Көңілге жылулық сыйлаған жылыжай
Көңілге жылулық сыйлаған жылыжай
Отбасылық кәсіп
Жақында Ақтөбе ауылдық округіне арнаған іссапарымызда Бәйтерек ауылындағы екі жылыжайға ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Бірінші барған жылыжайымыздың иесі Ермекбай Шынтаевтың бұл кәсіппен айналысқанына үш жыл болыпты. Диқаншы ағаның тәжірибесі көрініп тұр. Жаңа еккен тәтті бұрыштарының кейбірі жеміс салып тұр.
Ермекбай аға жылыжайын өз қаржысына салыпты. Жұмысты бастағанда құрылысына шамамен бір миллион теңге жұмсаған. Жылыжайының көлемі үш сотық екен. Жылыжайдың жұмысымен танысу үшін ішке кірдік. Іші қазірдің өзінде ыстық. Қимылдап тірлік істемей-ақ, қарап тұрып қара терге малынасың. Наурыз айының 20-сынан кейін отырғызған көшеттері әжептәуір бой көтеріп, гүлдеп, алды жеміс салып қалыпты. – Тәтті бұрыштың биыл жаңа «Лото» деген сортын ектік. Шымкенттіктер былтыр сынақтан өткізіпті. Жақсы жеміс берген екен. Ал жеріміздің жартысына қияр ектік. Егілген көкөністер тамшылатып суғарылады. Суды құдықтан алып, бөшкелерге құйып қоямыз. Жылыған соң барып суғарамыз. Жылыжайдағы көкөністер өте нәзік келеді. Сондықтан күтімді де ерекше қажет етеді. Жылыжай – отбасылық кәсібіміз. Мұнда бала-шағамызбен наурыз айынан бастап қара күзге дейін жұмыс істейміз. Тәтті бұрышты бір маусымда бір рет егеміз. Әрі қарай күтіп-баптау арқылы үзбей жемісін аламыз. Ал қиярды екі рет егеміз. Жазда көктемде еккен қиярымыз таусылып, қайта отырғызамыз. Ол қазан айының соңына дейін өнім береді. Қиярдың көшетін алдын ала стақанға отырғызып, өсіріп дайындап аламыз. Жылыжайда егілетін көкөністердің сорты басқаша болады. Жылыжайда жеті-сегіз жылда бір рет топырағын ауыстырып тұрамыз. Жыл сайын топырақ құнарлы болуы үшін үш-төрт жылдық қойдың қиын топыраққа себеміз. Сонымен қоса тамыры, жапырақтары арқылы нәрлендіру, өсімдік ауруларының алдын алу үшін түрлі тыңайтқыштар, дәрі-дәрмектер береміз. Оның үстіне жылыжайдың іші ыстық болғандықтан мұнда зиянкестер де көп болады. Жылыжайда еңбек ету оңай емес, жазда дала ыстық болса, мұның іші тіптен ыстық. Сондықтан таңертең сағат алтыдан тоғызға дейін, сосын кешкі уақытта ғана кіріп жұмыс істей аламыз. Басқа уақытта мұнда кіру мүмкін емес. Әрине, жұмысы көп. Бірақ табысы да жаман емес, – дейді Ермекбай аға. Диқаншы алдымен Шымкентте жылыжайда бір жылдай еңбек етіпті. Еңбек ете жүріп кәсіптің қыр-сырын үйреніп, өзі ашуға бел байлаған. Ермекбай ағаның алты бала-шағасы бар. Алдыңғы ұл-қызы отбасын құрған. Кейінгілері студент, оқушы. Отбасылық кәсіпке үйдегі отбасы мүшелері жұмыла үлес қосуда.
«Атқарушы биліктен қолдау болса...»
Екінші бір жылыжайдың иесі – осы ауылдың имамы Баһадүр Әристанов. Баһадүр Жаппарқұлұлы бұл кәсіппен былтырдан бастап айналысып келеді. Жылыжай салынған жердің көлемі – алты сотық. – Жылыжайды салуыма 1,5 миллиондай қаржы жұмсадым. Былтыр алғаш рет қияр ектім. Жақсы өнім алдым. Жинаған өнімдерімізді аудан орталығындағы кәсіпкерлерге саттық. Ауылдағы жылыжай егетін азамат екеуміз жақсы байланыстамыз. Бір-бірімізден білмегенімізді сұрап, тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз. Биыл қатты желден жылыжайдың целлофандары жыртылып, бәрін қайта қаптап шықтым. Сондықтан көшет отырғызуда сәл кешігіп қалдым. Бірақ Шымкентте көшеттерім дайын. Қиярлар арнайы шланг арқылы тамшылатып суғарылады. Суды жылытуға бір тонналық бөшке қойылған. Ол аздық етеді екен. Енді екі тонналық бөшке қоюды жоспарлап отырмыз. Былтыр құдықтың суымен суғарып, бір-екі рет ауыртып алдым. Сондықтан әрі қарай ағын сумен суғардым. Жылыжайда көктем, жаз, күз айларында ғана жұмыс істейміз. Қыс бойы жұмыс істеу үшін ішіне жылу жүйесін жүргізу керек. Ол үшін қомақты қаржы керек. Былтыр көпбалалы отбасы ретінде Үкіметтен қайтарымсыз грант алып, жылу жүргізсем деп құжаттарымды жинап едім, нәтиже болмады. Осы мәселеме тиісті мекемелерден қолдау болып, грантқа қол жеткізсек, отбасымызға үлкен көмек болар еді. Әйелім ауылда қоғамдық жұмыста. Үлкеніміз Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқиды. Төртеуі мектепте оқушы, кенжеміз кішкентай. Үйіміз ескі. Сондықтан балалар өсіп келе жатыр, үлкен үй соқсақ деп іргетасын да қалап қойдық. Аздаған малымыз бар. Жаз бойы еңбек етіп, үйімізді жаймен бітіріп алсақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді Баһадүр Жаппарқұлұлы. Баһадүр аға сонымен бірге көшет өсіріп, сатумен де айналысады екен. Шағын ғана жерге қызанақ, қияр, қырыққабат, тәтті, ащы бұрыш, баклажанның дәндерін отырғызыпты. Өскен көшеттерді ауыл тұрғындарына сатамын дейді. Еңбекқор жанның тірлігіне сүйсіндік. Ауылда жұмыс істеймін деген жанға жұмыс көп. Тек көзін тауып, еңбектену керек. Баһадүрдей еңбекқор әрі көпбалалы отбасыға жергілікті билік пен кәсіперлік палатасынан, басқа да тиісті мекемелерден қолдау болса, жолын көрсетіп, демеп жіберсе. Диқаншының өтінішін тиісті мекеме басшылары ескереді деген ойдамыз. Екі жылыжайдың да жағдайын көзбен көрдік. Бірі темір құбырлармен, бірі ағашпен салынған. Барлығы қолмен құрастырылған. Әрине, Шымкенттегідей соңғы үлгіде, шетелдік қондырғылармен жабдықталған заманауи, әлеуетті жылыжайлармен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Онда жұмыс едәуір жеңіл. Ал біздегі жылыжайлардағы жұмыс ауыр. Әр нәрсе тек қолмен жасалады. Біздің жуалылық диқаншылардың да алдағы мақсаты – заманауи жылыжайларға қол жеткізу. Алла еңбектерін жандырып, мақсаттарына жетуіне тілектеспіз. Жуалылық диқаншыларымыз талай биіктерді бағындыратындарына сенімдіміз.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, Жуалы ауданы