Қоғам

ЗЕРДЕМІЗДЕГІ ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАР

ЗЕРДЕМІЗДЕГІ ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАР

Біз әшекейіне қарап ару таңдаған халықтың ұлдарымыз. Сондықтан да қазақтың жігіттері сүйгеніне сүйектен тарақ ұсынып, өзінің шеберлігін көрсеткісі келіп тұрады. Ал қыздары күміс салынған суға бетін жуып, алтын қасықпен ас ішкендіктен де Құдай оларға басқа халықта жоқ сұлулық пен сұңғылалықты қатар берген шығар.

Оның үстіне біз қыз баланы қымызбен шомылдырып, жуған шашына күміс шолпы төгілдіріп тағып қоятын халықпыз. Өйткені біз өсіп келе жатқан бүлдіршіндер мен бойжеткендердің бойына тұмар тағып, мойнына алқа салғанды ұнатамыз. Табиғаттың талы жапырақтарын қалай тағынса, біз де өрімдей қыздарымызға күмістен солай шашбау тағамыз. Онымыз талдай түзу өссін, сұлу болсын дегеніміз. Қараңызшы, қыз баланы бұдан артық қандай да бір нәзік те таза жолмен тәрбиелеуге бола ма, шіркін?! Содан болар, біз әшекей бұйым жасайтын зергершілерді «Ер қадірін ерлер, зер қадірін зергер біледі» деп құрметтейміз. Сондықтан да қазақ бармағынан бал тамған шеберлерді «Ақ ұста» деп атаған. Сол ақ ұсталардың қолынан шыққан, қыз балалар мен жалпы әйел заты әрлену үшін тағатын әшекей бұйымдардың да түр-түрі бар. Оның ішінде қазақтың жанына жақын металл да күміс сияқты. Өйткені ұлтымыздың бітім болмысының өзі де күміс сияқты салмақты, алтын сияқты ардақты ғой. Ертедегі ел басқарған адамдар саусағына баданадай сақина тағып алатын болған екен. Онысы жаугершілік заманда алдына құйған аста удың бар-жоғын тексеруге көмектескен деседі. Былай қарап тұрсаңыз, бір ғана сақинаның өзінде бір тарихтың сыры жатқан жоқ па?! Бұл саусаққа тағатын әшекей бұйымның сақина деп аталуының да сыры сақ дәуірінде жатса керек. Ал сақинаны адамдар палеолит дәуірінде сүйектен, неолитте тастан, қола дәуірінде металдан жасаған. Кейіннен мұндай әшекей бұйымдарға күміс, алтын сияқты құнды маталдар пайдаланылатын болды. Әрі әр әшекейдің өзінің беретін мағынасы болған. Мысалы, қазақта қыз бала ұзатылар кезде оған анасы арнайы жасатқан күміс жүзігін сыйлайтын болған. Ал оны ұзатылған қыз келген жердегі енесі шешесіндей болып қарар болса, соған сыйлайтын болған. Қонаққа келіп көрген қыздың өз шешесі қызының енесінің жайлы, жайсыздығын содан бағамдап біле беретін болған. Әшекейдің бұл түрін қазақ «құдағи жүзік» деп атайтыны да сондықтан. Сондай-ақ қазақта жүзіктің құстұмсық жүзік, отау жүзік деген сияқты атаулары мен түрлері бар. Ал енді жүзіктен бөлек халқымыздың аса назар аударатын тағы бір әшекейі – сырға. Баласын атастырып, оның қалыңдығының құлағына сырға тағатын да біздің халық. Тіпті көшпелі қазақ өмірінде үйге келген қонақ керегенің басында немесе бақан басында ілініп тұрған сырғаға қарап, ол үйдің әлі атастырылмаған, басы бос бойжеткен қызы бар екенін айтқызбай-ақ аңғаратын болған. Қарап тұрсаңыз, білген адамға сырғаның да сыры көп. Және түрі де көп. Мысалы, ол жасалуына қарай қозалы сырға, сирақты сырға, салпыншақты сырға, жұмыр сырға, төбе сырға, сабақты сырға, үш буынды сырға, тамшылы сырға деген сияқты бірнеше атаулар мен түрлерге бөлінеді. Сонымен қатар айшықты, тұмар қозалы, тас алтын, күмісті, қоңыраулы, күмбезді және дүмбір сырға, жақұт сырға, жез сырға, жұлдыз сырға, зер сырға, лағыл сырға, маржан сырға, тамшылы сырға, шұжық сырға деген де түрлері болған. Арудың ажарын ашып, көркін кіргізетін тағы бір әшекей шекелік болып есептеледі. Бұл қазіргі кезде де қыздардың қолданып жүрген әшекейі. Ал енді әйел қауымының күнделікті тағып жүретін әшекейінің тағы бір түрі – білезік. Яғни білекке тағатын жүзік деген мағынада келеді. Ертеден жеткен ескі аңыздың бірінде білезік тағу үрдісі Хауа анамыздан бері қарай жалғасып келе жатқаны баяндалады. Ол да өз ішінен сом білезік, жұмыр білезік, сағат білезік, құйма білезік, топсалы