Ауыл шаруашылығы

"Ауыл аманаты" пилоттық жобасы – табыс кепілі

"Ауыл аманаты" пилоттық жобасы – табыс кепілі

Ауыл – ел жүрегі. Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен әрбір қазақ үшін ауылдың алар орны ерекше. Ауылдардың дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Сондықтан ұлтымыздың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі саналатын ауыл-аймақты дамыту мақсатында бірнеше жоба іске асырылып келеді. Соның бірі – «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына кезекті бір Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын. «Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», деген болатын Президент өз Жолдауында. Ауыл тұрғындарының табысын көтеруге бағытталған аталмыш жоба «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы атауымен 2019 жылы еліміз бойынша алғаш рет біздің облыста сынақтан өткен болатын. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген пилоттық жоба бертін келе «Ауыл – ел бесігі» атауымен жалғасып, бірден өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Биыл сәуір айында атқамінерлер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Осы орайда көпшіліктің көкейінде «Ауыл аманаты» жобасы не береді?» деген заңды сауал болуы мүмкін. Бұл жоба бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады. Сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді. Себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал малшаруашылығы және ауылшаруашылық кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша мерзімі 7 жылға дейін. Несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылып, 9,2 миллиард теңге игерілді. Жоба 5 бағытта іске асырылды. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытында 51 100 тұрғыны бар 8 337 ауланың 7 856 ауласы жобаға қатысты. Малшаруашылығын дамыту бағытында несиеге қол жеткізген 2 454 азамат 45 032 мал сатып алды. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағытында құрылған 11 ауылшаруашылық кооперативі 10 113 гектар жерді 228 шаруа қожалығымен бірлесе игерді. Құрылған 11 ауылшаруашылық кооперативіне 190 ауылшаруашылық техникасы лизинг жүйесімен берілді. Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген екі басты мәселе – төмен пайызбен несие берілді (2,5 пайыз) және ауылдық елді мекендердегі мүліктер (негізінен тұрғын үйлер) кепілдікке қабылданды. Іске асырылған жобаның нәтижесі де ойға қонымды. Мәселен, облыста қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылды. Үй және жер құжаттары ресми түрде реттелді. Жер және мүлік салығы жүйеленіп, жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді. 589 жаңа жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65 пайызға азайып, атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 1 039 миллион теңгені құрады. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге немесе 65 пайызға артты. Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ пилоттық жобаға енгізіліп, 253 жоба іске асырылды. Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтың айтуынша, өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 6 пайызбен несиелендіруге бөлінген 6 миллиард теңге жобаны 2,5 пайыздық үстеме ақымен қаржыландыруға бағытталған. – Аталған қаржыға 10 ауылдық округ белгіленді, округтер бойынша скрининг жұмыстары жүргізілді. Ұсынылып отырған округтерде 26 072 тұрғын тұрады, жалпы аула саны – 4 386. Жалпы сомасы 10,4 миллиард теңгеге 1 578 өтінім түсті, ол жоспардың 114,8 пайызын құрап отыр. Сомасы 5,8 миллиард теңгеге 1 148 өтінім төленді, – деді Нұрби Рахметханұлы. Биыл аталмыш жобаға 24 миллиард теңгеге 10 ауданнан 26 округ қаржыландыруға ұсынылып отыр. Бұл округтерде жалпы 72 893 адам тұрады, аула саны – 13 276. Алдын ала жасалған скрининг нәтижесінде 4 644 жоба қаржыландырылады. Орташа чек – 4 миллион теңге. Бүгінде сенімді агентті анықтау бойынша конкурс жарияланды.

Айжан ӨЗБЕКОВА