Тұтынушылар құқығы қорғалады
Тұтынушылар құқығы қорғалады
Тұтынушының құқығын мұндайда кім қорғайды? Кейбір тұрғындар тұтынған тауарларының бағасына мән бермей-ақ ақысын төлеп, асығыс кете береді. Ал тұрмыс жағдайына қарай қалтасындағы қаражатын шамалап, үнемдеуге тырысатындар тауар бағасына жіті мән береді. Тұрғылықты жеріне жақын дүкендерді салыстырып, азық-түлік сатылымы арзанына тұрақтайды. Шағын дүкен иелері дүкендегі тауарына тұрақты баға қоймайды. Сатушылар да кейде ойына келген бағаны айта салады. Кейбір шағын дүкендерде сөреде басқа баға жазылып тұрса, есеп айырысарда бөлек бағамен есептейді. Мұны байқап қалып, мәнісін сұрасаң, «ол ескі баға» деп міз бақпай тұратынын қайтерсің?! Бұл жағдайды ел де айтып, көзіміз де көріп жүр. Қарапайым нанның өзінен екі-үш есе үстеме пайда көруге тырысатындар да бар. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, халықтың қалтасын қағу арқылы баюды ойлаған кәсіпкерлерге тоқтам бар ма? Олардың тауарды тым қымбатқа сатуына зерделеу, қатаң бақылау жұмысын кім жүргізеді? Міне, осындай сауалға жауап таппай жүрген тұрғындар баршылық. – «Шалғай Қарасу» шағынауданында «Айсұлу апа», «Ақниет», «Береке» деген дүкендер бар. Үйімізге жақын болғандықтан күнделікті нан, айран-сүтімізді аталған дүкендерден алып тұрамыз. Бірақ үшеуінде де азық-түлік бағасы бірдей емес. Тұрақты түрде тұтынатын заттарымыз болғандықтан сол дүкендердің сатылым бағасына баса мән береміз. 5-10 теңге қымбат сататындардан бірден бас тартып, одан арзан бағада сауда жасайтындарға жүгінеміз. Қазір тұрақты түрде «Айсұлу апа» дүкенінен күнделікті керекті заттарымызды алып тұрамыз. Ол дүкеннің иелері тауарды қымбат бағада ұсынбайды. Ал онсыз да қымбатшылық қыспаққа алған мына заманда азық-түлік бағасын асыра айтатын кәсіпкерлерге тыйым салу қажет. Жалақымызды алғанда біршама уақытқа жететін азық-түлікті «Ауыл-Береке» базарынан, немесе әлеуметтік дүкеннен аламыз. Бағалары тиімді әрі көп көлемде алғандықтан өзімізге арзанға түседі. Күн сайын базар мен көтерме бағамен сауда жасайтын дүкенге баруға уақыт жоқ. Сондықтан жақын маңдағы дүкендерге өзіміз немесе балаларды жүгіртіп жібереміз. Кейде бала-шаға үйге жақын болған соң таяу маңдағы дүкеннің біріне кіре салады. Сондағы сатып алған ұсақ-түйек заттардың бағасына көңіл аударсақ, әжептәуір үстеме қосып жібергенін байқаймыз. Бір елді мекендегі осы үш дүкеннің сауда-саттығы әртүлі. Ал облыс бойынша қаншама сауда орындары бар. Солардың ішінде қымбатына ұрынып жатқан елдің жағдайы не болмақ? Майда-шүйде, ұсақ-түйекпен білінбей кететін қымбат сатылымдар халық қалтасына ауыр тиіп жатқаны анық. Сонымен қатар «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Aigul Isaeva» деп ашылған парақшамда мына бір бейнежазба сақтаулы тұр. «Қайқармет» сауда орталығына қарама-қарсы бетте орналасақан «Дәмді себет» дүкендер желісінің ішінде нан сөрелерінде таракандар қаптап жүр. Тіпті нанның ішінде жыбырлап жүргені де байқалады. Бірден сол көріністі смартфонымның бейнекамерасына түсіріп алып, «Facebook»-тегі парақшам арқылы қала әкімдігінің назарына жолдадым. Тазалықтан жұрдай «Дәмді себет» дүкендер желісінің бұл жауапсыздығына заңды шара қолдануды өтінген едім. Әкімдік өкілдері кері байланысқа шыққанымен кәсіпкерге нақты қандай шара қолданылғаны туралы айтпады, – дейді Айгүл Исаева. Жуалы ауданының тұрғыны Ербол Бекжанов бір дүкеннен алған затын басқасына ауыстыра алмай әуреге түскенін айтады. Ол «Дәмді себет» дүкендер желісінен үлкен мөлшердегі бірреттік жаялық сатып алады. Дүкен әкімшісіне асығып жүріп байқамай қалғанын айтып, одан кішісін ауыстырып алуды сұраса да өтініші орындалмаған. – Үлкен өлшемдегі бірреттік жаялық алғанымды үйге барар жолда аңғардым. Сөйтсек, әлгі дүкенде балаларға арналған тауарлар кері қайтарылмайды, басқасына ауыстырылмайды екен. Ашылмаған, киілмеген. Түбіртегі қолымызда тұр. Сонда да ауыстырмай қойды. «Кінә өздеріңнен» деп шығарып салды. Шатасудың соңы екі шығынға ұшырап, қажетті мөлшердегі жаялықты сатып алуыма тура келді. 2-3 мың теңгенің тауары болса, «ауыстырып бер» деп өтінбес едік. Бақандай 12 мың тұратын зат қой. Сөйтіп, қалтамнан жаялық үшін бас-аяғы 24 мың теңге шығын шықты. Аталмыш дүкендер желісінің саудасы халықтың арқасында жүріп жатыр емес пе?! Неге елге қолайлы жағдайлар қарастырылмайды? Олардың үстінен бақылайтын құзырлы орган бар ма екен? – дейді ол. Осы орайда біз ҚР Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне хабарластық. Мақсат – жоғарыда айтылған арыз-шағымдарға қатысты сұрақтарға жауап алу. – Шағын дүкендерге біздің департаменттің мамандары аптасына екі рет мониторинг жүргізеді. Мұндай жағдайда шағын дүкендерде заңсыздық анықталса, әрине, шара қолданылады. Әрбір тұтынушы біздің мекемеге келіп, арыз-шағымын айтуына құқылы. Департамент тарапынан олардың құқықтары міндетті түрде қорғалады. «Дәмді себет» дүкендер желісіне келер болсақ, сатып алынған затты ауыстырып беруге міндетті. Бір тұтынушы осындай мәселемен арызданған еді. Оның арызы бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіліп, сол дүкендер желісіне ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылған болатын. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30-бабында барлығы да атап көрестілген. Ауыстырылмайтын тауарлардың тізіміне балалар жаялығы кірмейді. Сатушы міндетті түрде ауыстырып беруі керек, – дейді аталған департамент басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаев.
Нұржан Әліш