білезік, бес білезік деген сияқты түрлерге бөлінеді. Оны жасаған шеберлер асыл тастардан көз орнатып, бәдіз қондырып, бетіне «ирек», «мүйіз», «құс қанаты», «бөрі құлақ» сияқты күрделі өрнектер салатын болған. Қазақ ұлын сөзбен, қызын көзбен басқарған ел екенінің тағы бір айғағы ретінде шолпыны алуға болады. Бойжетіп отырған қыз балаға қоңырауын немесе сылдырмақтарын көп қылып, арнайы шолпы тағып қоятын болған. Біріншіден, бұл қыз баланың көркемдігін асырса, екіншіден, үй ішінде отырған кісілер сырттан шолпының сыңғырын естісе қыз бала келе жатқанын топшылап, бірден айтып отырған орынсыз әзіл-қалжыңдарын доғаратын болған. Бұл тәрбиенің бастауының негізі болса, екінші жағынан, қыз баланың жүрісін түзеп, олардың қаншалықты ептілігін бірден байқататын болған. Сонымен қатар қыз баланың кеудесіне тағатын өңіржиек, шашын жасыру үшін тағатын шашбау сияқты әшекейлерін де атауға болады. Алайда қазақ әшекей бұйымдарды тек қана сәндік үшін тақпаған. Оның белгілі бір сенім құралы болғаны да шындық. Адамзат баласы сонау ерте неолит дәуірінің өзінде аңға, құсқа табынған. Сондықтан аңның терілерін, тістерін әшекей бұйым ретінде тағып, ол қорғайды деп сенген. Яғни әшекей заттардың магиялық қасиеті бар деп сенген. Бұл осы дәуірге дейін біздің қоғамда сақталып келе жатыр. Мысалы, қазақ тіл-көзден сақтану үшін ою-өрнегі үш бұрышты болып келетін тұмарша тағатын болған. Сонымен қатар күміс білезікті тағып жүрсе жайсыз түстерден шошып оянудан сақтайды деп сенген. Тіпті зергерлік бұйымдардың көмегімен түрлі сырқаттардан да емделуге болады деп сенген. Сол себепті қазақ әйелдері өздері босанып алғаннан кейін бойындағы кейбір әшекейлерін ырымдап құрбыларына сыйға беретін болған. Баланы қырқынан шығарғанда оны шомылдырған суға күміс бұйымдар салудың да арғы жағында осындай бір сенім жатыр. Ал әшекей бұйым жасатқанда көбіне оған тастан көз орнатады. Халқымыздың түсінігі бойынша, ақық тастар көз тиюден сақтайды, інжу көзге шыққан сүйелді, кәріптас асқазанды емдейді, ал маржан дуадан сақтайды деп сенген. Сондай-ақ түсінде маржан, інжу тауып алса, үйге ырыс-береке келеді деп сенген. Ал енді әйел адамның бойындағы әшекейлері екі түрлі жағдайда шешілген. Бірі босану кезінде, екіншісі күйеуі қайтыс болып, аза тұтқан кезінде. Мұндай жағдайда ол келесі өмірін бастағанға дейін қайта тақпаған. Не басқа жаққа қоныс аударғанда немесе қайта тұрмысқа шыққанда ғана қайта тағатын болған. Сондай-ақ қазақта «Бет моншағың төгіліп қала ма?» деген сөз бар. Осындағы қолданылып тұрған бетмоншақ қыз баланың сәукелесіне қадап қоятын бірнеше қатардан тұратын моншақ. Оны қыз әкесі өзінің дәулетіне сай етіп барынша салбыратып жасайтын болған. Ал жол жүргенде, ұзатылғанда қыз бала сол бетмоншағын үзіп немесе түсіріп алмауы керек. егер үзіліп кетсе, онда ол төгілетін болған. Оған арнайы беліне қалта орап тігіп алып, үзілгендерін соған салып отырған. Оны үзіп алу осалдықтың, іске деген ебедейсіздіктің белгісі болып саналған. Бұл – қыз үшін сын. Сондықтан қазақ жастарды «бет моншағы үзілмеген» деп суреттеген. Ал енді қазіргі заманда кей қыздардың ернін, мұрнын тестіріп, маржан тағып алатынын да көзіміз шалып жүр. Бұл да ежелгі қазақ қоғамында бар үрдіс. Оны қазақ «әребек» немесе «зере» деп атаған. Бұл әшекей бұйымды іші қуыс жеңіл қозалармен жасаған. Мұрынға өткізетін күміс сымның ұшын тиектеп жасайтын болған. Қазіргі кезде еліміздегі қыз-келіншектер көбінде «Taira Diamonds», «Roberto Bravo», «Русский ювелир», «Магия золото» секілді шетелдік брендтерді тағуда. Енді өзіміздің зергерлік өнерімізді де жандандыратын кез келді. Егер еліміздің неше мың жылдық өнері болған зергерлік өнерін қайта жандандырсақ, онда бүкіл әлемді біздің брендтер жаулайтын еді. Онсыз да қазақтың балдақ оюын «Versace» маркаларына салу арқылы шетелдіктер қалтасын қампайтып отырған жоқ па?! Шапағат ӘБДІР