Энергетика саласына инвестиция қажет
Энергетика саласына инвестиция қажет
Оның ішінде өз өңірімізде де баламалы қуат көзін өндіру бағытында нақты жоспарлар жасалған. Дегенмен мұндай өрелі істердің жүзеге асырылуы әркез пысықтауды қажет ететін мәселе. Осыған орай облыстық әкімдікте аймақ басшысы Н.Нұржігітовтің төрағалығымен «Облыстағы жаңартылған энергия көздері» тақырыбында кеңес өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жаңартылған энергия көздерінің бірі – күн, жел, су энергиясы туралы сөз қозғалып, жиынға инвесторлар да қатысты. Облыс әкімінің айтуынша, облыста жалпы қуаттылығы 451,3 МВт құрайтын 21 нысан жаңартылатын қуат көздерін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруде. Бұл республикада орнатылған қуаттың 20 пайызын құрайды. – Атап айтсақ, 6 су электр стансасының қуаты – 24,4 МВт, 9 жел электр стансасының қуаты – 175,65 МВт, 6 күн электр стансасы қуаты 251,25 МВт құрайды. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан облысымыз алдыңғы қатарда. Десе де инвесторларды тарту арқылы облыста баламалы энергия өндіру көздерін көбейтуді жалғастыра беруіміз керек, – деді Нұржан Молдиярұлы. Кеңес барысында «SK Water Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сергей Громов облыста нақты келісімге қол жеткізілсе, баламалы қуат көзін өндіруде инвестор ретінде өз жұмысын бастайтынын жеткізді. Былтыр жаңартылатын энергия көздері бойынша өңірде 4 жоба іске асырылған. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында – 1 күн, Талас ауданындағы 3 жел электр стансасы пайдалануға берілген. Алдағы уақытта осы бағыттағы ауқымды істер жалғасын таппақ.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА