Тараздық жас полицей «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды
Тараздық жас полицей «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды
Полиция қызметкеріне ведомстволық награданы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев тапсырды. Ермек Жамбылұлы Қайрат Тұрлыбаевқа балалардың тірі қалуына себеп болған батыл және табанды әрекеті үшін алғыс білдірді. Естеріңізге сала кетсек, оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. Сол күні кәмелетке толмағандар жөніндегі полиция инспекторы әдеттегідей жұмысқа бара жатқан еді. Саңырақ батыр көшесімен каналдың жанынан өтіп бара жатып, көліктің терезесінен балалардың көмек сұрап айқайлағанын естиді. Көп ойланбастан Қайрат көліктен шыға сала каналға қарай жүгірді. Жақынырақ келсе, шамамен 9-10 жастағы екі ұл баланың мұзға белден батып, тек екі қолымен ғана жарылған мұздың шетінен ұстап тұрғанын көреді. Жас полицей шұғыл шешім шығарады. Суға қойып кеткен ол балаларды бірінен соң бірін шығарып, үйіне ата-анасына апарды. – Сол сәтте мен бір ғана нәрсені ойладым. Ең бастысы – балаларды тез арада құтқару. Өйткені су өте суық болды. Мен мұны ерлік деп санамаймын. Себебі азаматтарға көмек көрсету – біздің тікелей міндетіміз. Менің орнымда болған әрбір азамат осындай әрекетке барар еді деп ойлаймын, – дейді полиция лейтенанты Қ.Тұрлыбаев.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі