мен балам сабақтан келіп, сыртта ойнап жүр деп ойладым. Күнделікті өзі қатарлы балалармен ойнап жүретіндіктен еш алаңдаған жоқ едім. Кешкі сағат 19:00-ге дейін іздеу ойымда да болмады, себебі күнде үйге сол уақытта келетін. Басын бәйгеге тігіп, балаларды құтқарған Қайрат деген полиция қызметкеріне ризашылығым шексіз. Бұл жақсылығы өзіне еселеп қайтсын деп тілеймін. Шынайы алғыс алған азаматтың жолы ашық болсын, – дейді көпбалалы ана Гүлнұр Дүрімбетова. Кейіпкеріміз полиция қызметкері болуды мектеп жасынан армандаған екен. Арманына адал азамат сегізінші сыныптан соң Қарағанды республикалық «Жас ұлан» әскери мектебінде оқыған. Әрі қарай мақсатына жету жолында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. 2022 жылдың қыркүйек айында алғашқы кәсіптік даярлық оқуына барып, сол жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі қызметінде. Сақшылар сапына қосылған алғашқы айдың өзінде қызметтік әрі азаматтық парызын адал атқарды. Жұмысқа қабылданғаннан кейін бір аптадан соң осы оқиғаға тап болған. – Қызметке ең алғаш келгенде бойымда қандай да бір қорқыныш болған жоқ. Қолымнан келмейтін сондай ауыр тапсырмаға да кезікпедім. Себебі маған барын үйреткен тәлімгермен, бірлігі мықты ұжыммен бірге жүрдім. Басшылық және ұжымдастар барлығы өте керемет адамдар болғандықтан жаңа ортаға тез сіңісіп кеттім. Олар маған жас маман болғандықтан әрдайым білгенімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп, қолдап отырады. Негізгі міндетім – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қадағалаусыздықты болдырмау және алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізу, заң аясында тиісті қызмет атқару. Қызметтік жолымдағы ең алғашқы ауыз толтырып айта алатын елеулі ісім осы жағдай. Алайда мен мұны ешқандай да ерлік деп санамаймын. Бұл менің қызметтік міндетім, – дейді Қайрат Қыдырбайұлы. Қайрат бүгінде келіншегімен бірге бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отағасы. Анасы және өзінен кейінгі інісімен тұрады. Марқұм әкесі Қыдырбай Тұрлыбаев әскери қызметкер болған. Бұрынғы Кеңес одағында Ресейдің Тынық мұқиты жағалауындағы Хабаровск өлкесінің Гавань қаласында әскери қызмет атқарған. Аға прапорщик отставкаға шыққаннан кейін өзінің облысы, яғни Әулиеата жеріне келіп, жеке өміріне көңіл бөлген. Шаңырақ көтеріп, екі ұл сүйген. Әкесінің бойындағы қайсарлық, табандылық, өз борышына адалдық ұлы Қайратқа да берілген. «Бейбіт күннің батыры» деп атауға лайық Қайрат бұл көзсіз ерлігі арқылы нағыз азаматтық танытты. Үсті-басы су болған полиция лейтенанты Қайрат Тұрлыбаев формасын ауыстырып, болған оқиға туралы ешкімге айтпастан қызметін жалғастыра берген. Уақыт өте келе, әлеуметтік желілерде ерлік істері үшін марапатталған полиция қызметкерлерін көрген әлгі балалардың ата-аналары 24 жастағы полиция қызметкеріне де ел алдында алғыс бiлдiруді жөн санайды. Осы мақсатта Қайрат қызмет ететін полиция бөліміне қоңырау шалып, орын алған тосын жай туралы баяндап берген. Олар екі баланың өмірін құтқарған құқық қорғау қызметкерінің антына адалдығына тәнті екендіктерін айтып, басшылығы тарапынан марапатталса деген тілегін жеткізді. Қызметіне адалдық танытқан қайратты ерге деген ата-аналардың алғысы, тілеулестігі жерде қалмады. Қайрат ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен марапатқа ие болды. Марапаттау облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өтті. Қос баланы ажалдан арашалаған азамат «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Аталған департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев Юрий Ильиннің атынан марапатты тапсырып және өз атынан алғыс білдірді. Ол Қайраттың кәсіби міндеттеріне жауапкершілікпен қарағаны және азаматтық борышын орындағаны, қырағылық, табандылық танытып, игі іс жасағанын айрықша атап өтті. Осылайша марапат өз иесін тапты. – Соңғы уақытта халық тарапынан полиция қызметкерлеріне деген сенімнің азайып, сыни пікірлер әлеуметік желілерде жиі жазылып, айтылып та жатқанын көріп қынжылатынмын. Полиция қызметкерлері ел тыныштығы үшін өз жанын құрбан етуге дайын. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, кейде өз қызметін сапасыз атқарған кейбір полиция қызметінің іс-әрекетінен «полицияның барлығы осындай» деген секілді көзқараспен халық пен полиция қызметкерлері арасында түсініспеушілік орнады. Осындай мәтіндегі пікірлері кейде шектен шығып жатады. Халық пен полицияның бір-біріне деген сенімі, құрметі арта берсін деп тілеймін. Халық игілігі жолында аянбай еңбек етуге дайынмын, – дейді Қ.Тұрлыбаев. Халық сүйіспеншілігіне ие болған Қайрат секілді қарапайым азаматтардың қатары көбейе берсін.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