Жаңалықтар

Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру

Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру

Бүгінде мемлекеттің тұтастығын сақтап, ілгерілету үшін кез келген саладағы мәселелер назардан тыс қалмауы аса маңызды. Осы мақсаттағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалары мен тапсырмалары барлық саладағы мәселелердің шешімін ұсынып, нақты бағытталып жатқандығы көңіл қуантады. Әсіресе халық пен билік арасындағы алшақтықтан арылу мақсаты жедел дамуымыздың, бірлігіміздің кепілі. Қабылданған шешімдер мен тапсырмалардың себептері мен мақсаттары да ашық айтылды.

– Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бірге елімізде өткен Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы, Үкіметтің қайта жасақталуы сынды соңғы ауқымды саяси өзгерістер Президент тарапынан қабылданып жатқан реформаларға халықтың үміті зор екендігін дәлелдей түсті. Осы тұста халық пен биліктің біртұтастығы үшін ортақ мақсаттарға ұмтылудың маңыздылығы еселене түскендігін де аңғару қиын емес. Сол себепті Президенттің саяси реформалары мен тапсырмалары бүтін мемлекеттің, оның ішінде халықтың мүддесі үшін жасалып жатқанын түсіну әрі түсіндіруде әрбіріміздің мойнымызда жауапкершілік бар деп есептеймін «Отызда орда бұзар» демекші, тәуелсіз ел ретінде отыз жылды артқа тастаған мемлекетіміздің енді мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен өзгерістер енгізу арқылы жаңа белестерге қанат сермейтін уақыты келді. Сондықтан Мемлекет басшысы қабылдаған оң шешімдер азаматтардың, халықтың тарапынан үлкен қолдау тауып, жүзеге асыру жолында жұдырықтай жұмылуымыз бірлігіміз бен біртұтастығымызды бекемдей түспек! Бүгінде жаңашылдыққа бет бұрғанымыз әр салада айқын сезіледі. Оның ішінде мәдениет саласын сөз етсек, ұлт ұрпағына пайдасы тиер айтулы істер жүзеге асырылуда. Мәселен, тиісті министрлік арқылы мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру арқылы балалар мен жасөспірімдердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар беріліп, бүгінде ол сәтімен жүзеге асырылуда. Бала – біздің болашағымыз. Олардың шығармашылық және спорттық әлеуетін арттыруға қазірден бастап күш салу болашаққа салған инвестиция десе де болады. Президенттің тапсырмасымен 2021 жылдың 1 мамырынан бастап елімізде мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында балаларды тегін үйірмелермен қамту басталып кетті. Қазіргі таңда облыста 5 мыңнан астам бала шығармашылық үйірменің 42 түрімен қамтамасыз етілген. 44 өнім берушінің 261 өтінімі мақұлданып, балалар мен жасөспірімдердің тегін үйірмелерге қатысуына мүмкіндік берілуде. 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді мемлекеттік шығармашылық тапсырыс арқылы үйірмелермен қамтуды жүзеге асыру үшін бірыңғай «artsport.edu.kz» ақпараттық жүйесі іске қосылған. Бұл бастама ұлт ұрпағының саналы болып қалыптасуына сеп болып, саланың өркендеуіне жол ашуда.

Ерлан ЖҮНІСБАЙ облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы